Жаңалықтар

Қызылжар өңіріндегі қазақтардың қоныстануы мен қоғамдық құрылысы

ХІХ ғасырда облыс халықтарының қоныстануы мен қоғамдық құрылысы: Ресей мемлекетінің 1822 жылғы «Сібір қазақтарын билеу» туралы ережесі бойынша Қызылжар өңірінде бірінші болып 29.04.1824 жылы Көкшетау дуаны құрылды.
03.09.2014 11:53 3793

ХІХ ғасырда облыс халықтарының қоныстануы мен қоғамдық құрылысы: Ресей мемлекетінің 1822 жылғы «Сібір қазақтарын билеу» туралы ережесі бойынша Қызылжар өңірінде бірінші болып 29.04.1824 жылы Көкшетау дуаны құрылды. Бұл дуанды (округті) Бурабай жерінде салу жоспарланғанмен, қазақтар Бурабайдың сұлу табиғатын орыстарға былғатпаймыз деп Бұқпа тауының етегінде,  Қопа көлінің  жағасына  салғызған  екен.   Бұл   дуанға   1834   жылы Есіл өзенінің терістігінен Аманқарағай дуаны (кейін Құсмұрын дуаны деп аталған) ашылғанша қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының біраз жері қараған. Тарихшы Қ. Әбуевтің деректері бойынша дуанға 40 мың адам, 8778 шаңырақ, 144 ауыл, 17 болыс қараған. Дуанның алғашқы аға сұлтаны – Ғұбайдолла Уәлиев, заседательдері (аға сұлтанның орынбасарлары) болып Марданов, Боранбаев, Байтоқин, Мүсет Жәнібековтер   сайланады.

1830 жылы қаңтар айында Аманқарағай дуанын ашпақ болып, оған қарайтын қазақтардың тiзiмiн алады (Омбы архивi. «По устройству Аманкарагайского округа». 3-қор, 12-тізiм, 17681-іс). Қазiргi Жамбыл ауданының жерi Аманқарағай, кейiн Құсмұрын дуанына қараған.

Есеп алу кезiнде әр ру бойынша үй санын, адам санын, жылқысын, iрi қара малын, тiптi қой­ешкiсiнiң санын алған (әрине, салық салу үшiн). Есеп алу жұмысына әр рудың беделдi адамдарын және үкiмет чиновниктерiн пайдаланған.

Әрине, бұндай тiзiм тарих үшiн емес, Аманқарағай дуанына қарасты қазақтардың құрамын анықтау, малдарының санының есебiн алу, өйткенi қазақтардан жинайтын салық үй санына (кибитка) және малдарының санына байланысты салынды.

Солтүстiк Қазақстан облысы жерiндегi Есiл өзенiнiң Тобыл өзенiне дейiнгi солтүстiк бетi Аманқарағай (1830), кейiн Құсмұрын (1835) округi құрылды.

 

***

Жаңадан құрылған Аманқарағай округінің аға сұлтандығына халық Есенейдi ұсынғанмен, Ресей үкiметi басшылары бұл ұсынысты қабылдамайды. Өйткенi, губерния басшыларының түсiнiгiнде қара қазақтан шыққан адамдар ел басқара алмайды, қазақ елiн тек қана хан тұқымынан шыққан адамдар ғана билеу керек деп санаған. Өзiнiң аға сұлтандыққа өтпесiн бiлген Есеней ауыл арасына сiңiсiп кеткен Абылай ханның көп әйелдерiнiң бiрiнен туған баласынан тараған Жалбыр Абдуллиндi аға сұлтандыққа ұсынады. Бұл адамды хан тұқымынан болғандықтан бiрден бекiтедi (Жалбыр Абдуллиннiң кiшi  қарындасы Айтолқынды Есенейдiң әкесi Естемiстiң iнiсi Есiркептiң баласы Есенәлi алған). Жалбыр Абдуллин жуас, ел басқару тәжiрибесi де, оқығаны да шамалы адам болады. Сондықтан дуанның (округтiң) барлық жұмыстарын заседательдерi болып сайланған Есеней Естемiсов пен Тәбей Барлыбаев билейдi.

Аманқарағай дуанына қарасты халықты жоғарыда аталған ру жiгiмен алдымен ауылға, ауылдарды болыстарға бөлген. Әр ауылдың, болыстың басшыларын сайлап, әр болыстың тиесiлi жерiн бөлiп берген. Дуан (округ) құрыларда жасалған шарт бойынша қазақтар үйлерiнiң және малдарының санына қарай жасақ (салық) төлеуге мiндеттенсе, үкiмет қазақтардың жерлерiн, малдарын барымташылардан қорғауға тиiс болған. Бiрақ патша өкiметi тарапынан бұл өзара келiсiм орындалып отырмаған. Мысалы, 1831 жылы тамыз айында дуанның аға сұлтаны Жалбыр Абдуллин, старшындар: Есеней Естемiсов, Тәбей Барлыбаев, Құндыбай Мамашев, Бiркен Малқаров, Тоқсан Малғаждаров Пресногорьков бекiнiсiне келген Тобыл губерниясы басқармасының бастығы генерал­губернаторы И.А. Вельяминовке жазбаша хабарлама (докладная записка) тапсырады (Омбы архивы. 3-қор, 12-тiзiм, 18681-іс).

1830 жылы Есiл өзенiнiң терiстiк бетiнде Тобыл өзенiне дейiнгi аралықтағы жердi қамтитын Аманқарағай дуаны құрылғанмен тарап кеткен болатын. Оған бiрнеше  себептер болды. Бiрiншiден, дуанға қарасты халық өзара келiсiм бойынша дуанға жасақ (салық) төлеп тұру керек болса, дуан басшылары өзiне қарасты халықтың жерiн, дүние­малын ұры­қарыдан қорғауға тиiстi болды. Дуан халықтан салықты жинап алғанмен, өзiне тиiстi шартты орындай алмады. «Ащы белдеу» бойында орналасқан казактар қазақтардың құнарлы жерлерiн тартып алып, атақоныстарынан айырды. Жергiлiктi қазақтар мен белдеу бойындағы казактар арасындағы жанжал қарулы қақтығыстарға дейiн барды. Марал ишан қозғалысынан басталған орыс старшындарына деген жергiлiктi халықтың өшпендiлiгi басыла қоймады. Халық салық төлемей, дуан басшылығына бағынбады.

Батыс Сiбiр губерния басшылары 1834 жылдың тамыз айында тарап  кеткен Аманқарағай  дуанын қайтадан ашты. Жоғарыда   айтылған   жағдайларға   байланысты   Көкшетау дуанынан он жыл кеш ашылды. Елдi хан тұқымынан шыққан адам ғана билеу керек деген қалыптасқан дәстүрмен дуанның аға сұлтаны болып Шыңғыс Уәлиханов (1811­-1902 ), орыс кеңесшiсi Язы Янов, қазақ кеңесшiлерi (заседательдерi) болып Есеней Естемiсов, Тәбей Барлыбаевтар сайланды. Дуанға қарасты халық болыстарға бөлiнiп, болыстар ру жiгiмен бөлiндi. «Бөлiп ал да, билей бер» саясатымен халықты жiкке бөлiп, бiрiгiп кетпеуi үшiн ру арасында жiкшiлдiк туғызып отырды. Сол уақыттағы Аманқарағай дуаны халқының құрамы төмендегiдей болды (Алматы архивi. 345-қор, 1-тiзiм, 1869-iс).

Кейiн (1835 жылы) Құсмұрын болып аталған Аманқарағай сыртқы округі Обаған мен Есiл өзендерiнiң аралығындағы, оңтүстiкте – Торғай өзенiнiң бас жағын, солтүстiкте «Ащы белдеу» бойына дейiнгi жерлердi қамтыды. Округ (дуан) жерiнде: 62 ауылдан тұратын (3192 шаңырақ) Керей (Сибан, Балта, Көшебе, Еменәлi, Самай, Матақай), 1773 шаңырақты бiрiктiретiн Арғын, 123 шаңырақтан тұратын Қыпшақ, 1957 ша­ ңырақты бiрiктiретiн 32 ауылдан тұратын Уақ (Баржақсы, Бидалы, Жансары, Шайгөз) тайпалары мекендедi. Бұл  округ қазақтары Есiл, Обаған өзендерiнiң жағалауларын, қалың ормандар  арасын қыстап,  жазда шөптiң  жақсы жайылымдықтары бар жерлерге көшiп жүрдi.

«Есімдері ел есінде», құрастырған Абай Тасболатов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға