Занғар Нұрланұлы «Үлкен дулыға» турниріндегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді

Мельбурнде жасөспірімдер арасындағы Australian Open турнирі басталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстандық Занғар Нұрланұлы, әлемдік жасөспірімдер рейтингінде 39-орында тұрған, турнир ұйымдастырушыларынан wild card алған австралиялық Николас Бейкерді алғашқы айналымда 6:2, 3:6, 6:3 есебімен жеңді.
Айта кетерлігі, Занғар өз мансабында австралиялық ойыншылардан әлі жеңіліп көрмеген. 2023 жылы Juniors Davis Cup іріктеу кезеңінде Нұрланұлы Макфадзенді 5:7, 6:3, 6:1 есебімен жеңсе, 2024 жылы дәл осы турнирдің іріктеуінде аңызға айналған Лейтон Хьюиттің ұлы Крузды 6:1, 6:0 есебімен тізе бүктірген еді.
Екінші айналымда қазақстандық жасөспірім ITF Juniors рейтингінде 21-орында тұрған болгарлық Александр Васильевпен кездеседі.
Ертең турнирде әлемдік жасөспірімдер рейтингінің төртінші ракеткасы, Juniors Australian Open турнирінің екінші нөмірлі ойыншысы Әмір Омарханов алғашқы кездесуін өткізеді. Қазақстандық спортшыға 45-орында тұрған америкалық Матисс Фарзам қарсылас болмақ.
