Жаңалықтар

Қызмет барысында қаза тапқан әріптестерін еске алды

Қызмет барысында қаза тапқан әріптестерін еске алды
Фото: mgorod.kz 17.06.2022 15:47 2326

Қазақстан полициясының 30 жылдық мерекесі қарсаңында маңғыстаулық полицейлер қызмет бабында қаза тапқан әріптестері Нұрболат Елеусіновті еске алды, – деп хабарлайды El.kz порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Н. Елеусінов Нұрболат – Маңғыстау облысы ПД Жылдам қимылдайтын арнайы жасағында қызмет етіп, қызмет барысында 23 жасында қаза тапқан жас офицер. Нұрболаттың құрметіне ведомстваның «Намыс» демалыс орнында күш құрылымдары арасында еске алуға арналған спорт түрлерінен чемпионат өткізілді. Бұл чемпионат шағын футбол, арқан тартыс және қол күресі секілді кезеңдерден тұрды.

Спорттық шарада ПД Арнайы және жұмылдыру даярлық басқармасы, ПД оқу жаттығу ротасы, ПД жылдам қимылдайтын арнайы жасағы, Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің арнайы мақсаттағы жасағы, Ұлттық ұлан әскери бөлімі «Бүркіт» арнайы мақсаттағы жасағы, Ұлттық қауіпсіздік комитеті «А» арнайы мақсаттағы қызметі және Нұрболаттың достары мен інілерінен құралған командалар бақ сынасты.

Іс-шарада ПД бастығының орынбасары Қандарбек Бахтыгереев, Ішкі істер органдарының ардагері Мұхсин Дүйсенғалиев және Нұрболаттың анасы Айжан Гайсиевна сөз сөйледі.

– Баламызды ұмытпай, осылай еске алып, үлкен іс-шара ұйымдастырып жатқан Полиция департаменті басшылығы мен Нұрболатпен бірге жұмыстас болған әріптестеріне шексіз алғысымызды білдіреміз. Қызметтеріңіз өте ауыр әрі қиын, тек аман болып, еңбекте жемісті болыңыздар, – деді Нұрболаттың анасы.

Көпшіліктің тамашалауымен тартысты ойын өтіп, әр ойынның жеңімпаздары анықталды. Барлық жеңімпаздарға Нұрболаттың суретімен дайындалған арнайы грамоталар, медаль, кубок және сыйлықтар табыс етілді. Сондай-ақ, батырдың анасына да сый-құрмет көрсетіліп, ПД бастығының атынан алғыс хат пен сыйлықтар табыс етілді.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға