Қыз айттыру
Қыз айттыру – дәстүрлі ортада неке салтында үлкен мәнді ғұрып. Жігіт жағының құда түспек ниеттерін білдіріп, қыздың ата-анасына, жақын туыстарына сөз салуы.
Жасынан атастырылған қызы жоқ ұлдың ер жеткен соң оны аяқтандырғысы келген ата-анасы баласы мен туысқандырымен ақылдаса отырып, келін болуға лайықты қыз қарастырады. Ежелгі қалыптасқан дәстүр бойынша ұл баланың 3-10 жасы аралығында қыз айттыра бастайды. Болашақ қалыңдықты таңдауда екеуінің жас айырмашылығы бес немесе одан көп болуы мүмкін. Яғни жас алшақтығына қарамайды, қалыңдықты әкесінің байлығы мен жағдайына байланысты да таңдайды. Алайда, мұны ұлдың әкесі өзінің материалдық жағдайын жөндеу үшін байлықты көксегендігі деп түсінбеу керек, тек екі жақтың тең болуын қалағандықтан қалыптасқан үрдіс.
Жігіт әкесі өзіне терезесі тең деп санаған үйдің қызының басының бостығын білсе, арнайы адам жібереді немесе өзі барады. Қызын көруге келген адамға қыздың шешесі: «Қызды кім айттырмайды, қымызды кім ішпейді, қызымның басы бос» деген ниетін естіген соң ғана айттыру қамы жасалынады. Ежелгі салт бойынша, айттырар алдында жігітке қыздың, қызға жігіттің атын ататқан. Айттыру сөзі осыған байланысты шыққан болса керек. Қызды айттыруға туыстарымен ақылдасқан күйеу жігіт жағы қалыңдық ауылына жөн-жосықты жақсы білетін, сөзге шешен, әзіл-қалжыңға епті жаушы адам аттандырады.
Ол жағымды хабар әкелсе, жігіт жағының туыстары кеңес құрып, құдалық туралы келісуге және қалыңмалдың мөлшерін білуге нақты кімді жіберу қажеттігін анықтап алады. Әдетте, оған күйеужігіттің әкесінің өзі белгіленеді немесе өзінің атынан сенімді ақсақалды нөкерлерімен жібереді. Олар қалыңдық тұратын ауылға келген соң, басқа бір үйге тоқтайды. Ертесіне, келген кісілердің біреуі өздерінің келу мақсатын жеткізу үшін қалыңдықтың әкесінің үйіне барады. Егер қыз әкесі өзінің қызын беруге келіссе, онда ол оған өзінің сапарлас жолдастарын осында шақыруын айтады. Қалыңдықтың әкесі қонақтарын төрге отырғызып, әр нәрсені әңгімелей отырып, соңында өз қызы үшін жігіт жағынан алғысы келетін малдың санын айтады; әдетте, байлар алпыс-жетпіске дейін, тіпті, одан да көп мал санын сұрайды. Бұл төлем халық арасында қалыңмал деп аталады. Қалыңмалға негізі жылқы, түйе мен ірі қара тағайындалады.
Қыз айттыру ғұрпы түркі тектес халықтарға ертеден ортақ үрдіс, ғұрып болғандығы деректерде сақталған. Айттырудан кейін жастардың некелесуіне дейінгі аралық мүмкіндігінше көп уақытқа созылғанын жөн көрген. Өйткені, бұл аралықта түрлі-түрлі қызықтар өтеді: екі жақтың бір-біріне сыйлықтар жасауы, тойға әзірлік, той; екі жастың өмір бойы естерінде қалатын алғашқы кездесулері деген сияқты. Ата-анасы қызының тұрмыс құруына дейін оның үй шаруасына жәрдемдесуін және өз қалауынша еркін өмір сүргенін қалайды. Неғұрлым осы уақыт ұзаққа созылған сайын, соғұрлым қыздың әке-шешесі, әсіресе, шешесі риза болады. Айттырылған қыз белгілі бір жасқа келгенде, салт бойынша кәмелетке толғанда, яғни он үш жасында, күйеу жігіттің әкесі не өзі қалың малдың бір бөлігін, жартысын немесе ⅔ бөлігін төлеген кезде, әкесі қызын ұзатқан. Егер қыз жағы уағдасында тұрмаса, қыздың ата-аналары жігітке қалың малды қайтарып, салт-дәстүр бойынша, түйе бастатқан тоғыздан айыппұл төлеген.
1868 жылы қабылданған «Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлықтарына бағынышты далалық облыстарды басқару жөніндегі Уақытша Ереже» бойынша, қазақ қыздарына, өз қалауы болмаса, бұрыннан айттырылып қойған күйеужігіттеріне шықпауға ерік берілген және 16 жасқа толмаған қызды ұзатуға тыйым салынған. Алайда, бастапқыда бұл заңды жасырып, 16-ға тола қоймаған қыздың тұрмысқа шыққанын кейін жұршылыққа жария еткен.
Дәстүрлі қазақы ортада, көбінесе, жігіттің әкесі сыйлас көңілжетер адамдардың қызы болса, ата-анасымен келісіп өзара сөз байласқан. Үйдің төріне қамшысын іліп, «құдалықтың басы осы болсын» деп бір жорға ат байлайды немесе «қызыңа таққан үкіміз» деп үкі тағар, кей жерлерде «қызға таққан сырғамыз» деп сырға салар ырымын жасайды.
Айттырудың ертедегі тағы бір мағынасы біреудің жолына құрбандыққа арналған мал дегенге саяды. Ол ғұрып ақсарбас атау ғұрпы түрінде сақталған.
Әдеб.: Лазаревский Ф. Свадебные обычаи у киргизов Оренбургского ведомства // МВ., 1862. №151; РВ., 1878. №9; Алекторов А.Е. Основание брака и свадебные обычаи у киргизов // ОЛ., 1888. №№11, 12; 50; Алтынсарин И. Очерк обычаев при сватовстве и свадьбе у киргизов Оренбургского ведомства // ЗООИРГО. Вып.1. Казань, 1870; Бекимов М. Свадебные обряды киргизов Уральской области // ИОАИЭКУ. Казань, 1905. Т.ХХІ. Вып.4; Карутц Р. Среди киргизов и туркмен на Мангышлаке. СПб., 1911; Арғынбаев Х. Қазақ халқындағы семья мен неке (тарихи-этнографиялық шолу). Алматы: Ғылым, 1973; Жанпейсов Е. Этнокультурная лексика казахского языка (на материалах произведении М.О.Ауэзова). Алма-Ата: Наука, 1989.
«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»