Зүлфия Чиншанло: "Енді Рио Олимпиадасына дайындаламын!"
Алматыда ауыр атлетикадан өтіп жатқан әлем чемпионатында 53 килограмм салмақ дәрежесінде жарысқа қатысқан қазақстандық спортшы Зүлфия Чиншанло үшінші рет әлем чемпионы атағын жеңіп алды.
Зүлфия алтын медальден бөлек жаңа рекорд орнатып, Азия ойындарында есе жіберген қарсыласын да қапы қалдырды.
– Азия ойындарында дәл осы қарсыласыма ұтылғанымды білесіздер. Сондықтан, Алматыдағы жарыста қалай да есе қайтарамын деп өз-өзіме уәде берген ем. Азия ойындарының өткеніне әлі 40 күн болған жоқ. Шаршау байқалды, бірақ үзіліссіз 37 күн бойы тек алтын аламын деген мақсатпен жаттықтым. Әлем рекордын жаңартуға да дайын болдым. Қарсыласым 135 килограмм көтерсе, мен 136 килограмға барар едім. Салмақ қудым. Бүгінгі салмағым 52 келі, 950 грамм шықты, – депті сұхбатында.
Зүлфияның қарсыласы Ли Жансун шынында да мықты болды. Зүлфияға Ли Жансуннан басым түсу үшін тек әлемдік рекордтарға бару тиіс болатын. Спортшы дегеніне жетті.
– Қиын болатынын білдім. Ли Жансуннан басым түсу үшін тек рекорд жаңарту керек. Соңғы салмақ өте ауыр тиді. Қуанышыма орай бағындырдым. Енді 2016 жылы Рио-де Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарында қоссайыс бойынша рекорд жаңартқым келеді. Сол кезде дегеніме жетемін! – дейді Зүлфия.
Естеріңізге сала кетейік, Зүлфия Чиншанло 98 килограмды жұлқа көтеріп, серпе көтеру сынында 134 киеліні бағындырды. Серпе көтеруден әлем рекордын жаңартқан Чиншанло үшінші рет әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Қоссайыс бойынша ол 236 келі салмақты көтерген еді.
Зүлфияның осы уақытқа дейінгі барлық көрсеткіштерін таразыдан өткізе келе оның қарқынды даму үтсінде жүргеніні байқаймыз. Соңғы Азия ойындарындағы күміс жүлдесін ұлттық құраманың бас бапкері Алексей Ни "Алматыда Әлем чемпионы болады!" деп нық сеніммен ақтап алған болатын. Енді міне, сол күнге де жетті. Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарына 2 жылдан аз уақыт қалды. Үш дүркін Әлем чемпионы Зүлфияның да арманы екі дүркін Олимпиада чемпионы болу.
Бір қызығы, осы жарыс аяқталған соң Зүлфия Чиншанло жанкүйерлерге сөз байласып жүрген жігітін таныстырды. Жігіті Ли Юнчинг те зілтемірші болып шықты. Қытайлық спортшы Зүлфияға қолдау білдіру үшін арнайы кепті.
Зүлфия Чиншанло биыл Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен 27-жазғы Азия ойындарында күміс медаль иеленген еді.
Ол бұған дейін 2009 және 2011 жылдары әлем чемпионаттарында, 2012 жылы Лондон Олимпиадасында жеңімпаз атанған. Сондықтан, Зүлфияның спорттағы карьерасына табысты өтіп жатыр деуге толықтай негіз бар.
Әзірлеген – Досжан Мейірбек.