Жаңалықтар

Юрий Щукин Оңтүстік Кореяға қарсы матчқа қатысты болжамын айтты

Юрий Щукин Оңтүстік Кореяға қарсы матчқа қатысты болжамын айтты
Фото: Olympic.kz 14.11.2024 01:38 739

Қазақстанның теннистен әйелдер құрамасының капитаны Юрий Щукин біздің құрама Астанада Билли Джин Кинг кубогының плей-оффында кездесетін Оңтүстік Кореяның деңгейіне баға берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі olympic.kz-ке сілтеме жасап. 

Ол өз ойларымен арнайы баспасөз мәслихатында бөлісті.

Барлық команда осында жаттығып, дайындалуда. Барлығы бабында және денсаулықтары жақсы. Бірден айтайын, қарсыластарды ешқашан төмен бағаламау керек. Иә, олардың бірінші нөмірлі ойыншысы келмеді, ал осында келгендермен біздің қыздар бұрын-соңды ойнамаған еді. Бірақ біз олардың қалай ойнайтынын білеміз және дайын боламыз. Мұндай турнирлерде қарсыластардың қандай көңіл-күймен шығатыны маңызды емес. Біз тек жеңіске жетуді көздеп отырмыз. Алайда, олардың жас ойыншылары туралы мәліметтің аздығы бізге қиындық тудыруы мүмкін. Толыққанды бәсеке көрсете аларлықтай дайындалуымыз керек. Біз барынша шоғырланып, байыппен ойнайтын боламыз, - деді Щукин.

Өз кезегінде Оңтүстік Корея құрамасының капитаны Юнбэ Ким жас ойыншыларға мүмкіндік беруге шешім қабылдағанын айтты.

Біз Астанаға команда капитанынсыз келдік, бұл жас ойыншыларға мүмкіндік беру үшін жасалған іс. Біз жақсы дайындалдық. Керемет матчтар болады деп үміттенеміз. Менің білуімше, бұл екі құраманың өзара тоғызыншы кездесуі болмақ.Осы уақытқа дейін Қазақстан құрамасы 8:2 есебімен алда келеді. Бірақ бұл жолы кортқа мүлде басқа ойыншылар шығады. Біздің мақсатымыз - жеңіске жетіп, келесі кезеңге өту, - деді Ким.

Ойындар елордадағы Beeline Arena жабық хард кортында өтеді. Іріктеу матчтары төрт жеке және бір жұптық кездесуден тұратын үш сеттік форматта болады.Бәсекеде жеңіске жеткен команда 2025 жылдың сәуірінде өтетін командалық әлем чемпионатының іріктеу кезеңіне жолдама алады.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға