Перизат кәрімқұл

Заманауи өнер өкілдері. Олар кімдер?

Қазақстандық заманауи сурет өнеріндегі Сіз естімеген 5 есім
Өнер - "айна". Ол "айнадан" әр адам өзі қалаған нәрсені көреді. Біреуі суретшілердің туындыларын көріп, толғануы мүмкін. Екіншісі "мынау өнер болса, онда мен алты атамнан бері суретшімін" дер. Ал Сіз "айнадан" кімді көресіз? Назарларыңызға қазақстандық заманауи суретшілер жайлы материалымызды ұсынамыз. Бәлкім, сауалымызға жауап тауып та қаларсыз...
"Өнерде мәжбүрлеуге жол жоқ"
Сырлыбек Бекботаев - Қазақстандағы заманауи өнерді әлемдік көрмелерде насихаттап жүрген жас суретші. Оның жұмыстары Франция, Оңтүстік Корея, Гонконг, Ресей және Қырғызстан елдерінде өткен көрмелерде қойылған. Заманауи сурет өнерінің тілінде "еркін сөйлейтін" оның негізгі бағыты - фотоарт пен видеоарт, инсталляция мен перформанс. Сонымен қатар ол Қазақстандағы заманауи өнердің негізін қалаушылардың бірі болған "Қызыл трактор" тобының экс-мүшесі.
Заманауи өнер өкілдері. Олар кімдер?
сурет: Buro247.kz
Астана мен Алматыға оқуға түсе алмай, Шымкенттегі Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде білім алдым. Бірақ менің жолым болды деп ойлаймын. Өйткені бізге Виталий Арсентьевич Симаков тәлім берген еді. Ол кісі Молдақұл Нарымбетовпен бірге "Қызыл трактор" арт тобының негізін қалаған. Өте мықты теоретик. Көп ізденеді, композицияның құрылымына анализ жасайды. Осы мектептің арқасында біраз суретшілер өсті. Молдақұл Нарымбетов, Смайл Баялиев, Арыстанбек Шаубаев, Саид Атабековтер Виталий Симаковтың білімін мойындап, арт топты аяққа тұрғызуға біріге кіріскен.
Мен бұл топқа 2012 жылы қосылып, 2015 жылға дейін жұмыс жасадым. Сол кісілердің арқасында шыңдала түстім. Олар маған жол көрсетіп, қателерімді түзеп, сурет өнерінің "сахнасына" алып шықты. Заманауи өнерге қызығып, осы бағытқа келуіме сол кісілер тікелей әсер етті. Үлкен объектілерге, инсталляцияларға "Қызыл тракторға" келген кезде көштім.
"Үлкен мәлімет"
Қазақстанның түрлі өңірлерінде түсірілген 7 суреттен тұратын сериялық жұмыс

Мен сурет өнеріне қалай келдім? Ауылда өскен бала суретші мамандығынан қызық ештеңені білмеді деуге де болар. Қалаға келіп, біраз уақыт өткеннен кейін, суретшіден де қызықты мамандықтар бар екенін білдім. Мен жалғыз мысал емеспін, мен сияқтылар көп. Университетті тәмамдайтын жылы ауылға барғанымда мен кеткелі ештеңе өзгермегенін көрдім. Сол баяғы мен оқыған кезгі әңгіме, әзіл-қалжың. Оқушылардың ой қорытуы, түсінігі мен білім деңгейі де бәз баяғыдай. Прогресс жоқ. Ол кезде интернет ауылға жете қоймаған еді. Егер олар теледидардан өздеріне қызықты мәліметті ала алса, ой-өрістері де өзгеше болар ма еді?! Бұл жұмыс менің сол кездегі жанайқайым, дұрыс ақпарат бермейтіндерге деген қарсылығым болатын. Себебі ауылға барсаңыз, теледидарда көргеніңізге кереғар басқа әлемді көресіз.
Ауыл адамдары "ВВС" сияқты сапалы ақпарат көзіне іздеу салады. Неге "ВВС"? Ол - танымал. Ол жерде шындық бар. Бірақ сауаты жетпегеннен олар ВВС-дің өзін қате жазады. Осылайша "С" әріпі Орталық Азия мен мұсылман елдерін білдіретін жарты Айға айналып кетеді. Ауылдардың жағдайы - осы өңірлердегі басты проблемалардың бірі.
Менің туындыларыма арқау болған қоғамда болып жатқан мәселелер. Мысалы, "Қырғыз асуы" инсталляциясына негіз болған - миграция проблемасы. Бұл проблема тек Қырғызстанға емес, дамушы елдердің көбіне тән. Бірақ Қырғыз елінде ол қатты байқалады. Ол жаққа барған сайын ер-азаматтардың аздығын байқайтынмын. Көз алдыма отбасын асырау үшін, жақсы өмір іздеп, таудан асып бара жатқан ер-азаматтар елестеді.
"Қырғыз асуы"
Заманауи өнер өкілдері. Олар кімдер?
"Дала әуені", Syrlybek Bekbotayev
Мен үшін өнер - өмір сүру заңдылығы. Әр өнер туындысы оны жасаған адамның өмірінен көрініс береді. Біреу махаббат туралы, екіншісі әлеуметтік мәселеге ой қозғауы мүмкін.
Ал өнер арқылы адамды тәрбиелеп, жаңа жол салуға болады деп ойлау қате сияқты. Өнерде мәжбүрлеуге жол жоқ, оған адам өзі келуі керек. Адамдар заманауи өнерді бағаламайды деуге болмайды. Олардың ішінде біз суретші ретінде байқамағанды байқайтындар бар. Сондықтан "біз - ерекшеміз, ал олар - тобыр немесе ақымақ" деу дұрыс емес.
"Қызыл cүзгі", Syrlybek Bekbotayev
"Әркім нені "ғажайып" санауды өзі шешеді"

Азиза Сарамбетова
- абстракционист суретші. Сурет өнерімен кәсіби түрде айналысып жүргеніне көп уақыт болмаса да, ол замандас суретшілердің арасынан өз стилімен дараланып үлгерді. "Абстракционизм "тілі" менің эмоциям мен өмірге деген көзқарасымды барынша нақты жеткізуге мүмкіндік береді" дейді ол. Басқа сала бойынша білім алып, қызмет еткен Азиза сурет өнеріне қалай келгенін баяндап берді...

Заманауи өнер өкілдері. Олар кімдер?
Сурет: instagram.com/aziza.sarambetova
Мен сурет өнерін арнайы оқыған емеспін. Бала кезде сіңілім екеуміз қызығып, бірге сурет сала бастадық. Қабілетімді байқаған анам мольберт, қылқалам мен майлы боялар сыйлап, бірден портреттер салуға кірістім. Бірақ мамандық таңдауға келгенде, таңдауым суретшіге емес, қаржыгерге түсті. Университетті тәмамдағаннан кейін 2 жыл аудитор болып қызмет еттім. Сол кезде сурет өнеріне деген қызығушылығым қайта оянып, жұмыстан кейінгі уақытта сурет сала бастадым. Алайда аудитордың жұмыс уақыты 10-20 сағатқа дейін созылып, кейде демалыссыз жұмысты талап ететін болған соң, уақытым мен күшімді тек өнерге жұмсауды жөн көріп, қызметтен кеттім. Көп адам "Тұрақты жұмысты қалайша тастап кеттің?" деп сұрап жатады. Меніңше, шын жақсы көретін іс саған бақыт та, табыс та сыйлай алады.
Суреттер: instagram.com/aziza.sarambetova
Қазақстанда заманауи өнер бар, бірақ ол әлі өз орнын таппады. Оның себебі өнердің айналымы мен қолданысын арттыратын арт-нарықтың дамымауында деп ойлаймын. Жас суретшілердің мұндай ортада жұмыс жасауға батылдығы жетпей жатады. Өйткені бізде шығармашылықтан бөлек атқаруға тиіс жұмыстар бар. Олар: тұрақты түрде материалдар сатып алу, физикалық күшті талап ететін жұмыстар (мысалы, кенептерді дайындау үшін мен ара қолданамын), портфолио дайындау, бюджетті әзірлеу, әлеуметтік желілерде жарнамалау, клиенттер мен галеристер іздеу, келісім-шарттар жасау, сату ісін басқару... Қиын сияқты, иә?! Шындығында, бұл Сіз ойлағаннан да қиын. Заманауи өнердің дамуы үшін тынымсыз еңбек етіп жүрген нағыз кәсіпқойлар бар, бірақ оларды саусақпен санауға болады.
"Сананың өмірі"
Бұл менің жақсы көретін жұмыстарымның бірі. Оған қарап, мен табиғаттан тыс, уақытқа тәуелсіз, дана әрі күшті әлдененің барын сеземін. Сол әлдене маған осы туынды арқылы қарап тұрғандай.
Мен үшін өнер - көрерменді тәнті етіп, шабыттандыратын, жүрек пернесін шертіп, тебірендіретін кез-келген туынды. Галереяларда қойылған өнер туындыларының бәрінен мен ондай әсер алмаймын. Терең мағыналы, бірақ көзге ұнамсыз көрінетін жұмыстарға ықылас танытуым қиын. Алайда "кереметтей" тарихы жоқ тәрелкенің сынығы жанымды тебірентіп жіберуі мүмкін. Мұның бәрі жеке талғамға байланысты. Әркім нені "ғажайып" санауды өзі шешеді, сондықтан басқалардың Сізге қай туынды алдында "толғану" керегін үйретеуге жол бермеңіз.
Заманауи өнер өкілдері. Олар кімдер?


Мені табиғаттың ұлылығы шабыттандырады. Бұлт басқан тауды немесе толқыған теңіз үстінде ойнаған найзағайды көргенде кеудем керемет сезімге толады. Дәл сондай әсерді композитор Людовико Эйнаудидің шығармаларынан аламын. Сірә, менің кумирім де сол кісі шығар.


Өзім туындыларымның мағынасын талқылағанды ұнатпаймын. Себебі тіл өнерді түсінуге тосқауыл болуы мүмкін. Мен үшін көркемсуреттің "тілі" әлдеқайда түсінікті әрі терең.


Суреттер: instagram.com/aziza.sarambetova
"Заманауи өнерді қабылдай білу керек - біз оны әлі үйренген жоқпыз"

Сәулет Жәнібек
- сюрреализм жанрында жұмыс жасайтын жас суретші. "Бұл көрермендердің ойы, өзім картиналарым мен инсталляцияларымның жанрына көп мән бермеймін. Бастысы ішкі толғанысымды жеткізе алатын өз стилім барына сенгім келеді" дейді ол. Кәсіби сурет өнеріне келгеніне 10 жылдан асқан Сәулет қазіргі таңда шығармашылығын "Құланшы" заманауи өнер орталығындағы қызметімен біріктіріп жүр.

Заманауи өнер өкілдері. Олар кімдер?
Сурет: instagram.com/saulet_zhani
Заманауи өнердің ауқымы кең. Ол "Ат үстіндегі батыр" немесе "Атакенттегі тиін" де болуы мүмкін. Бұл бағыт бір көрерменнің көңілінен шықса, екіншісінің бойында негативті реакция тудырып жатады. Заманауи өнерде қара мен ақ, жақсы мен жаман болмайды. Оны қабылдай білу керек - біз оны әлі үйренген жоқпыз.
"Нышандарды қарсы ала"
Үш картинадан тұратын композициялық туынды (триптих).

Өмірдің "соңы мен басы", жоғалудан қайта тууға дейінгі жол. Бұл жұмыстың сюжеті бар, бірақ ол әркімде әрқилы. Менде өзімдікі, көрерменде өзінікі. Көрерменге суреттерімнің тарихын саралауды өздеріне қалдырғым келеді.
Біздің халық онсыз да мардымсыз жалақысын заманауи өнер галереяларына жұмсауға әлі дайын емес.
Қазақстанда заманауи өнерге қызығатындар айтарлықтай көп деп айта алмас едім. Біздің халық онсыз да мардымсыз жалақысын заманауи өнер галереяларына жұмсауға әлі дайын емес. Сондықтан да бізде барлық галереялар тегін. Қуантатыны - қазір көрмелерді тамашалауға жастар көптеп келеді. Суретке түседі, әлеуметтік желілерде ойларымен бөліседі, рецензиялар жазады. Бойларында қызығушылық бар.
Заманауи өнер өкілдері. Олар кімдер? Заманауи өнер өкілдері. Олар кімдер? Заманауи өнер өкілдері. Олар кімдер? Заманауи өнер өкілдері. Олар кімдер? Заманауи өнер өкілдері. Олар кімдер? Заманауи өнер өкілдері. Олар кімдер? Заманауи өнер өкілдері. Олар кімдер? Заманауи өнер өкілдері. Олар кімдер? Заманауи өнер өкілдері. Олар кімдер? Заманауи өнер өкілдері. Олар кімдер?
Суреттер: https://sauletzhanibek.wixsite.com/sauletzhanibek
Жұмыстарымның тақырыбы - адам жанының нәзіктігі, оның арманы мен үміті. Оны көрсету үшін көбіне адам беті мен түсті қолданамын. Сондай-ақ маған кейіпкерлерімді минор және мистицизм арқылы ерекшелеген ұнайды.
Мен түстерден шабыт аламын. Екі-үш түстің үйлесімін көріп қалсам, керемет әсерге бөленемін. Басыма түрлі идеялар, образдар мен сюжеттер келеді. Одан бөлек маған шабыт сыйлайтын - тағдырым табыстырған адамдар, махаббат және жақсы ән мен кино.
"Суретшілерге бірлік керек"

Қазақстандағы заманауи өнердің тағы бір жас өкілі - Гүлмарал Тәтібаева. Суретшінің жұмыстары кескіндемеден инсталляцияға, фотосуреттен графикаға дейінгі түрлі формада көрініс табады. Сонымен қатар, ол "KADMII QYZYL" атты Астанадағы алғашқы арт топтың мүшесі. Қазір Гүлмарал "Фокус-Қазақстан" жобасы аясында Берлинде өтіп жатқан арт-резиденцияға қатысып жатыр.

Заманауи өнер өкілдері. Олар кімдер?
Сурет: instagram.com/tatti_279
Заманауи өнердің дамуымен, бұл бағытта жұмыс жасағысы келетін суретшілер де көбейіп келеді. Әсіресе Алматы мен Астананың жастары өте белсенді. Неге екенін білмедім, басқа қалалардан ынта танытатын жастар жоқтың қасы.
Ал біздің өнерді бағалаушылар көп деп айта алмас едім. Олар көбіне осы салаға жақын адамдар: суретшілер, кураторлар, өнертанушылар. Бір-біріміздің шығармашылығымызды бақылап, барынша қолдау көрсетуге тырысамыз.
"Бірлік"
Біздің суретшілердің арасында ауызбіршілік жоқ. Бірнеше топтарға бөлінген немесе өз шеберханасының айналасынан шықпайтын суретшілер көп. Бұл мәселе "Бірлік" атты инсталляцияма арқау болды. Қазақстанның өнерін дамытамыз дейміз, бірақ бірлік болмаса ештеңе өнбейді. Суретшілерге бірлік керек! Қазақстандықтар сурет өнеріне қызығып, туындыларға тура баға беруі үшін мәдениеттің деңгейін бірге көтеруіміз керек.
Өзіме қатты әсер ететін жұмыстарымның бірі - "Great халат". Бұл - әйелдердің бірлігін, ескі заманнан келе жатқан биік рухын, жігері мен мейірімін білдіретін жұмыс. Өткен жылы Астана Art Fest фестивалінде жасаған болатынмын. Жақын арада Берлинде болатын көрмеге алып келдім. Атауын "Great камзол" деп өзгерттік.
Заманауи өнер өкілдері. Олар кімдер?
Сурет: instagram.com/tatti_279
Жұмыстарым арқылы адам жанының байлығын көрсетіп,
оларды қайратты, жігерлі болуға үндегім келеді.

Суреттер: instagram.com/tatti_279
"Шабытты өмірден аламын"

Заманауи суретші Айгерім Мажитханқызы инсталляция мен фот-арттан бөлек видео-артпен айналысады. Оның «Қиын жол» атты видео туындысы Италияның Неаполь қаласында өткен халықаралық Magmart 9 фестивалінде үздік 30 жұмыстың ішіне енген. Қазір Әйгерім Қазақ ұлттық өнер университетінің колледжінде ұстаздық етіп, болашақ суретшілермен тәжірибе бөлісіп жүр.


Заманауи өнер өкілдері. Олар кімдер?
Сурет: facebook.com/aigerim.shamshekova
Қазіргі заманауи өнер әртүрлі кеңістіктерді жаулап, кез келген ортада үйлесімді орын таба алатынын көрсетуде. Әсіресе Астанада заманауи өнерге деген қолдау мен қызығушылықтың бар екені байқалады. Мысалы, осы бағытты зерттеп, жас суретшілерге жол көрсетіп жүрген кураторлар Дина Байтасова, Айгүл Ибраева мен Айгерім Қапарлардың жұмыстарын айтуға болады. Соның арқасында елорда суретшілері көшеде еркін перформанстар көрсетіп, видео-арт жасап, қаланы шығармашылық ортаға айналдыруға барын салуда.
"Көз тимесін!"
"Абайла, Сені алып қашып кетуі мүмкін"
"Ит өлген жер"
Суреттер: facebook.com/aigerim.shamshekova
Шабытты өмірден аламын. Айналада болып жатқан оқиғалар мені толғанысқа түсіреді. Сондай бір сәтте туған «Жол белгілері» сериясындағы таңбаларым Воронеж қаласының Ұлттық саябағына орнатылды. Жақында Астана туралы "Қала метафоралары", "Астана бейнесі" атты екі видео-арт жұмысым Мәскеу қаласындағы Электромузей ұйымдастырып жатқан «Ашық музей» көрмесіне таңдалып алынды.
Соңғы перформансым «Тұсау» деп аталады. Төрт жақтан төрт жігіт шаршы сияқты пішінде байланған жіпті мықтап ұстап тұрды. Кейіпкерім "қамаудан" шығар жол іздеп қиналды, соңында амалын тауып, сөмкесінен пышақ алып, тұсауды кесіп шықты. Мағынасы: әр адамның ойында не сыртқы ортасында мақсатына жетуге жолын байлайтын шектеулер болады. «Менің қолымнан келмейді» немесе «Мен не істей аламын?!» деген ойлар мазалайды. Әр адам психологиялық тұрғыда шектеулердің бар екенін түсінеді, бірақ одан шығудың жолын таппай шарқ ұрады. Сол мазасыз күйді көрсеткім келді.