Жаңалықтар

«Заң мен Тәртіп»: Бірінші тоқсанда қылмыстар саны 13 пайызға азайды - министр

«Заң мен Тәртіп»: Бірінші тоқсанда қылмыстар саны 13 пайызға азайды - министр
Фото: Ішкі істер министрлігі 08.04.2025 13:01 419

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов министрліктің алқа отырысында 2025 жылдың алғашқы тоқсанын қорытындылады, деп хабарлайды

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қоғамда «Заң мен Тәртіп» қағидатын нығайтуды жалғастырудамыз. 2025 жыл ІІО-да профилактика жылы болып жарияланды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде қылмыстар саны 13%-ға азайды, оның ішінде кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, ұрлық, тонау, қарақшылық және бұзақылықтың саны төмендеді. Қоғамдық орындарда және көшелерде жасалған құқық бұзушылықтар азайды, - дейді министр.

Үш айда республика бойынша 69 есірткі зертханасы жойылды. 18 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді. Үш тоннадан астам есірткі заттары тәркіленді.

Мал ұрлығына қарсы іс-қимыл - ведомствоның негізгі міндеттерінің бірі. Қылмыстың осы түрінің алдын алуға және жолын кесуге бағытталған кешенді шаралар қабылдануда. Соңғы бес жылда Қазақстанда мал ұрлығының саны тұрақты түрде төмендеп келеді, оның ішінде жыл басынан бері 26%-ға азайды, - дейді Ержан Сәденов.

Дегенмен ол ерекше назар аударуды қажет ететін бағыттар да бар екенін айтты.

Анықталған интернет-алаяқтық фактілерінің өсуі тіркелді - 5,5 мыңнан астам дерек. Бұл полицияныңбелсенді аналитикалық және жедел жұмысының да нәтижесі. Қылмыстық схемаларда пайдаланылған 14 мың интернет-ресурс және 15 мыңнан астам банктік шот бұғатталды.Кейбір жасөспірімдердің себепсіз агрессия белгілері бар құқыққа қайшы әрекеттерін де бей-жай қалдыруға болмайды. Осыған байланысты жастармен жүргізілетін профилактикалық шараларды күшейтіп, білім беру мекемелерімен және ата-аналармен өзара тығыз іс-қимылды қолға алуды тапсырдым, - дейді ведомство басшысы.

Ержан Сәденов жол-көлік оқиғалары да алаңдаушылық тудырады деп отыр.

 Үш айда 6 мыңнан астам апат болған. Бұл ретте қаза тапқандардың саны 4%-ға төмендегенін атап кеткен жөн. Бірақ әрбір қаза – үзілген адам тағдыры, орны толмас жағдай. Негізгі себеп - жолдардағы тәртіптің төмендігі. Бұл мәселе шұғыл шараларды қажет етеді. Жол қозғалысына қатысушылардың тәртібі мен құқықтық санасын арттыруға бағытталған іс-шараларды жергілікті атқарушы органдар мен жұртшылықты белсенді тарта отырып, алдын алу жұмыстарын күшейту міндеті қойылды. Тек бірлесіп қана біз жағдайды өзгерте аламыз,- дейді ол.

Сондай-ақ өңірлік департамент басшыларына министр мынандай тапсырма берді:

  • Цифрлық технологиялар мен бейнебақылау мүмкіндіктерін белсенді пайдалану;
    Барлық аудандық бөліністерде жедел басқару орталықтарын құруды жалғастыру;
    Қылмыстарды, оның ішінде бұрын жасалғандарды ашу сапасын күшейту;
    Жеке құрам арасында заң мен тәртіпке ерекше назар аудару тапсырылды.
    Жүйелі жұмысты жалғастыратын боламыз.
    Мақсат - қылмысты азайтып, тәртіпті қамтамасыз ету және азаматтардың өздерін қауіпсіз сезінуі үшін жағдай жасау.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға