Жаңалықтар

Зағфи

Зағфи
23.09.2014 08:19 3272

Зағфи

Адам өзінің өткен өміріне көз жүгіртіп, оймен електеп отырмаса, ертеңгі күні жаза басып, опық жеуі мүмкін. Халық та сол сияқты. Оның өткен тарихы қашан да болашағына сабақ болуы тиіс. Ақмоладағы «отанын сатқандардың» әйелдері лагерінің («Алжир») тарихын қайта жаңғыртып, елге таныстыру мақсатында байырғы тұтқын аналарды іздеуіміз де бекер еместігі түсінікті болса керек. Ақпанның ала-құйын боранды күні Зағфи апайды үйінен таптым.

        - Балам-ау, запыран жұтқан уақытты еске алып, естелік айтамын деп төрт ұйықтасам түсіме кірмепті. Біржағы таңданып отырмын. Біреулер жаз деп тапсырма берді ме, немесе өз жүрек әміріңмен ізденіп жүрсің бе, шынынды айтшы, балам,-деп өзіме қарсы сауал қойды.

-         Өз жүрек әміріммен, алжирлік аналардың тағдыр-талайын келер ұрпаққа жазып қалдырмақ мақсатпен іздеп келдім, апай. Сеніңіз маған.

-         Маған аты-жөнімді кім айтты?

-         Сіздің Ақмолада тұратыңызды Мәриям Есенгельдина апай айтты.

Мұнда келіп адрес бюросынан сізді және Тәкежанованы тауып алдым.

-         Ақмола лагері осы арадан 40 шақырым жерде. Бостандыққа шыққан

соң көрмегенім Алматы болсын деп, Ақмолада қалдым. Әрине, бұл менің уақытқа өкпем ғой. Алматыдан неге безейін. Жер жаннаты Жетісудың, асқар Алатаудың кіндігі емес пе Алматымыз. 1937-жылғы Алматының қасіретін тілмен айтып жеткізу қиын. Екінің бірі ұсталды десем артық айтпағаным. Бірер жылдың ішінде елді үрей билеп аласапыран болдық та қалдық. Қолдан арнайы жасалған сталиндік зұлымдыққа кез болған қазақтың қайран нарқасқа жігіттері, есіл ерлері! Шеттерінен опат болып жатты.

         Ал енді Алжирімізге келейік. Сөйтіп Ақмола жерінде айналасы темір тормен қоршалып, ықылым заманнан бері болып көрмеген әйелдер лагері ұйымдастырылды. Бұрын қазақ әйелі тұрмақ, халқымыз түрменің не екенін білді дейсің бе, балам. Өзім негізінен осы Ақмолалықпын. Ал енді Ақмола лагерінің тұтқыны боламын деп ойладым ба?! Өз елімде, өз жерімде нақақтан-нақақ қараланып түрмеге түстім. Сталин «халық жауы» деген бәле-жаланы ойлап тапты. Жоғарғы жақтың ортамызда жау бар дегеніне сеніптік. Сөйтсек бұл халықты адастырудың амал-айласы екен. Егер біреу «халық жауы» болып ұсталса, оның көршісі де ендігі кезек менікі шығар деп күдіктеніп, шықпа жаным, шықпа деп отыратын. Сол күдікті мен де басымнан өткіздім. Себебі, комсомолдағы қызметтес жолдастарым шетінен ұстала бастады. Мәселен Қайсар Таштитов, Нақысбек Тіленшиев сияқты жастардың жетекшілерін «халық жауы» деген соң, ендігі біздің бұл нәубеттен аман қалуымыз екі талай болатын. Мыңдаған аналардың қатарында мені де тұтқындады. НКВД-нің түрмесінен түрмесіне көшіп-қонып жүріп, 26-шы нүктеге келдік. Сонымен, балам, бақытты заманның оқып білім алған сауатты қыздары атанған біздер «халық жауы» болып шыға келдік. Сталиннің тұсында шындық шынжырланды, ақиқат арқандалды. Жазықсыз халықтың қанына боялып, көз жасымен суарылған қазақ даласының қақ төрінде Қарағанды лагерінің пайда болуы бекерден бекер емес, балам! Бұл күні бұрын ойластырылған жоспар меніңше.

-         Зағфи апай, Сізбен «Алжирдің» бастығының орынбасары Юзипен-

коның арасындағы қақтығыстың сырын ашсаңыз.

          - Ойлашы өзің, ол кезде әйелдер лагері бастығының орынбасары болып, бізге тұтқын ретінде қараса, ал ендігі ақталып отырған біздер, мыңдаған аналар оған неге кешірім жасауымыз керек. Уақыт өтті деп кешіріммен қарасақ, қиянатымызды ұмытқанымыз емес пе. Бұл бір де. Екінші, Юзипенко  Ұлы Отан соғысына қатысушы ретінде орден-медальдармен наградталып, қолын жылы суға малып отырған қадірменді зейнеткер. Ал біз болсақ, Ұлы Отан соғысы жылдары лагерь тұтқыны болдық. Сонда өзіміз көрген қасіретті өзіміз жасырғанымыз шындықтың тұнба бастауын бітеп тасағанмен бірдей болғаны да. Жоқ, олай болмау керек. Сондықтан Юзипенконың қасірет жылдары істеген ісін қолдай алмаймын, мыңдаған аналардың атынан оның орден, медальмен орынсыз наградталған жөнінде жазғаным рас. Юзипенко да қалысқан жоқ. Қорғанып бақты.

-         Сонда кім жеңді?

-                     Сауалың да қызық. Юзипенконы кезінде жеңе алдық па, енді оны жазып өш алайын деген менде ой жоқ. Мәселе, оның орынсыз алған наградалары жөнінде. Оның түрін көрсем жыным келеді. Уақыттың әпербақандары кезінде бізге басымдылық көрсеткенде, біздің ендігі мүләйімсіп үнсіз қалуымыз жараспайды. Мен оны осылай, баспасөз арқылы тұқыртып алдым.

-         Лагерьдегі атқарған жұмыстарыңыз...

-         Таңғы сағат 6-да тұрамыз. Содан түнгі 12-ге дейін жұмыс. Ұйқымыз

қанбайды. Біздің жеген тамағымыздан, әй сол малға берген жем-шөптің рационы күштірек сияқты! Қу сүйекпіз. Істе деген жұмысын атқардық. Бұйрыққа бағынып жылдарды өткіздік. Кешегі комсомол қызметкері мен лагерьде бұзау бақтым. Бақтым дегеннен көрі баққызды дегенім дұрыс шығар. Ақталған күнді де көрдік. Дұрыс, ал күйеулеріміз қайда? Сүйегі қайсы шұңқырда жатыр? Бұған кім жауап береді?

         Мінеки, мәселе осында жатыр, балам. Мен лагерьдегі көркемөнерпаздар үйірмесіне қатыстым. Бір уақыт ән айтпасам, қасіретпен өліп кететін сияқтымын. Ақанның, Біржанның, жаяу Мұсаның, Мәдидің, Үкілі Ыбырайдың, Балуан Шолақтың әндерін қиналған сәттерде көңілге медеу тұттық. Сөйтіп, күн кешіп, ендігі өзіңе айтып шындықты баяндап беруші адамның орнындамын. Қазір құдайға шүкір, бармыз. Денсаулық сыр беріп қойып жүр. Дегенмен, балам, саған ризамын. Өшкенді жандырып, өлгенді тірілткен ісің оңға баса берсін. Сенің жазғаның – болашақ ұрпаққа шындықты жеткізгенің.

         Малиновкаға барыңдар. Әрине лагердің орны бұзылған. Алайда ол жерде аналардың мұңы, қайғы-қасіреті қалды емес пе? Барып көріңдер.

         Захфи апай өз көрген-білгенін тәптіштеп асықпай әңгімелеп берді. Далада Ақмоланың ақ бораны ұрып тұр. Япырай-ә, деймін мен таңданып. Мына боранға шыдамай отырмын. Ал мыңдаған аналар қалай ғана шыдаған?! Жазықсыздан жазықсыз лагерь тұтқындары болған мыңдаған аналардың сағының сынбауы болашаққа үміттерінің күштілігінен шығар деген ой келді маған. Жандары сірі екен бейкүнә аналардың. Біз Малиновкаға баруға жинала бастадық. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға