Жаңалықтар

Заңгер: Шетелдікке күйеуге шыққан қазақ қызына салық салу заңсыз

Заңгер: Шетелдікке күйеуге шыққан қазақ қызына салық салу заңсыз
Фото: Pixabay.com 12.04.2023 17:00 2107

Мәжіліс депутаты Қарақат Әбденнің Үкімет отырысында айтқан шетелдіктерге тұрмысқа шыққан қазақ қызына салық салу туралы бастамасы қоғамда үлкен резонанс тудырды.

Депутат мұндай бастама көтеру үшін зерттеу жасап, Конституцияда қайшылық бар-жоғын анықтап, заңгермен кеңесті ме екен? Әлде қоғам назарын аударатын тақырып болғаны үшін ғана ұсынды ма? Бұл сауалдардың жауабын білу үшін Қарақат Әбденнің өзіне де, көмекшісіне де хабарластық. Алайда еш жауап болмады.

Депутаттың мұндай бастамасына қатысты заңгерлер мен қала тұрғындарының да пікірін сұрадық.

Бұл біздің заңнамаға да, ұлттық менталитетімізге де сай келмейді. Өзім қарсымын. Себебі Конституцияда әйел, не ерлерге қатысты жекелеген шектеу жоқ. Жалпы бұл ұсыныс заңымыздың негізіне қайшы келеді. Меніңше, мұндай заңды қабылдау мүмкін емес, - деді заңгер, Мәжіліс депутаты Абзал Құспан.

Заңгер: Шетелдікке күйеуге шыққан қазақ қызына салық салу заңсыз

Қазақстанда қабылданатын заңдардың Конституцияға сәйкестігін алдын ала текеретін Конституциялық Сот бар. Ол жерге хабарласқанымызда мұндай ұсыныс қабылданып, заң шығару деңгейіне жеткеннен кейін ғана қаралатынын айтты.

Ал блогер Тимур Бектұр салық салу мәселенің шешімі емес екенін айтады.

Егер бір қарындасымыз шетелдік азаматқа тұрмысқа шығып, сол елдің азаматтығын алса, шетел азаматына қалай салық салмақшы? Біздің биліктегілер кез келген мәселені шешудің екі жолы ғана бар деп біледі. Ол салық салу және айыппұл салу. Басқаша ойлауды әлі үйрене алмай келеді, - дейді ол.

Заңгер: Шетелдікке күйеуге шыққан қазақ қызына салық салу заңсыз

Қоғам арасында депутаттың бұл бастамасын қолдайтындар да бар. Құрманжан Жұмабай есімді қала тұрғыны бұл талап орындалатын болса ұлтымыздың болашағы үшін өте дұрыс шешім болар еді деп санайды. Өз ұлтынан жеріп жүргендердің көбейіп бара жатқанын, жаһанданудың мәні ұлттық құндылықты мансұқтау емес екенін түсінбей жүргенімізді айтады.

Ал нәзік жандылардың пікірлері әр түрлі. Бірі «қан бұзылған соң қазақ болып қала алмаймыз» десе, бірі «әр адамның өз еркіндігі болу керек» деген пікірде.

Алтынбек Жанаяпов есімді азамат «Түркімендер өз елінің қызын алғандарға ұлттық генефондына келтірген зияны үшін 40 000 АҚШ доллары көлемінде қаржы төлетеді. Біздің елде де Қарақат Әбден дұрыс мәселе көтерді. Депутаттар осындай ұлттық мүддені қолдау керек», - десе, Қарақат Әбденнің бастамасына қарсы петиция жариялап, депутаттық мандатынан айыруды ұсынған Дина Таңсәрі Қазақстанда арқа сүйер азаматтардың азайып бара жатқанын айтады.

Қазақтың қыздары шетелдік азаматтарға кетпеуі үшін ер азаматтар не істеді? Қазір жалғызбасты аналардың саны 400 мыңнан асады. Оларға алимент те дұрыс төленбейді. 1 миллиард 800 миллион теңге алимент төленбеген. Арқа сүйер азаматтардың жоқтығынан әйелдер күндіз-түні жұмыс істеп жүр. Ер адамдар отбасындағы қаржылық мәселелерді шеше алмайды, бірақ әйелдің үні шықпағанын қалайды,- дейді Дина Таңсәрі.

Заңгер: Шетелдікке күйеуге шыққан қазақ қызына салық салу заңсыз

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға