«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында Қызылорда қаласында нан және кондитерлік өнімдер шығаратын цех өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Қызылордада кондитерлік цех ашылды
Жоба құрылтайшысы болған «RetailA-A» ЖШС компаниясының директоры Бейбіткүл Баймаханованың сөзінше, цехтың өндірістік қуаты бір айда 75 тонна дайын өнім шығаруға жетеді. Кәсіпорын жергілікті нарыққа нан мен кондитерлік өнімдердің 50-ден аса түрін өндіріп отыр.
Индустриалды-инновациалық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылған «RetailA-A» ЖШС-нің «Нан және кондитерлік өнімдерін өндіру» жобасы Өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілгенін айта кеткен жөн.
«RetailA-A» ЖШС негізі қаланған уақыттан бастап тағам өнімдері саласында «Аль-Асад» сауда маркасымен бөлшек сауда-саттықпен айналысып келеді. Бүгінде компания мемлекеттік қолдау аясында жаңа өндірісті іске қосуға мүмкіндік алды. Даму Қорының бөлшек кепілдендіру құралын пайдалана отырып, «Бизнестің жол картасы 2020» бірыңғай бағдарламасы аясында «RetailA-A» ЖШС «СбербанкРоссии» АҚ 22,5 млн.теңге несие рәсімдеп, жаңа заманғы қондырғылар сатып алуға қол жеткізді. Кәсіпорын сондай-ақ субсидиялау түріндегі қолдауға да ие болды, яғни несиенің 14% үстемесінің 7% мемлекет өтеп отыр. Компанияның материалды-техникалық базасының қуаттылығы арқасында, сапалы өнімдерді тек қала шеңберінде емес, облыс көлемінде жеткізуді өзінің автобазасын пайдалана отырып жүзеге асыра алады. Қазіргі таңда, «RetailA-A» ЖШС өндіріс қуатын арттыру мақсатында мемлекеттік қолдау аясында қосымша несие қаражатын тартуды жоспарлап отыр.
Ескере кетерлік бір жайт, жобаның жүзеге асуы барысында кәсіпорынмен жаңадан 35 жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылды.