Жаңалықтар

Қызылорда ҚХА: Домбыра тілін түсінбеген қазақ өз халқының жанын да түсінбейді

Қызылорда ҚХА: Домбыра тілін түсінбеген қазақ өз халқының жанын да түсінбейді
09.07.2019 11:48 5583

Үстіміздегі жылдың 7 шілдесінде Қызылордадағы перинаталдық орталықта облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен Ұлттық домбыра күніне орай «Қасиетті домбыра» атты акция өтті.

Оған облыстық ассамблея жанындағы Аналар кеңесі, БАҚ өкілдері қатысты. Акцияның мақсаты – қазақтың ұлттық аспабы домбыраны дәріптеу арқылы қоғамды ұлттық мәдениетті сақтау және жаңғырту идеясының айналасында одан әрі топтастыра түсу.

MW6A9776.JPG

Облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Нұрсәуле Мұсаева өңірде бірінші болып дүние есігін ашқан нәрестеге арналған Қазақстан халқы ассамблеясының логотипі бейнеленген ұлттық домбыра аспабын және сəбидің анасына «Айналайын, Ұлы дала перзенті» атты домбыраның маңыздылығы туралы мәтінімен естелік тілегін салтанатты түрде табыстады.

Бұл сыйға төртінші сəбиін дүниеге əкеліп отырған Айнұр Пашкенова ие болды. Жұбайы теміржолшы болып жұмыс істейді. 

Домбыра – бұл жәй ғана музыкалық аспап емес. Бұл қазақ үшін тұтас бір әлем, шексіз ғалам, оның өмірі. Халықта «қазақтың жаны – домбыраның үнінде» деген сөз бар.

ҚХА акциясы домбыраның ата-бабалардың сан ғасырлар бойғы тарихы мен мәдениетінің сақталуына жәрдемдесіп, ұлттық кодты ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан нышаны ретінде әр үйдің төрінде тұру дәстүрін жаңғыртуды көздейді.

Аталмыш шара Қазақстанның жаңа туған азаматтары мен олардың ата-аналарына балаларын рухани қалыптастыру жолындағы маңызды бағдар болмақ. Өйткені, көне замандардан бері домбыра тілін түсінбеген қазақ өз халқының жанын да түсінбейді деп саналады. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға