Юлия Путинцева Қытайдағы жарыстың жартылай финалына өтті

Қазақстанның екінші, әлемнің 81-ракеткасы Юлия Путинцева Гуанчжоу (Қытай) WTA 250 турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің 48-інші, осы жарыстың 3-ракеткасы, германиялық Татьяна Мариямен шеберлік таластырды.
Бірінші партияда қазақстандық теннисші 6:4 есебімен басым түсті.
Екіншісінде Т.Мария 5:3 есебімен алда тұрып, сетке доп бергенде, сол мүмкіндігін пайдалана алмады. Дегенмен ол тай-брейкті өз есебіне жазды – 7:6 (8:6).
Үшінші, шешуші сетте Путинцева бет қаратпады – 6:0.
Үш сағатқа жуық уақытқа созылған матчта Юлия 1 эйспен бірге 12 брейк-пойнттың тең жартысын мүлт жіберген жоқ. Татьяна 6 эйс, 2 брейкпен (11 брейк-пойнт) көзге түсті.
Юлия Путинцева финалға шығу үшін әлемнің 27-інші, доданың 1-ракеткасы, Польша өкілі Магда Линетт немесе рейтингте 64-сатыдағы испаниялық Ребека Машарованың біреуімен сынға түседі.
Қазақстанның ерлер арасындағы бірінші, әлемнің 29-ракеткасы Александр Бублик Чэнду (Қытай) ATP 250 турнирінің алғашқы айналымда рейтингте 64-орында тұрған америкалық Маркос Гиронға есе жіберді.
