Қызметкерлерді ынталандырудың тиісті жүйесі бар – министр
Халыққа қызмет көрсету орталықтарында жалақы 50% өседі
ҚР Цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрі Бағдат Мусин «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясындағы қызметкерлердің жалақысы өсетінін айтты, – деп хабарлайды El.kz порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
– Шын мәнінде, біз биыл олардың жалақысын 50 пайызға көтереміз. Екіншіден, қызметкерлерді ынталандырудың тиісті жүйесі бар. Мәселен, call-орталықтың бір қызметкері 100 өтінім, ал екіншісі 10 өтінім бойынша қызмет көрсетуі мүмкін. Осы орайда күніне 100 өтінімді қабылдаған адам басқаларына қарағанда 50 пайыз немесе 100 пайыз жоғары жалақы алады, – деді Б. Мусин Мәжілісте тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Осы орайда ол Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері арасында қарастырылған өтінімдер саны бойынша ынталандыру жүйесі бар екенін нақтылады.
– Жұмысын жылдам әрі жақсы атқаратындар мен құжаттарды баяу рәсімдейтіндердің еңбекақысын теңестіргіміз келмейді. Халыққа қызмет көрсету орталықтарының негізгі міндеті – өтінімдерді жылдам әрі сапалы қарастырып, мемлекеттік қызметтерді көрсету. Ынталандырудың тиісті жүйесі бар және ол бойынша жыл соңында сыйлықақы қарастырылған, - деді ведомство басшысы.
