Жаңалықтар

ҚЫЗЫЛ БАЛДЫРЛАР

ҚЫЗЫЛ БАЛДЫРЛАР, багрянкалар (Rhodophyta) — теңіздерде, су түбінде таралған балдырдың ең үлкен бөлімі.
31.08.2014 10:33 27437

ҚЫЗЫЛ БАЛДЫРЛАР, багрянкалар (Rhodophyta) — теңіздерде, су түбінде таралған балдырдың ең үлкен бөлімі. Қ. б. теңіздерде су асты жартастарына, рифтерге, үлкенді-кішілі домалақ, қиыршық тастарға, құмға, ал майда түрлері ірі балдырларға жабысып өседі.

Негізінен 20 — 40 м, ал қолайлы жағдайларда 100 — 200 м тереңдікте өседі. Кейбір түрлері ғана тұщы суларда кездеседі. 2 класқа (бангия, флоридия), 600-ден асатын туысқа жататын 4 мыңнан астам түрлері бар. Қазақстанда Қ. б-дың 22 түрі анықталған, оның 16-сы Каспий т-нде кездеседі. Қ. б-дың басқа балдырлардан ерекшелігі — құрамында биллипротеиндер — қызыл фикоэритрин мен көк фикоцианин пигменттері болады. Осы пигменттердің мөлшерлік ара-қатынасына байланысты оның түсі ашық қызылдан көкшіл жасыл және сары түске дейін өзгеріп отырады. Қ. б-дың басым көпшілігі анатом. және морфол. құрылыстары күрделі көп клеткалы ірі өсімдіктер. Тек аздаған түрлері ғана өте қарапайым бір клеткалы немесе шоғыр (колония) түзуші организмдер. Аналық көбею органы — оогомияларының құрылысы, зиготаның даму процесі күрделі. Споралары мен гаметалары талшықсыз, яғни өздігінше қозғала алмайды. Талломдары көлемі, құрылысы, пішіні жағынан балдырдың түріне қарай әр түрлі [жіпше, таспа, цилиндр, қабыршақ, торсықша, маржан (коралл) тәрізді] тілімделген және тарамдалған. Вегетативтік (су түбіне жайылған негізгі өркендерге жаңадан сабақтар пайда болуы арқылы; бір клеткалы немесе шоғыр түзетін түрлер клеткаларының екіге бөлінуімен), жыныссыз (моно-, ди-, тетраспораларымен) және жынысты (оогамия) жолдармен көбейеді. Даму циклінде осы жолдар бір-бірімен байланысты, кезектесе ауысып отырады. Қ. б-дың теңіз тіршілігіне ықпалы үлкен. Ол теңіз биоценозының басым бөлігін құрап, су жануарларының негізгі қоректерінің бірі болып табылады. Көбею клеткалары — тетраспораларының, карпоспораларының өте көп пайда болуы нәтижесінде жаға маңы суларында фитопланктонның  қалыптасуына ықпал жасайды (ұз. 1 м болатын Rhodymenіa pertusa 12 млн. карпоспор, ал оның тетраспорифті — 100 млн. карпоспор береді). Су асты маржан рифтерінің пайда болуы мен өсуіне маржан балдырларының ықпалы үлкен. Қ. б-дың көптеген түрлерінен салат, тұздық, сорпа жасалады, кептірілген күйінде де пайдаланады. Родимения және порфира түрлері жеуге жарамды болғандықтан, Тынық мұхиты жағалауындағы бірқатар елдерде (Жапония) оларды өндірістік тұрғыда арнайы өсіреді. Қ. б-дан бағалы зат — агар алынады, балдыр ұны тыңайтқыш, малға азық ретінде пайдаланылады.

С. Әбиев

"Қазақ энциклопедиясы"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға