Жаңалықтар

ЮНЕСКО және киіз үй

«Алматы қолөнер палатасы» ҚҚ мен ЮНЕСКО-ның Алматыдағы бюросы қазақтың киіз үйінің ЮНЕСКО тізіміне енгізілуін атап өтеді.
01.04.2015 12:22 14797

«Алматы қолөнер палатасы» ҚҚ мен ЮНЕСКО-ның Алматыдағы бюросы қазақтың киіз үйінің ЮНЕСКО тізіміне енгізілуін атап өтеді.

Қастеев Ә. Жайлауда. 1947 ж.

Алматы қаласындағы Жібек Жолы даңғылына (Арбатқа) келген жұрт ұлттық ойындарды ойнайды, салт-дәстүрді тамашалайды, ұлттық тағамнан дәм татады, жәрмеңкеге қойылған сан түрлі бұйымдарды сатып ала алады әрі концерттік бағдарламаның көрермені атана алады. 
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы ЮНЕСКО-ның Париж қаласындағы штаб-пәтерінде материалдық емес мәдени мұраларды қорғау Комитетінің ұйғаруымен киіз үй «Отбасы мен дәстүрлі қонақжайлылықтың нышаны» болып бекітілді. Сонымен қатар киіз үйді «қазақ пен қырғыз халқының өзіндік ерекшелігінің айнамыс бөлшегі» екенін де мойындады. Нәтижесінде «Қазақ пен қырғыз киіз үйлерін жасаудың дәстүрлі білімі мен әдіс-амалдары» деген екі ұлтқа ортақ номинация адамзаттың мәдени мұралары тізіміне енді.

Киіз үй (қара үй). Ә.Қастеев.

Ғылыми зерттеулерде киіз үйдің пайда болуы туралы әртүрлі пайымдаулар айтылады. Қазіргі киіз үйдің алғашқы нұсқалары мыңдаған жылдар бұрын пайда болған. Кейбір деректерде киіз үй үлгілері біздің дәуірімізге дейінгі 3-4 мың жылдықта, тас дәуірі мен қола дәуірі аралығында пайда болған деп жорамалданады.

Киіз үйдің қазіргі прототипі, С.И. Вайнштейннің пікірі бойынша, б.з.д. 1 мың жылдықтың ортасында дүниеге келген. Ол өзінің құрылымдық жағынан бұрынғы ғұндардың жылжымалы баспанасымен байланысты қалыптасқан көне түркі типіндегі киіз үйлер болған.

Киіз үйдің қалыптасуына әсер еткен ең алғашқы жыл- жымалы баспаналар қазіргі күрке, қос, итарқа, лашық, шайла деп аталып жүрген уақытша тігілетін қарапайым «үйлер» болған. Күрке және қос тәрізді үйлер арба үстіне де орнатылған.

Қазақтың киіз үйі арғы-бергі замандағы саяхатшылар мен зерттеушілердің назарын аударғандығы белгілі. ХІХ ғ.-дағы қазақ киіз үйі мен оның кереге, шаңырақ, уық тәрізді бөлшектерін, олардың ерекшеліктерін В.В. Радлов айрықша атап өтеді. Зерттеуішінің айтуынша, қазақтардың киіз үйлері кейбір халықтардың үйлеріне қарағанда тазалығымен, үлкендігінен ерекшеленеді.

Этнограф Х.Арғынбаевтың байқауынша, киіз үйге жарайды-ау деген ағашты үйшілер көбінесе ерте көктемнен бастап әзірлеп, кемінде бес-алты ай, кейде тіпті жыл бойы көлеңкеде кептіреді. Ағаштың ұзындығы мен жуандығы кереге мен уық жасауға жарамды болуы керек, олардың қисықтығы онша ескеріле бермейді. Өйткені, ағаштың қисық жерлері арнаулы қалыппен түзетіледі. Шаңыраққа деп дайындалатын ағаш қайыңнан таңдап алынады. Таңдағанда мүмкіндігінше түзу, әрі бұтақсыз қайыңға тоқтайды. Кейде мұндай ағаштар жуандау болса, оларды ұзынынан жарып, істелетін заттың түріне қарай шауып, ыңғайлап алады.


Әзірлеген: Досжан Мейірбек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға