Жаңалықтар

Қызылордада жаңа ипподром ашылды (ФОТО)

Қызылордада жаңа ипподром ашылды
05.10.2015 08:59 4748

Қызылордада «Алтын күз-2015» мерекесінде жаңадан ипподром ашылып, ат бәйгесі өтті. Шараға аймақ басшысы Қ.Көшербаев қатысып, облыс жұртшылығын мерекелерімен құттықтады.

Қызылордада жаңа ипподром ашылды (ФОТО)

Облыс орталығында  жаңадан  пайдалануға берілген  ипподром мемлекеттік жеке-әріптестік аясында «ҚазГерМұнай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің  қаржысынан салынды. Барлық халықаралық талаптарға сай. Мұнда, ат спорт түрлерін үйрететін үйірмелер жұмыс жасайтын болады. Енді аймақта жоғары деңгейдегі жарыстарды өткізіп, ұлттық спортты ұлықтауға мүмкіндік бар.

Қызылордада жаңа ипподром ашылды (ФОТО)

– Қазақта атқа байланысты теңеулер, әндер, жырлар көп. Бұл жылқы жануарын киелі санағанның белгісі.  Республикалық жарыстарға облысымыздан қатысқан ауыздығынан жел ескен, асыл тұқымды  «Император», «Қара қыз» секілді тұлпарлар ел аузында аңыз болып айтылып жүр. Бүгін пайдалануға беріліп отырған жаңа ипподромда сол сәйгіліктердің ізін жалғайтын тұлпарлар шығатынына сенімдіміз. Мереке баршаңызға құтты болсын, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

Қызылордада жаңа ипподром ашылды (ФОТО)

Күні кеше облыста егін жинау науқаны аяқталды. Диқандар биылғы жылды табысты аяқтады. Солардың арасындағы үздіктері мереке барасында марапатталып, автокөлік кілттері табысталды.

Ат бәйгесі үш түрі бойынша өтті. Жарысқа Алматы, Шымкент, Тараз және Қызылордадан 42 сәйгілік қатысты. Құнан бәйгеде шиелілік Маханбет Майлыбайдың «Реана» атты жылқысы топ жарды. Шабандозы Медет Есентұр. Ал, қызылордалық Сабырхан Ерасыл шапқан «Дарабоз» атты сәйгілік тоқ бәйгеде шашасына шақ жұқтырмады. Аттың иесі – Бақтияр Бекежанов.  25 шақырымға созылған аламан бәйге жарыс көркін қыздырды. Көрермендердің қиқуы, сәйгіліктерге шабыт берді. Бұл сындада қызылордалық «Айторы» есімді жылқы жеңімпаз атанды. Шабандозы Ерболат Досжанов, ат иесі – Талғат Киікбаев. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ақшалай сыйлықтармен және арнайы дипломдармен марапатталды.


Әзірлеген: Досжан Мейірім

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға