Заң мұраты – орындату
Заң жобасы «Ана тілі» газетінің бетіне жарияланғаннан кейін республикалық басылымдарда оның дайындалуы туралы авторлардың сұхбаттары, әртүрлі мақалалар жарық көрді. Осыған байланысты бірсыпыра принципті пікірлер, ойтүрткі болар ұсыныстар түсті. Бұлардың Заң жобасын жетілдіре түсуде пайдалы болғаны сөзсіз. Дегенмен бұрын айтыла бермеген кейбір принципті мәселелерге оқырман назарын аудара кетсек артық болмас.
Қоғамымызда мемлекеттік «Тіл туралы» Заңның қажеттігі жөнінде соңғы кездері жиі әңгіме бола бастағаны ана тілінің жанашырларына белгілі. Бұл жайдан-жай емес еді. Соңғы 20 жылдай уақытта қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беріліп, кейін ол конституциялық шешімін тапты, «Тіл туралы» Заң және соған байланысты Үкімет қаулы-қарарлары қабылданды. Жалпы тілге, оның ішінде қазақ тіліне қатысты басқа да толып жатқан шаралар жүзеге асты. Алайда ана тіліміздің дамуы мен оның қолдану деңгейі бүкіл қазақ қауымын неге қанағаттандырмай отыр деген үлкен сұрақ ұлтымыздың рухани әлемінде тиісті жауап таба алмай тұр. Амалсыз орыс тілді Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз дегендермен келісесің. Келіспеу қиын. Конституция мен «Тіл туралы» Заңда басы ашық айтылса да, мемлекеттік деген атқа ие болған ұйымдар мен мекемелердің өзінде мемлекеттік тіл орыс тілінің аударма тілі ретінде қолданылып отырғаны ащы да болса шындығымыз.
Әңгіме 1997 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңның принципті қағидаларының орындалуның тиісті органдар тарапынан қадағаланбай отырғандығында. Осы Заңның 4-бабындағы «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі» деген норма бақылаусыз қалды. Ал осыған байланысты іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру үшін облыстарда ұйымдастырылған «социалистік жарыс» көбіне формальды, көз бояушылық, жоғарыға өтірік ақпар беруден ары аса алмай отыр. Облыстардың көпшілігі бұл мәселені қазақ тілін үйрету, қазақ тілді мамандарды көбейту есебінен емес, негізінен аз ғана аудармашылардың күшімен шешіп келеді.
Сонан соң «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген конституциялық қағиданың орындалуының қатаң сақталмауы, Заңның ІІ, ІІІ және ІҮ тарауларындағы 27 заңдық норманың 21 - інде «мемлекеттік тілде және орыс тілінде» деген сөз тіркестерімен қатар қажет болған жағдайда басқа тілдерде жүргізіледі» деу тәжірибеде қос тілділікке, көп тілділікке алып келді. Қазір мемлекеттік ұйымдар мен мекемелерде, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тіліндегі құжаттар қазақ тіліне аударылып, қазақша - орыс тіліне аударылып әлек болуда. Өйткені басшылар құрамының көбісі қазақша түсінбейді не білгісі келмейді. Ал кейбіреулер бұрынғы қарқынмен жүр. Қазір жергілікті мемлекеттік ұйымдар мен мекемелерден әлдеқалай түскен қазақ тіліндегі құжаттарды аудармашылар орыс тіліне аударып әлек болып отыр.
Шындығына барсақ, тіпті қаттырақ айтатын болсақ, мемлекеттік тіл Елбасымыздың тікелей араласуымен ғана, Үкіметтің қаулы-қарарлары мен іс-шараларының негізінде ғана алға жылжуда.
Міне, осындай республикамызда қалыптасқан қазақ тілдік ахуалдан шығудың жолын біздер мемлекеттік тіл туралы Заң жобасын жасаудан іздедік. Бұл жоғарыдағы мәселелерді шешуде бірден-бір құқықтық амал, әлеуметтік шара, нақты іс-әрекет. Мұнсыз ана тіліміздің өрісінде күрделі оң өзгерістер болмайды. Мұнсыз тілдік кеңістікте алға жылжу мүмкін емес.
Үлкен үміт етеріміз қазір қоғамда мемлекеттік «Тіл туралы» заңға сұраныс жап-жақсы қалыптасып келеді. Оның нақты бір дәлелі Заң жобасы жарық көрмей тұрғанда «Жас Алаш» газетінде жарияланған Алматыдағы ең беделді деген жоғары оқу орындары студенттерінің мемлекеттік тілдің қажеттігі жөніндегі Республика басшыларына өтініші бола алады. Олар: «Отаным, елім» деп есептейтін әрбір азамат үшін қазақ тілін білу парыз болса, мемлекеттік қызметте жүрген тұлғалар үшін – міндет. Әрбір мемлекеттік қызметкер қазақ тілін еркін және жоғары дәрежеде меңгеруі тиіс» - деген болатын.
Заң жобасын дайындаушылар әсте біздің жобамыз қазақ тілдік кеңістіктегі бар мәселені шешті деп айта алмайды. Бұның күрделі екені өзінен-өзі түсінікті. Парламентке Үкіметтен түсіп жатқан заңдық құжаттар кейде жылдап дайындалып, олармен көптеген министрліктер жұмыс жасайды. Соның өзінде ондай Заң жобалары Парламентте ұсынушылардың өзі қиын танытындай өзгерістерге ұшырап жатады. Бұл қалыпты жағдай деп есептеледі.
Осындай себептермен Заң жобасын халықтың талқылауына ұсынған болатынбыз. Еліміздегі заңгерлердің, мамандардың, ана тіліміздің, жалпы тіл атаулының жанашырларының ұсыныс-пікірлермен Заң жобасын пысықтай түссек, халқымыз үшін, қоғамымыздың болашағы үшін аса қажет болып отырған маңызды құжаттың, бауырымыз Дос Көшім айтқандай, «төрт аяғын тең басар» деп сендік.
Шынында да Заң жобасы халықтың талқылауына түскеннен кейін аз да болса ойтүрткі болатын, оны пысықтай, жетілдіре түсетін жаңа ойлар мен жаңа тұжырымдар, ұсыныстар мен пікірлердің болғаны сөзсіз.
Астана және Алматы қалаларында екі рет кездесу де пайдалы болды. Оңтүстік астанада өткен «дөңгелек үстелде» Заң жобасын талқылауға 20 шақты белгілі жазушылар, тіл мамандары, ғалымдар, ана тілінің жанашырлары, қоғамдық ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Қатысушылар осы кезге дейінгі жасалынған жобалардың ішінде талқыланып отырған Заң жобасының жоғары сапалылығын, саяси қолдау табылып жатса осыны негізге алу қажеттігін атап көрсетті. Сондай-ақ кейбір тікелей халық арасында жүрген ана тілінің жанашырлары «Ең бастысы – «Нені, неден бастап, қалай іске асыру керек?» деген сауалға жауап тапқандаймыз деп жазды.(Жаңа заң –жаңа үдерістер кепілі», Ана тілі, мамырдың 15-і, 2008 ж.). Әрине, әлі де жетілдірер тұстар аз емес.
Дөңгелек үстелде Заң жобасына тікелей қатысты бірсыпыра пікірлермен қатар ол қабылданып жатса, нормативтік-құқықтық актілер дайындағанда ескерер біраз мәселелер айтылды. Олар - балаларды, олардың қай ұлт, қай этностан шыққанына қарамай, жас кезінен қазақшаға үйрету, тіпті балабақшалардан бастау, мұғалімдер құрамын күшейту, орыс мектептерінде қажетті деген пәндерді қазақ тілінде оқыту, қазақша тіл білетін қызметкерлерді ынталандыру мәселесі, олардың жалақысын 30 пайызға дейін көбейту, мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізуді пән ретінде мемлекеттік стандартқа енгізу, Украинадағы сияқты мектепте, жоғары оқу орындарында қазақ тілімен қоса, қазақ әдебиеті мен қазақ тарихын қазақ тілінде оқыту т.б. ұсыныстар. Сондай-ақ, мемлекеттіліктің рәміздердің бірі ретінде мемлекеттік «Тіл туралы» Заңды конституциялық заңдар қатарына жатқызудың қажеттігі де сөз болды.
Заң жобасы туралы бірсыпыра нақты пікірлер айтқан «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшім болды. Оның талқылаудан кейін өзінің ой-пікірін толықтырып, осы газет бетінде басылған «Төрт аяғы тең болсын» деген көлемді мақаласы біздерге біраз ой салды. Автордың мемлекеттік тіл жөніндегі жанашырлығын бірден байқауға болады. Сондықтан да бар ойын білдіруге тырысыпты. Қолымызға осы қозғалыс мүшелері дайындаған Заң жобасы да түсті. Бұған риза көңілден артық не айтамыз. Әрине, келісе бермейтін пікірлер де жоқ емес.
Енді ұсыныстар жөніндегі ойларымызды ортаға салсақ. Алғашқы пікірдің бірі Заң жобасындағы «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл - қазақ тілі» дегеннен кейін бүкіл мәтінде «мемлекеттік тіл» дегеннің орнына «қазақ тілі» деген сөз тіркесін пайдалану жөнінде. Бұл арада Заң жобасы қазақ тілі туралы қатардағы заңдардың бірі емес, мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілі туралы құжат екенін естен шығармаған дұрыс. Сол себепті мәтінде мемлекеттік тіл дегенді түгелдей қазақ тілімен ауыстыру дұрыс бола қоймайды. Мұның принципті айырмашылығы бар. Әр нәрсені өзінің атымен атаған дұрыс. Әрине, ретті жерінде «қазақ тілі» деген тіркестен қашқан жоқпыз. Оны, мысалы, 2, 5, 12 және 13 баптарда пайдаландық. Сонан соң мұндай тәжірибе Ресейдің, Әзербайжан, Литва және көршілеріміз Қырғызстан, Өзбекстан елдеріндегі тиісті заңдарда бар.
Заң жобасының 6-баптың 5-тармағындағы «Қазақстан Республикасындағы БАҚ-тың басым тілі мемлекеттік тіл болуы қажет» деген қағидаға байланысты пікірде БАҚ-тағы қазақ тілінің пайызы нақты көрсетілмеген делінген. Біріншіден, бұл бапты тиісті мамандармен келісе отырып, тағы да қараймыз. Екіншіден, басымдықтың аты басымдық, ол көп, мол деген ұғымды береді. Бүгінгі қазақ тіліндегі БАҚ-тың бишара күйінде осының өзі үлкен жетістік болар еді.
Кезінде Қазақстан Республикасындағы «Тіл туралы» Заңы қабылданғанда оның «Баспасөз бен бұқаралық ақпарат құралдарының тілі» атты 18-бабына біздің ұсынысымызбен «Қажетті тілдік орта жасау және мемлекеттік тілдің толыққанды қолданылуы мақсатында, олардың меншік нысанына қарамастан, телерадио арналары арқылы берілетін мемлекеттік тілдегі хабарлардың көлемі уақыт жағынан басқа тілдердегі хабарлардың жиынтық көлемінен кем болмауға тиіс» деген заңдық норма жазылып еді. Бұл қазақ тіліндегі хабарлар бүкіл хабарлардың 50 пайызынан кем болмауы керек деген ой еді. Осыны кейін әркім әртүрлі түсінді. Мұның өзі де бақылайтын органның әлсіздігінен жеткілікті орындалып жатқан жоқ. Бірсыпыра телеарналар жұрт ұйқыға кеткеннен кейінгі түнгі хабарлардың есебінен Заңды орындауға тырысады.
Ал газет-журналдарды әңгіме етудің қажеті шамалы. Өзіміздің ұлттық ақпарат кеңістігімізді қалыптастырып алмай, орыс тіліндегі басылымдарға көмілу, шындап келгенде, ұлтымыздың рухани сұраныстарына тікелей қарсы шабуылдан басқа ештеңе де емес. Осындай жағдайда БАҚ түгел мемлекеттік тілде болмаса 70-80 пайызда қазақ тілінде болсын деуге, шынын айтайық, тосылдық.
БАҚ-тың ақпараттық кеңістігімізде басымдық жағдайы, әрине, республикамыздағы тілдік ортаны басқаша етер еді. Кейбір пікірлер осы турасында.Әзірше мұндай ортаның қалыптаспай отырғандығы, ол жөнінде атқарушы билікте сөз көп, нақты іс жоқ. Еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарының 15-20 пайызы, 200 телеарналардың 6-7 ғана қазақ тілінде болса, кез келген мекемеде, оқу орны жүйесінде қазақ тілі төрге шыға алмай, есіктен сығалап тұрғанда қандай ана тілдік орта жөнінде әңгіме болуы мүмкін. Біздіңше, тілдік орта осы Заң қазіргі қиялдан шындыққа айналғанда ғана жасалады.
Кейбір ой тастайтын пікірлер Қазақстан Республикасы Жоғары Сотынан түсті. Заң жобасына арнайы көңіл бөлгендеріне ризалығымызды білдіре отырып, 5-6 сөйлемнен тұратын хатты қазақ тілінде жаза алмағандарын айта кетсек, хатқа қол қойған бауырымыз ренжімес. Мұны айтпауға да болар еді. Бірақ Жоғарғы Сот осылай етіп жатқанда басқалардан не сұрайсың?
Заң жобасын ширата, жетілдіре түсетін көптеген пайдалы ұсыныстар Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінен түсті. Ақылдаса отырып, қазіргі қазақ әдеби тілінің нормаларын бекіту тәртібіне, терминологиялық комиссия жұмысына қатысты бірсыпыра пікірлерді алдық. Сондай-ақ Заң жобасының «Мемлекеттік органдардың мемлекеттік тілді меңгеру үшін жағдайлар жасау жауапкершілігі», «Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік тілді қолдану құқығының қамтамасыз етілуі» сияқты 10 және 12-баптары күшейтіле түсті. Басқа да ірілі-ұсақты жанашырлықпен айтылған ойлар елеусіз қалмады.
Жуырда «Түркістан» халықаралық саяси апталығында «Мемлекеттік тіл біреу яғни, тұғыр да біреу болуы керек» деген мақала басылды. Журналист қарындасымыздың жазғанындай, «Атынан ат үркетіндей мүйізі қарағайдай ғалымдардың» дайындаған «Мемлекеттік тіл туралы» Заң осы күйінде қабылданатын болса, оның қажеті жоқ деген пікір айтып, қайығы суға кеткенімен, көтерілген бірер мәселе туралы ойымызды білдіре кетейік.
Біріншіден, Заң жобасы туралы пікірлер (тікелей дегенмен келісуге болады, әйтпесе, ойтүрткі боларлық пікірлер аз емес –автор) аз айтылып жатыр деп халыққа өкпелеуге болмайды. Соның бірі өздеріңіз емес пе? Заңдық нормаларға тікелей пікір айту оңай емес. Оның өзіндік ерекшеліктері мен қиындықтары жетерлік. Мұны біз Парламентте болған кезімізде жақсы байқадық. Бұған жалғыз журналистік қабілет жете бермейді. Екіншіден, Заң жасаушылар қазақ тілдік кеңістіктегі мәселелердің бәрін қарастырдық деп айта алмайды.
Ертең осы жоба Заң бола қалғанның өзінде қап дейтін жерлер болмай қалмайды. «Бірі кем дүние», «Тұяғы бүтін тұлпар, қанаты бүтін сұңқар жоқ» деп қазағымыз бекер айтпаған. Сол себептен де бұл құжат жұртшылық назарына ұсынылды. Ойдың әкесі де, шешесі де ой. Ой жаңа ойларға жетелейді. Және бұған уақыт та керек.
Біздегі мемлекеттік тілдің айдарынан жел еспей отырғандығының себебі көбіне-көп оқу-білім жүйесіне, әсіресе, мектептегі қазақ тілінің оқытылу жағдайына байланысты. Жалпы қоғамда, мекемелер мен ұйымдарда, отбасында тілдік ортаның әлсіздігінен, мектепте жеткілікті көңіл бөлінбеуден қазақ сыныптарындағы балалардың көпшілігі өз ана тілін нашар біліп шығады. Ал орыс мектептерінде оқитын өз балаларымыз пәлен жыл қазақ тілі мен әдебиетін оқып, қазақша әкелерінің атын да жаза алмайды. Жұрт та, бізде жоғары оқу орнын бітіріп келген жас мамандардың мемлекеттік тілді білу өте төмен дейміз. Сол себептен де Заң жобасының «Мемлекеттік тілді білім, ғылым және мәдениет салаларында қолдану» деп аталатын 6-бабында оқу жүйесіне қатысты құқықтық қағидалар арнайы қарастырылды. Бәлкім, әлде де кемшін тұстар бар шығар.
Бұл заң, сондықтан жобада «өзге тілді мектептерде қандай пәндерді, қай сыныптан бастап қазақ тілінде үйрету мәселесін», «жоғары оқу орындарында мемлекеттік тілдегі үйретілетін пәндердің тізімі немесе пайыздық өлшемін» айта да, көрсете де алмаймыз. Сондай-ақ мемлекеттік «Тіл туралы» Заң талабын бұзушыларға салынатын айып-пұл мәселесі де әлдеқалай Заң Парламентте қабылдана қалса, нормативтік-құқықтық актілер, басқа заңдық нормалар арқылы реттелуге тиісті. Біздіңше де, басқа мектеп түгіл қазақ мектептерінің өзінде, сондай-ақ жоғары оқу орындарында бүгінгі ана тілін оқыту жайын түбірінен өзгерту керек. Онсыз мәселе шешілмейді.
Рас, Заң жобасында мемлекеттік қызметкерлерді мемлекеттік тілді білуге мәжбүрлейтін баптың жоғы рас. Алайда 2-баптың екінші тармағында «Мемлекеттік тілді барлық азаматтардың меңгеруі міндетті» деген заңдық норма тұр. Біз мемлекеттік қызметкерлер де Қазақстанның азаматтары ғой деп ойладық. Қажет болып жатса, құжаттың соңғы нұсқаларында ойланармыз.
Басылым бетіндегі бірсыпыра мәселелермен келісе отырып, автордың кейбір нақты қойған мәселелеріне жауап бермеудің ретін таба алмадық. Біз де қазақ тілінің бүгінгі ахуалына қарынымыз ашады, сондықтан осындай мемлекеттік «Тіл туралы» Заңның жобасын дайындадық. Бұл ешкімнің тапсырмасы емес, бұл тек шын пейілден туған құжат болатын. Бұл біздің көптен ойда жүрген мәселе болатын. Біз әлде де мұны жетілдіре түсу үшін аянбаймыз. Оның кейінгі тағдыры тиісті органдардың, атқарушы биліктің қолында. Шынында да, егер әлдеқалай азаматтарымызды мәжбүрлей алмайтын Заң болатын болса, оның ешкімге керегі жоғы түсінікті. Әруақытта Заң мәжбүрлеу күшімен, орындалуымен қастерлі.
Қазақстан Республикасы Парламенті саяси сахнаға келгелі бері қоғамның барлық саласының құқықтық қатынастарын реттейтін екі мыңдай әртүрлі Заңдар қабылданды. Бұның үлкен де күрделі жұмыс екені даусыз. Алайда осылардың барлығының орындалуы ойдағыдай деп айту қиын. Бізде Заң орындалмайды деу негізсіз болмаса керек. Реті келіп тұрғанда бірғана мысал келтіре кетейік. 1997 жылы қабылданған «Тіл туралы» Заңның «Тілді құқықтық қорғау» деген 23 - бабындағы «Мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына сәйкес білуі қажет кәсіптердің, мамандықтардың және лауазымдардың тізбесі Қазақстан Республикасы заңдарымен белгіленеді» деген аса бір маңызды қағиданың орындалуын жүзеге асыру бір министрліктен екіншісіне ауысып жүргенде Үкімет оны ұмытып кетті. Сол себептен жобада Заңның орындалуын бақылауды күшейту мақсатында қазақ тілі туралы Мемлекеттік инспекция құру қарастырылған. Айтылған ұсыныстардың ішінде мұндай құрылымның қажеттігін қолдау бар. Олардың ойынша, бұл жергілікті тіл комитеттерінің қолында Заң бұзушылықты тексеретін құзыреттің жоқтығында тиімді. Шынында, мұндай инспекция құрыла қалса, оған қоғамдық «Қазақ тілі», жастар ұйымдарын кеңірек тартуға болады. Алайда сонымен қатар тіл заңдылығы нормаларын орындамағандығы үшін азаматтарды қылмыстық жауапкершілікке тарту қазіргі жағдайда тіпті өрескел болады деп уайымдайтындар да жоқ емес. Біздіңше бүгінгі бюрократиядан аяқ алып жүре алмайтын кезеңде ешкімнен күн ілгері рұқсат сұрап жүрмейтін, заңды талап ете алатын, тек заңмен жұмыс істейтін арнайы мемлекеттік инспекцияның болғаны орынды. Заңды орындамағандарды түрмеге тығайын деп отырған ешкім жоқ, әңгіме азаматтық сұраныстарда болып отыр.
Соңғы кездері тіл мәселесімен айналысатын орталық органдардың басшылары өз сөздерінде қазақ тілдік кеңістіктегі атқарылған істерден екпіндетіп есеп беруге үйреніп алды. Іс-қағаздарын қазақ тіліне көшіру мерзімдері айқындалды, еліміздің барлық аймақтарында мамандандырылған тіл орталықтары ашылуда, қазірдің өзінде 30-дан астам орталық қызмет атқарып жатыр. Мультимедиялық кабинеттер, электронды-базалық оқулықтар, тиісті мамандар да бар дегендей. Біз мемлекеттік тілді іс-қағаздарын жүргізу процесіне енгізумен шектелмей, өмірдегі барлық салаларға тереңдей енгізуге күш салудамыз деп тоқмейілсіген басшылар жоқ емес. Мемлекеттік тілдің шын мәнісінде мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастың барлық саласының тілі болуы үшін оның іс-қағаздарына енгізілуі сөзсіз маңызды шара. Алайда осы жұмыстардың нәтижесін терең тексеріп жатқан кім бар.
Басты мәселе бұл іс-шараларда емес. Мемлекеттік тілге деген мемлекеттік қатынаста болып отыр. Мемлекеттік тілді сонау бала бақшадан, мектептен жаппай оқытуды қолға алмай, жоғарғы оқу орындарында, ұйымдар мен мекемелерде оған ерекше көңіл бөлмей, бұл аса күрделі мәселе шеше алмаймыз.
Президентіміз биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мемлекеттік тіл ретінде бүкіл қоғамымызды топтастырып отырған қазақ тілін оқыту сапасын арттыру қажеттігіне ерекше назар аударып отыруы жайдан-жай емес. Бұл оқу-білім жүйесіндегі басшыларды ана тілдік ахуалды шынайырақ тани түсуге, терең ойларға, батыл шешімдерге жетелейтін шығар.
Тілімізді билік жүйесінің тілі етпей, іс оңға баспайды. Сондай-ақ тіліміз ананың тілі болмай, ешнәрсе шықпайды. Өйткені ана өз тілінде сөйлемей, бала ана тілінде сөйлемейтінін өмір көрсетіп отыр. Бұл мәселелер қазір айрықша өзекті болып отыр.
Сөзіміздің соңында «Мемлекеттік тіл туралы» Заң жобасын газет бетінде басып, оны талқылауды ұйымдастырған «Ана тілі» газеті ұжымына жоба авторлары атынан рахметімізді айтып, риза көңілімізді білдіргіміз келеді. Бүгінге дейін түскен орынды ұсыныстар мен пікірлерді барынша пайдалануға тырыстық. Алда да орынды ойларды қаға беріс қалдырмаспыз. Ал «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл туралы» Заң жобасын ұсынып, ерекше жанашырлық танытқан жоба авторлары - «Ұлт тағдыры» қозғалысының басшыларымен және тиісті министрліктердің өкілдерімен кейбір мәселелерді пысықтай түсу үшін арнайы кездесу ұйымдастыру да ойда жоқ емес.
Қорыта келе айтарымыз, елімізде мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілінің қазіргі ахуалынан туындайтын арнайы Заңның қажеттігі туралы мәселенің басы ашық. Әңгіме оның қандай болуында. Көпшіліктің арнай талқысына ұсынылған осы Заң жобасы көп болып жұмылсақ, мүмкіндігінше төрт аяғын тең басып, келесі белеске бет алар деген үміттеміз. Үмітсіз шайтан болсын.
Мақала профессор Жұмағали Әбуовпен телавторлықта жазылған
// «Ана тілі», № 24, 12- маусым, 2008 жыл.
Әбдіжәлел Бәкір: «Тіл тағдыры», 2013 ж.