Қызылордада жалпыұлттық бірлік пен бірегейлікті қалыптастыру бойынша мемлекеттік саясатты іске асыру жолдары талқылануды

Қызылордада Қазақстан халқы ассамблеясының қолдауымен ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының ұйымдастыруымен «Қазақстан халқы Ассамблеясы: миссиясы, міндеттері мен тетіктері» тақырыбында өңірлік семинар-тренинг өтуде.
Семинарды Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов алғы сөзбен ашты.
Өңірлік семинар-тренинг барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтің Қазақстан халқына арнаған Жолдауы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларының шеңберінде айқындалған жалпыұлттық бірлік пен бірегейлікті қалыптастыру бойынша міндеттердің мәнін ашып көрсету; Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық сананы жаңғырту, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік саясатты іске асырудағы миссиясы, міндеттері мен тетіктерін айқындау; ұлттың рухани жаңғыруы, сананың ашықтығы мен толерантты іскерлік қарым-қатынас қалыптастыруды азаматтардың бәсекеге қабілеттілігін дамытудың негізі ретінде зерделеу; полиэтникалық қоғамда инклюзивті әдістерді қолдану ерекшеліктерін қарастыру; қоғамдық және этносаралық келісім мәселелері бойынша тәжірибе және пікір алмасулар өтуде.
Семинар-тренинг жұмысына лекторлар мен тренерлер ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері, Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының мамандары, отандық ғалымдар мен сарапшылар қатысуда.
Семинар-тренингтің негізгі аудиториясы - Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Түркістан облыстары және Алматы, Қызылорда қалаларының этносаралық және конфессияаралық қатынастар мәселелерімен айналысатын мемлекеттік қызметшілері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, өңірлердегі ҚХА хатшылықтары мен «Қоғамдық келісім» өңірлік мекемелерінің мамандары, этномәдени бірлестіктерінің өкілдері.
