Жаңалықтар

Әз-Наурыз – татулық пен бірліктің көрінісі

Айтулы мейрамды әлемде 300 миллионнан аса адам атап өтеді
Әз-Наурыз –   татулық пен бірліктің көрінісі
19.03.2020 12:08 7177

Ұлыстың ұлы күні саналатын Әз-Наурыз – дүние жүзі халықтарының көпшілігіне ортақ мейрам. Наурыз айының 22 жұлдызында ежелден күн мен түн теңеледі деп санаған. Бұл уақытта үш ай бойы саршұнақ аяздың құрсауында болған барша тіршілік иелері ояна бастайды. Тіпті бұл мереке халқымыз үшін тепе-теңдік пен игіліктің, жаңару мен жақсылықтың нышаны болып саналады.

Әз-Наурыз мейрамы Орта Азия елдері арасында 5000 жыл бойы тойланып келеді. «Наурыз» сөзі парсы тілінен аударғанда «Жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Халық арасында ерекше қолдауға ие мейрамның шығу тарихы турасында талас көп. Көпшілігі ел аузындағы аңыз-әңгімелерге жүгінеді.

ab87a5662e1ec07fc46ccb25210c682f.jpg

Кейбір ғалымдар Наурыздың үш мың жылдан бері Балқаннан бастап Орталық Азияға дейінгі аумақтарда тойланғанын алға тартады. Тіпті «мейрам XVIII ғасырға дейін Ежелгі Грекия, Рим, Ұлыбритания елдерінде тойланып келген» деген тарихи деректер де сақталған. Сонымен қоса, ұлық мейрам жайында тарихи ақпараттар сонау ежелгі және орта ғасырдағы жазушылардың шығармаларында да кездеседі. Осы мейрамды түбі бір түркі тілдес елдер де дүбірлетіп тойлауды дәстүрге айналдырған.

Тарихшы әрі қоғам қайраткері Қойшығара Салғараұлы: «Бұл түркілердің төл мейрамы. Кейіннен Орта Азия аймағына, Қазақстан аумағына парсы елі үстемдік еткен уақытта ол «Наурыз» деген атқа ие болған. Мейрамды түркі бабаларымыз ертеден бастап атап өткен. Ал түркілер осы мейрамға «Жас күн» деген атау таққан. Яғни жарық пен қараңғының, жақсылық пен жамандықтың теңесетін күні болып есептеледі» дейді.

250d14f23b1fbdceabc9bc080a1bffcd.jpg

Тарихшы Жамбыл Артықбаев ілгеріде айтқанымыздай қазақтың төл мейрамының Еуразия даласында 2-3мың жыл емес, 12-13 мың жыл бұрын атап өтіле бастаған деген пікірді ұстанады. Бүған бірнеше себеп те бар.

– Әз-Наурыз мерекесі б.з.д 7-6 мыңжылдықты қамтитын неолит не жаңа тас кезеңі яғни осы заманда пайда болды деп ойлаймын. Не себепті? Сол дәуірде күллі адам өмірінде ауқымды бетбұрыстар болды: төрт түлікті яғни малдарды қолға үйретіп, егін егу ісі біртіндеп қарқын ала бастады. Ал бұл өз кезегінде адам баласының өмірін байытып, өсуіне, жан-жағындағы қоршаған ортаны тануға таптырмас мүмкіндік еді. Бірақ мұндай өзгерістер оңай келе салған жоқ. Осындай оң бетбұрыстар миллион жылды қамтитын палеолит кезеңіндегі өсудің, алға қадам басудың, ілгерілеудің жемісі   деп есептеген жөн, - дейді Жамбыл Артықбаев.

Екіншіден ұлыстың ұлы мейрамын Нұқ пайғамбарымызбен байланыстырады. Сол дәуірді тарихшылар «топан су заманы» деп те атайды. Жер бетіндегі ақырғы топан су басу оқиғасы б.з.д. XII-XI мыңжылдықтарда болғаны көп деректерде айтылады. Тарихшының айтуынша осы кезең ілгеріде айтқан жаңа тас заманымен тұспа-тұс келіп тұр.

ab5eef74782ee083577c596f54cca3ba.jpg

– Сонымен қатар, бұл сөздің Алтай халықтарымен қоса, үлкен тіл топтарының барлығына қатысы бар. Демек, «Наурыз» сөзі көптеген тілдер бір-бірінен бөлінбей тұрғанда пайда болған. Мәселен, осы көне сөз біздің тілімізде «береке» дегенді білдірсе, Иран мен Еуропа елдерінде «жаңа», «нью» мағынасында түсіндіріледі. Бұдан «Наурыз» сөзінің түбі сонау неолит кезеңіне баратындығын байқауға болады.

Ал ендібіреулер Наурыздың шығу тарихын Парсы патшасының жасаған жорықтарымен байланыстырады. Кезінде Парсының билеушісі Джамшид ел аумағын аралап жүріп, Әзербайжан атты мекенге тап болады. Дәл сол маңда уәзірлеріне тез арада күнгей жаққа қаратып үлкен тақ орнатуға пәрмен береді. Нәтижесінде күннің сәулесі тақпен шағылысып, қоршаған ортаны ерекше нұрға бөлеген деседі. Сол сәттен бастап халық бұл күнді жаңа жыл ретінде атап өтуді салтқа айналдырған екен.

Қазақ халқында бұл мейрамды «Ұлыстың ұлы күні» деп атайтыны көпшілікке мәлім. Ал түрік моңғол тілдес халықтар «ұлыс» деп бүтіндей бір елді айтады. Яғни   мейрам елдің ең басты мерекесі дегенді білдіреді. «Қазақ жұртының осындай жауһарларды сақтап келгеніне таң қаламын әрі бұл сөз қазақ халқының ертеде өз алдына дербес әрі бүтіндей ел болмаған сынды осыған ұқсас басқа да жайттарға жауап беретін тарихи дерек деп есептеймін» дейді тарихшы.

– Ежелде қазақ халқы арасында арнайы мамандар ай мен жұлдыздардың қозғалысын бақылап, сәл өзгеріс болса, бірден елге хабарлап отырған. Аспан денелері үздіксіз қозғалыста болғандықтан тірі дүниелерде де өзгерістер орын алып тұрады. Ол кезде біздің жұрт Сырдың бойына қыстап, Сарыарқаны жайлап жүргенде Мәуреннахрға жақын болған. Сондықтан қазақтардың мейрамды тойлау дәстүрінде сол елдің өлкесімен ортақ дүниелер баршылық.

1553222823_a22adaafc66f8b2eb6ca368107aa4b58.jpeg

Көктемнің алғашқы айындағы бұл мейрамды еліміз «Армысың, Әз-Наурыз» не «Әз болмай, мәз болмас» сынды сөздермен қарсы алады. Шежіре деректеріне сүйенсек, мейрам қатарынан сегіз күн тойланады.

– Мәжһүр Жүсіп Көпейұлының қолжазбасында Наурыз мейрамын тойлауға қатысты деректер келтірілген. Онда мейрам ханның сарайының алдында бастау алып, «Ескі жыл шығып, жаңа жыл келді» деп патшалар барабан соқтырады. Осылайша барша халық ұлық мейрамды   думандатып, тойлатады» делінген.

Тарихшы бұл мерекені көбінесе Батыс Қазақстанда қалыптасқан «Көрісу» мейрамынан бастап тойлаған жөн деген пікірді алға тартады.

Қыстан аман-есен шығып, күн нұрына бөленетін наурыз мейрамында адамдар бір-бірімен көрісіп, жылы лебіздерін білдіріп жатады. Тіпті қазақ халқының арасында осы уақытта дүние есігін ашқан қыздарға Наурыз, Наурызжан, Наурызгүл, ер балаларға Наурызбай, Наурызхан, Наурызбек сынды есімдерді ырымдап қою дәстүрге айналған.

Бір айта кетерлігі, өткен ғасырда Наурызды діни мейрамдардың санатына кіргізіп, көпшілік арасында атап өтуге тыйым салған болатын.

– Бұл мейрамның қандай да бір дінге қатысы жоқ. Кезінде түрлі бағытта зерттеулер жүргізіп, шежірелер жинақтап жүргенде қариялар «Кеңес үкіметі 1926 жылы орнап, салт-дәстүрлерімізге тыйым салған болатын» дейтін. Солардың бірі осы Наурыз мейрамын тыю болатын. Осылайша қазақ пен қоса өзге де түркі халықтарының жаңа жыл мейрамы саналатын Наурызды орыс жаңа жылына бейімдеу қажет болған. Сол себепті 1926 жылға дейін тойлап келген қазақ халқы ұлттық дәстүрлерден уақытша ажырап қалған. Нәтижесінде салт-дәстүр, әдет-ғұрып, дастархан мәзірі және т.б. ұлтымыздың басқа да құндылықтарына мейлінше мән беру аздап бәсеңсіп қалған еді.

Дүние жүзіндегі көне діндердің бірі зороастризм б.з.д. II мыңжылдықта пайда болса, наурыз мейрамының шығу тарихы б.з.д. VI-VII мыңжылдықтарды қамтиды.

Біршама жылдар бой тойланбай қалған мереке 1988 жылдан бастап қайта тірілді. Тіпті Елбасы наурыздың 22-сін «Әз-Наурыз мерекесі» етіп жариялап, 2009 жылы наурыздың 21,22,23 күндерін «Наурыз мерекесі» етіп бекіткен болатын.

– Ұлтымыздың бұрынғы әдет-ғұрыптары жайында Мәшһүр Жүсіптің еңбектерінде қызықты мағлұматтар келтіріледі. Шежірешінің еңбегінде «Наурыз мейрамын жандыда судағы балық біледі» делінген. Кезінде аулаған балықтарды арнайы су құйылған ыдысқа толтырып, көпшілікке ұсынған. Олардың барлығы балықтарға көз алмастан қарап отырады. Арада көп уақыт өтпей балықтардың барлығы теп-тегіс жата қалады. Бір мезетте олар екінші жағына қарай аунайды. Сол сәтте патшалар барабан ойнатқызып, «ескі жыл кетіп, жаңа жыл кірді!» деп дүркіретіп тойлаған.

Осыдан кейін көпшілік арасында «Мейрамның кіргенін жандылардан балық білсе, жансыздардан Самарқанның көк тасы біледі» деген сөз тараған-ды. Бұл жердегі «Самарқанның көк тасы» Мәуреннахр мемлекетіндегі болашақ хандарды ақ кигізбен көтерген соң, арнайы отырғызатын киелі тас. Кезінде бұл тасқа отыру қазақ хандарының арасынан Тәуекел ханға бұйырған болатын.

f1028dfb451cb04a4efd6480830cc710.jpg

Дәстүр бойынша мейрамды барлық ауыл-аймақ таң шапағатын қарсы алудан және арықтарға су жіберу, ағаш отырғызу, гүл егу сынды шаруалардан бастайды. Кейін жұртшылық арасында ұлттық ойындар ойнатылып, әндер орындалып, ақындар айтысып, мың бұралған бишілердің биімен жалғасады. Ал кешке таман «Алтыбақан» жанындағы тамаша көрініспен аяқталады. Келесі күннен бастап халық жаппай көктем мезгіліндегі егіншілікке кіріседі.

Кейінгі ғасырларда бұл мерекені атап өту түрі аздап өзгергенімен түп тамыры сақталған. Оған Наурызды тойлайтын елдер ақ дастарханына жеті түрлі тағам түрін қоюды ұмытпағаны дәлел бола алады. Көрші Әзербайжан мен Тәжікстан мемлекеттерінде әз-Наурыз мейрамына қараған түні арнайы от жағылып, одан секіру дәстүрі бүгінгі күнге дейін өткізіліп келеді. Сол оттан жеті мәрте секірген жандар өзінің жаман қасиеттерінен арылып, дендерінің сау болатындығына сеніммен қарайды. Бұл дәстүр өз кезегінде қазақ халқының отпен аластау рәсіміне ұқсас екені байқалады. Сонымен қоса, осы күн шуақты әрі нұрлы мейрам қара күштердің жеңіліп, жер бетін тазалау ұғымымен байланысты болып келеді.

Бұл мейрамды түркі тілдес елде әртүрлі атауға ие: тәжіктерде «Бәйшешек», татарларда «Нардуган», бирмалықтарда «Су мейрамы», хорезмдіктерде «Наусарджи», буряттарда «Сагаан сара», армяндарда «Навасарди», чуваштарда «Норис ояхе» дейді.

Жалпы Наурыз мейрамын ЮНЕСКО 2009 жылы адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізген. Ал БҰҰ Бас ассамблеясы 2010 жылдан бастап «Халықаралық Наурыз мейрамы күні» ретінде атап өтуде. Осы ұйымның дерегіне сүйенсек, әз-Наурызды көктем мейрамы ретінде әлемде 300 миллионнан аса адам тойлайтын көрінеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға