Запастағы 463 әскери қызметші тұрғын үй берілді
Запастағы 463 әскери қызметші тұрғын үймен қамтылды, деп хабарлайды El.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Заң аясында еңбек өтілі 10-нан асқан, алайда 20 жылға жетпеген, яғни денсаулық жағдайына, қысқаруына және мерзімді жасқа келуіне байланысты әскери қызметтен босатылған әскери зейнеткерлер жабық әскери қалашықтағы қызметтік үй-жайларын Қазақстан өңірлеріндегі тұрғын үйге айырбастау құқығын пайдалана алады.
Ведомство мәліметінше, Қарулы күштерде осы санатта 742 адам болған, бүгінгі таңда олардың 463-і баспанасын ауыстырды. Қалған 279 әскери зейнеткерлермен жұмыс әлі де жалғасады. Қазіргі уақытта 23 адам Алматы қаласының 79 разъезінде салынып жатқан "Рона" тұрғын үй кешені құрылысының аяқталуын күтіп отыр.
Сондай-ақ, әскери полиция өкілдерінің қатысуымен тұрғын үй қорына тексеру жүргізіліп жатыр. Заңсыз тұратын адамдар анықталса, запасқа шығарылған әскери қызметшілер арасында қайта бөлу үшін тұрғын үй-жайларды босату шаралары қолданылады.
Әскери зейнеткерлердің қалған бөлігін 2025 жылдың соңына дейін тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған.