Жаңалықтар

Қызылжар өңірінің тарихы

Археологиялық қазбаларға қарағанда адам Қызылжар өңірінде алғаш рет палеолит дәуірінде пайда болған.
04.09.2014 04:04 9112

Археологиялық қазбаларға қарағанда адам Қызылжар өңірінде алғаш рет палеолит дәуірінде пайда болған. Бұған мемлекет қорғауындағы 500­ге жуық археологиялық ескерткіштер дәлел. Қола дәуірінің қазбалары мәдениеттің, тұрмыс пен әскери өнердің жоғары деңгейі туралы мағлұмат береді. Энеолит кезеңіндегі ата­бабаларымыздың өмірін қайта қалпына келтірілген «Ботай» қонысы бейнелейді. Бүгінгі күні бұл қоныс туристер көптеп келетін мұражай кешеніне айналды. Әлемде алғашқы болып Солтүстік Қазақстанның орманды даласында жылқы малы қолға үйретілген.

Тағдырдың жазуымен ата­бабамыз мыңжылдықтар бойы Еуразияның көші­қон жолдарының дәл ортасында өмір сүрді. Біздің өлке қазақ халқының пайда болуының кең тарихи үрдісінің ажырамас бөлігі болды. ХV­XVI ғасырларда көптеген түркі рулары мен тайпалары бір мемлекетке қосылды. Оның нығаюына Жәнібек пен Керейдің, Қасым мен Есімнің, Тәуке мен Абылайдың, атақты батырлар – Қарасай мен Ағынтайдың, Қожабергеннің, жанкешті Баян Батыр, Тілеке және Құлсары батырлардың, Ер Жабай, Жанатай, Жәпек батырлардың әрекеттері ықпалын тигізді.

Жүздерге бөлінген тұрғындардың негізгі кәсібі көшпенді мал шаруашылығы еді. Аталмыш атакәсіп ерте кезде Еуразияның далаларында қалыптасқан басқалардан өзгеше шаруашылық­мәдени үлгі болатын.

Қазақтың белгілі ғалымы, Солтүстік Қазақстан облысының тумасы Шоқан Уәлиханов XVIII ғасырдың басын қазақ халқының өміріндегі ең қатал кезең ретінде таныса, 1723 жылды ұлы апат болған уақытқа балап еді.

Жоңғардың Қазақстанға баса­көктеп кіруі салдарынан адамдар қаза тауып, мал қырылды, қыстаулар жойылып, халық солтүстік пен батысқа жаппай жер аударды. Сыртқы саяси жағдай шиеленіскен соң, қазақ хандықтарының басшылары Ресей мемлекетінің бодандығын қабылдады.

1752 жылы Есіл өзенінің сол жақ жағалауындағы «Қызылжар» деп аталған тоғайлы жерде Петр бекінісі салынып, кейін ол облыс орталығына айналған Петропавл қаласы мәртебесіне ие болды.

Өлкеміздің тарихы XVIII ғасырда Орталық Азияда аса беделді мемлекет қайраткері болған Абылай ханның есімімен байланысты.

Абылай ханның бастамасымен Петропавл жүзжылдықтар ішінде ірі және айырбас және транзиттік сауда орны ретінде дами түсті.

Тарихи әдебиеттерде жазылғандай, ХVІІ­ХVІІІ ғасырларда Қызылжар өңірі «Қызылжар уәлаяты» деп аталды. «Уәлаят» сөзі кіші хандық, аймақ деген сөздердің ұғымын береді. Уәлаятты билеушіні «шора» деп атаған. Бұл сөз кіші хан, аймақ билеушісі деген мағына берген. Бұл аймақтың алып жатқан жері: батысында – Қостанай облысының Құсмұрын­Аманқарағай, одан әрі Тобыл өзені бойымен Звериноголовск қалашығы, қазіргі Ресей елінің Қорған облысына қарасты Лебяжі, Мокроусов, Макушино, Петухов аудандары, Түмен облысының біраз жерлері (Есет, Құлшыман, Ишим аудандары), Омбы қаласы, Көкшетау жерлері болған. Орта жүз қазақтары бұл жерге ХV ғасырдан бастап мекендей бастағанын айғақтайтын деректер жетіп артылады. Бұлар «Ақтабан шұбырынды» (1723) жылдарына дейін Қаратау маңын қыстау етіп, қазіргі мекендеп отырған терістікті жайлау еткен. Қалмақтардан ығысқан Орта жүз қазақтары тек 1723 жылдардан бастап бұл өңірді түпкілікті қоныс етеді. Бұған дерек орнына Қожаберген жыраудың «Елім­ай» дастанынан үзінді келтірейік:

 

Шығысын Қаратаудың қыстау етіп,

Батысын Сарыарқаның жайлаушы еді.

Арқаны жыл аралата қыстап шығып,

Жалғанның қызығына тоймаушы еді.

 

Тоғайын Омбы өзені жұртым қыстап,

Баптаған алғыр тазы, қыран ұстап.

Ертеден Керей қоныс еткен Сібір

Қорғаған жаудан ерлер қару ұстап.

 

Сібірдің батыс жағын мекендеген

Ел жайлап Керей-Уақ еркіндеген.

Ту ұстап, «Ошыбайлап!» ұран салсам,

Жігіттер бірі қалмай соңыма ерген.

 

Баяндау шындық істі болар дұрыс,

Қызылжар уәлаяты – біздің ұлыс.

«Есімдері ел есінде», құрастырған Абай Тасболатов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға