Жаңалықтар

ЮКИО МИСИМА. САМУРАЙ СЕРТIНДЕГI ҚАЛАМГЕР

Көне грек тарихында мынандай бiр оқиға бар: Бағзыда Герострат деген бiреу болыпты. Әрине, көптiң бiрi. Ақылымен де, ерлiгiмен де ешкiмнен ерекшеленбеген.
30.06.2014 12:44 4290

Атақты ғибадатхана өртеушiлер

Көне грек тарихында мынандай бiр оқиға бар: Бағзыда Герострат деген бiреу болыпты. Әрине, көптiң бiрi. Ақылымен де, ерлiгiмен де ешкiмнен ерекшеленбеген. Тiптi Атымтай жомарттай шектен тыс қайырымдылық iс жасап та көптiң көзiне түсе қоймаған. Құдай «апырым-ай, мынау не деген көрiктi жан» деп көрген пенденiң бәрi тамсанар анау айтқан сұлу өң де, алып тұлға да бермеген осы байғұстың бiр-ақ арманы бар едi. Онысы қалайда адамзаттың бәрiн таңқалдырып, тарихтың бетiнен мәңгiлiкке ойып орын алып берер бiр тосын әрекет iс жасауға саятын. Иә, бiздiң Герострат нақыз қызылкөз атаққұмардың өзi едi. Ол ары ойланды, берi ойланды, бiрақ ми қауашағы жұртты елең еткiзер ешқандай нәрсенi ойлап таба алмады. Ал өмiр болса өтiп бара жатыр. Мiне, осылай, басын тауға да, тасқа да ұрып жүрген көп күндерiндiң бiрiнде әйтеуiр ұлы арманын iске асырудың жолын тапқандай болды-ау. Бiрақ бұл ойлап тапқан амалы сұмдық едi. Ол осы өңiрдiң атағын бүкiл Элладаға, Шын мен Мысырға дейiн әйгiлеген атақты Артемида ғибадатханасын өртеуге бел байлаған болатын.

Бiздiң қазақ, шамасы, осы «Атың шықпаса, жер өрте» деге сөздi сол Геростраттың тарихын бiлiп барып айтқан секiлдi. Әлде қазақтың да жаңағыдай сөздiң дүниеге келуiне себепшi болған өз Геростраттары болды ма екен? Иә, Геростраттар қазақта да болған, әлi де бар.

Қысқасы, Герострат әр бұрышына шөп-шалам үйiп жүрiп, әйгiлi Артемида ғибадатханасын бiр түнде өртеп жiбередi. Бағзы гректiң сұлу архитектурасы, осылайша, әлемнiң жетi әлде отыз жетi кереметiнiң бiрiнен саналатын өзiнiң ұлы өнер туындысынан айырылады. Осы бiр сорақы iсiнен кейiн грек абыз ақсақалдары Геростраттың есiмi бұл оқиға әңгiмеленетiн жерлердiң ешбiрiнде ауызға алынып, қағазға түсiрiлмесiн деген шешiм қабылдапты деген сөз де бар.

Амал қанша, дуалы ауыз ақсақалдарды тыңдайтын тарих бар ма, әлi күнге дейiн шектен тыс атаққұмарлық туралы әңгi­ме қозғала қалса, алдымен тiлге осы Геростраттың есiмi орала кетедi. Яғни, адамзат барда Геростратты да бiрге жасай бередi демеске лаж жоқ. Асылы, ол туралы, ол туралы емес, ол секiлдiлер жайлы талай-талай көркем шығарма­­лар­дың сирек те болса дүниеге келiп жатуы – геро­страт­шылықтың адамзат жаратылысының, адам болмысының мәңгi өлмес, тiрi пенде барда бiрге жүре берер бiр бөлшегi екенiн дәлелдейтiндей.

Сөзiмiзге дәлел ретiнде Герострат пен Гитлердi алайық. Мысалы, осы екеуiнiң жан дүниесiнде қандай да болсын айырмашылық бар ма? Егер терең психологиялық талдау жасап көрсеңiз, екеуi де екi дәуiрдiң ұлы болғанымен, өзара ұқсастықтары өте көп екендiгiн аңғарар едiңiз, тiптi осы екеуiн әр кезде дүниеге келген бiр адам деуге де болатындай.

Иә, Гитлер де көптiң бiрi едi. Бiрiншi дүниежүзiлiк соғысты қатардағы көп ефрейтордың бiрi болып аяқтады. Егер ерекше қолбасылық қабiлетi бар болса, соғысты жоғарылау шенде тәмамдауына болатын.

Сондай-ақ оның қатардағы көп суретшiнiң бiрi болғандығы да белгiлi. Бiлетiндер Адольф шимай-шатпақтарын сурет саудасымен шұғылданатындарға тиын-тебенге сатып, күнделiктi өзек жалғар нәпақасын зорға табатын едi деген әңгiме айтады. Гитлердiң суретшiлiгiне қатысты, оның суретiн қара бақырға сатып алып, елден ерек талантын мойындамағандардың денi жебiрей қауымынан едi, Гитлердiң кейiн қолына билiк тигенде, бұл халыққа әзiрейiлдей шүйлiгуiнiң себебi осында деген сөздi де естiгенбiз. Қысқасы, Гитлердi де қатардағы көптiң бiрi болып қалмай, қалайда даңққа қолымды жеткiземiн деген арман кейiн Еуропаның «қанқұмар қасапшысына» айналдырды деуiмiзге болады. Геростраттардың бiрi Артемида ғибадатханасын күлге айналдырса, ендi бiрi бүкiл Еуропаны от-жалынға орады.

Ендi сәл ойланып көрейiкшi. Осы бiз геростратшылықтың қалай пайда болатындығының сырын түсiне алдық па? Оның феноменiн шешуге талпынып көрдiк пе? Бәлкiм, бiз ойлағандай Герострат дегендерiң тек дауасыз атаққұмар адамдар емес шығар. Әйтпесе, тарихтағы Геростраттың немен шұғылданғанын кiм бiлген, суретшi Гитлердiң, ақынжанды, өнерге жақын Адольфтiң соншалықты қанқұйлы тарихи тұлғаға айналуына не себеп? Атақты ақынымыз жазғандай емес, суретшiлер Ван Гог, Сезанн, Гоген мен Анри Руссо тағдырларын өте жақсы бiлетiн бозбала Адольфтiң Гете поэзиясында өте тамаша оқығандығына күмән келтiре алмайсыз. Ал бастапқыда осы өнердi өмiрiмнiң өзегi деп бiлген жанның уақыт өте келе нағыз iбiлiстiң өзiне айналуы, бұл ендi кез келген адам санасы зерделеуге шамасы келе бермейтiн күрделi метаморфоза, тосын құбылу. Дегенмен арамызда аракiдiк болса да осы метаморфозаның құпиясын шешуге талпынған ержүрек жандар да кездесiп қалады. Солардың бiрi һәм бiрегейi, ХХ ғасырдағы жапон әдебиетiнiң ең көрнектi өкiлдерiнiң бiрi Юкио Мисима десек еш қателеспейтiндеймiз. Бiз осыған дейiн әңгiме еткен Герострат та (жапон бозбаласы Мидзогути, «Алтын ғибадатхана» романы), Гитлер де («Менiң досым Гитлер» драмасы) оның шығармаларының басты кейiпкерлерiне айналды.

 

Жапон Геростраты және Шыңғыс хан

Достоевскийдiң, өзiнiң атақты «Залал мен зауал» романының идеясын газеттегi көп қылмыстық хроника­лар­дың бiрiнен алғаны белгiлi. Мiне, осындай әдеби тәсiлге «Алтын ғибадатхана» романын жазуға кiрiскенде жапон қаламгерi Юкио Мисима да жүгiнедi.

1950 жылы будда iлiмiн үйренушi шәкiрттердiң бiрi ақыл-есiн жоғалтқан қос-үрейлi сәтiнде жапонның көне астанасы Киотоның ең мәшһүр сәулет жәдiгерлерiнiң бiрi Кинкокудзи ғибадатханасын өртеп жiберген болатын. Осы қылмыстық оқиға жазушының жан дүниесiне керемет әсер еттi. Ол қылмыскер шәкiрттiң болмысын тереңдеп зерделеу арқылы геростратшылықтың құпиясын ашуға талпынды. Егер бiз, қатардағы пенде, осындай бiр оқиғаны естiсек, «е-е, не болыпты, жындымен жынды боламыз ба, өртеген екен, ол нақұрыстан не жауап сұрай аламыз?» деп жабулы қазан жабулы күйiнде қоя салар едiк, бiрақ Юкио Мисима мәселенi бұлай тұйықтай салмады, бар ынта-шынтасымен жаңа романына отырды. 1956 жылы жазылған қаламгердiң осы «Алтын ғибадатхана» романын бүгiнде оның шығармашылығындағы ғана емес, ХХ ғасырдағы ең үздiк романдардың қатарына жатқызуға болады.

Былай қарағанда роман желiсi оншалықты күрделi емес секiлдi. Қарапайым бозбала екiншi дүниежүзiлiк соғыс жүрiп жатқан күндердiң бiрiнде Кинкокудзи ғибадатханасына көп сабақ тыңдаушылардың бiрi болып орналасады. Алғаш­­қы­да оның оқу үлгерiмi де анау айтқандай аса жаман бола қой­маған. Бiрақ уақыт өте келе оның осы Кинкокудзи ғиба­датханасына, оның әсем архитектурасына деген шексiз махаббаты оянады. Бала ғибадатхананы жаңбырлы күзде де, қарлы қыста да, төңiрек гүл атып құлпырған көктемде де бақылайды. Бұл ғибадатхананың ғажайып сұлулыққа ие екенiн түйсiнедi. Баланың ғибадатханамен бiрге өлгiсi ке­­ле­дi, «американ ұшақтарының бомбасы мен осы ғибадат­­ха­наның iшiнде отырғанда төбемiзге түсiп, екеумiз бiрге күл-тозаңға айналсақ» деп қиялдайды. Баланың мұндай адам сенгiсiз арманға берiлуiне не себеп болғанын жазушы шәкiрттiң басынан өткiзген оқиғалары арқылы сұлбалайды.

Иә, бала қарапайым бала, бiрақ ол басқа құрбы-құрдас­та­рындай емес, тiлi кекеш әрi, өзi тыриған арық. Денесiндегi мұндай кемшiлiктердiң бәрi оның көпшiлiктен бөлектенуiне, оңашаға үйiрсек болуына әкелiп соқтырған. Көңiл түкпiрiнде нәзiк жынысқа деген құмар оянатын жасқа келiп қалғанымен, ол өзiн, осы кембағал бейшара халiнде олардың құрметiне, қайсыбiрiнiң ынтызарлығына бөленуге лайық емеспiн деп санайды. Сосын әйел жынысынан, осы бiр нәзiк әйел сұлулығы дегеннен көңiлi қалған кездерi де аз емес. Тiптi оны әйел сұлулығын мойындамайды деуге де болады.

Бала кезiнен есiнде қалған емiс-емiс елестердiң бiрi – анасы әкесiнiң көзiне шөп салып, үйге келген қонақпен төсектес болуы. Осы оқиғаға кездейсоқ куә болып қалған бала, бұл күнәлi түннiң бар жай-жапсарын тек бұл емес, әкесi де бiлетiнiн аңғарады. Көк жөтелден әбден арып, қажыған әкесiнiң әлсiздiгiне, жар төсегiн былғаған шешесiне үндей алмағанына iштей қыжылы келедi. Неге шешеме дауыс көтермедi, неге шықпыртып сабамады деп ренжидi. Осы сәттен баланың әйел қауымына деген жауығуы басталады. Тiптi шешесiне қырсығып сабақ оқымай қоятын оны әкесiнiң кегiн алушы деуге де болатындай. Ал бұл ғашық қыздың басқа бiреумен жүрiп, одан екiқабат болып қалуы, кейiнiрек соғыстан қашқан жаңағы босқын көңiлдесiн жандармдарға ұстап берiп, оның ажалына себеп болуы да бала көкейiнде әйел табиғатына деген күдiктi ойдың тұманын қоюлата түседi. Ол үшiн мына әлемде бар адамдардың бәрi де күнәһар, күнәһар емес тек Кинкокудзи ғибадатханасы, оның ғасырлардан ғасырларға мұра болып келе жатқан әсем сұлулығы. Табиғатпен тылсым байланысқа түсiп, жараса бiлген, өзiнiң пәк қалпын сақтаған осы ғибадатхана ғана. Тiптi осы ғибадатханада дiн жолында жүргендердiң өздерi де күнәға белшесiнен батқандар. Ғибадатхана басшысы қолы бос күндерi жезөкшелермен көңiл көтеруге қалаға асықса, мұндағылар онсыз да қарны аш, соғыс әбден титықтатқан қарапайым халықтың есебiнен күн көрiп жатқан, жатып iшер жалқау масылдар екенiн бала жақсы бiледi. Мiне, осындай күнә торлаған әлемнен сұлулық символы Кинкокудзидi құтқару – баланың талайына жазылған iс. Бала Кинкокудзидi құтқарудың бiр-ақ жолы бар, бұл оны өртеп жiберу деп шешедi.

Романнан Гете «Фаустымен» параллель желiнi аңғару қиын емес. Баланың перiштесi рөлiн өмiрден қыршын кеткен шәкiрт досы Цурукава атқарса, оның жандүниесiне енiп, онсызда қалт-құлт етiп тұрған сенiмiн бүлдiрушi сайтан бейнесi тағы да бiр ғибадатхана шәкiртi Касиваги образында көрiнiс табады. Бұл қамыт аяқ әзәзiлдiң әйел жан дүниесi, оның әлсiз тұстары жайлы бiлмейтiнi жоқ. Ең бiр көрiктi, ең бiр ақылды деген қыздардың өздерiн де шырмауына еш қиналмай түсiре алады. Өмiрден осыған дейiн жинаған мол тәжiрибесiн Мидзогутидiң алдында түгiн қалдырмай жайып салған оның нағыз iбiлiстiң өзi екендiгiне шарасыз сенесiң.

«Кекештiгiң мен денеңнiң қораштығы, керiсiнше, сенiң әйел қауымын жаулайтын ең басты қаруың, осы қаруларыңды тиiмдi пайдалан» дейдi бұл сайтан еш қысылмастан.

Жоқ, Фауст-Мидзогути iбiлiспен шайқаста жеңiп шығады. Бiрақ оны соңғы сәтiнде өмiрдiң өзi, оның сұрапыл шындығы сындырып жiберген. Оның әлдебiр жерден, әлдебiр шатыр биiгiнен соғысқа кетiп бара жатқан ғашығына өшпес махаббатының белгiсi ретiнде өзiнiң омырауын сауып, сүтiн iшкiзген бойжеткеннiң анарын көрiп қалғаны бар-ды. Осы бiр анар ол үшiн Кинкокудзимен пара-пар сұлулық символы едi. Ол әлi де махаббатқа адал, қырық жыл қырғын болса да жарын күте алатын нәзiк жыныстының барлығына сенетiн. Мiне, американ офицерiмен ғибадатхананы тамашалауға келген жезөкше жапон қызы, жо, жоқ, мұның қамыт аяқ досы азғырған, тәнiн былғаған жесiр әйел, тән ләззатына аңсары ауған әйел осы қос анардың, бұл қиялында Құдайдың жердегi бейнесiндей табынып жүрген сұлулықтың иесi болып шықты. Мұның Тәңiриясы – жезөкше, тәнiн ақшаға сататын салдақы екен. Бозбаланың соңғы үмiтi қирап, ақырғы қорғаны құлап түстi. Ол ендi Кинкокудзидi тезiрек өртеу керек екенiн, оны мына әлемнiң опасыз ортасынан құтқару керек екенiн түйсiнген. Әйтпесе ол да кездейсоқ күнәға батуы мүмкiн.

Роман финалында лаулап жанып жатқан ғибадатханаға қарап тұрған Мидзогути өзiнiң әлдебiр еңсесiн басып, санасын тұмшалаған тылсым күштен құтылып, жеңiлденiп қалғанын түйсiнедi. Iшкi жандүниесi сенi күнәһар жолдан қорғап келген әдемiлiк ендi жоқ, не iстеймiн десең де өз еркiңде дейтiндей. Кiм бiледi, осы бiр сәтте дүниеге, бәлкiм, ештеңенi қадiр тұтпайтын, сұлулықтың өзiнен сайтанның сұлбасын аңғарған жан, болашақ Гитлер дүниеге келген болар. Бәрi мүмкiн. Ең бастысы, кейiпкер тiрi қалды. Ол өзiнiң мына тым қатал өмiрмен күрестегi ең алғашқы сөзiн айта алды. Оны iспен дәлелдедi. Роман «Ол тағы бiр Гитлер бола ма, әлде адамзаттың рухани тазалығы үшiн күрескерге айнала ма, бұл жағы ендi болашақтың, сiз бен бiздiң оған деген қарым-қатынасымызға байланысты, бұған дейiн де бiз оның жан-жүрегiн аз жаралаған жоқпыз, ендi абай болайық» деген сауалды пәлсафамен аяқталады. Жазушы сауалды бұлай ашық тастамаса да, кейiпкердiң ең соңғы «Өмiр жалғасады» деген сөзiнiң астарынан осындай ой ұшқынын аңғарамыз.

Мисиманың осы кейiпкерiмен оның тағы бiр кейiпкерi – Гитлердiң, тiптi тарихи Гитлердiң арасында жiпсiз байланыс бар. Бәлкiм, бұл түйсiнген, суретiн салған сұлулықты жебiрей саудагерлерi қара бақырға бағалап жатқанда, бозбала Адольф те шәкiрт Мидзогутидiң жандүниесiндегi қопарылыстарды басынан кешiрген болар. Ал бiрiншi дүниежүзiлiк соғыстан ол ынта-шынтасымен сүйетiн Германияның жеңiлiс тапқан мемлекет ретiнде шығуы ефрейторды қаншалықты есеңгiреттi екен, бұл жағы тағы құпия.

Бiздiңше, әйгiлi жаһангер бабамыз Шыңғыс хан жайлы оның тағдырымен тоқайлас, терезесi тең романды қаны жапон болса да осы Мисима жаза алар едi. Қалай дегенменде, әкесi өлiп жетiм қалған, бiр шаңырақтың тiршiлiгi түгел өзiне қараған, туған-туысы алапестей көрiп айдалаға тастап кеткен, әлi жеткендер нәпақасын тартып алуға дейiн барған бала Темужiннiң жандүниесiндегi жүрiп өткен дүрбелең оның ХХ ғасырдағы жапон әрiптесiнiң басынан кешкендерi мен олардан өрген ой сораптарынан артық болмаса, бiрде кем емес екенi анық. Ал бiз, өресiз ұрпағы, ұлы бабамызды қанмен ұрпақтан-ұрпаққа жалғасар әлдебiр бар-жоғы белгiсiз жауыздық генiнiң құрбаны қылып жүрмiз. Мисима болса ешқандай геннiң жоқтығын, бәрiне сiз бен бiз кiнәлi екенiмiздi жазар едi-ау. Осындайда, әттең, бiзге де бiр Мисима керек-ау дейсiң.

 

Юкио Мисима. Шағын өмiрбаян

Жапонияда 1925 жылы 25 қазанда дүниеге келген болашақ әйгiлi жазушының шын есiмi Кимитакэ Хираока. Әлжуаз, аурушаң болып өскен ол он бес жасында-ақ әдебиетке қабiлетi зор екенiн аңғартады. Еуропа мен Азияның арғы-бергi әдебиетiн пiстедей шағатын, сөз өнерiнiң өзiне дейiнгi барлық ағымдарынан жақсы хабардар Мисима өз бiлiм-бiлiгiн кейiн, әдеби шығармаларында да жақсы пайдаланды. Хираоканың жiгiттiк шағы Жапонияның екiншi дүниежүзiлiк соғысқа араласқан мезгiлiмен тұспа-тұс келген. Елiнiң патриоты ретiнде ол да жауынгерлiк сапта, алдыңғы шепте майданға кiрудi сұранды. Бiрақ мұның денсаулығын тексерген әскери дәрiгерлiк комиссия соғысқа жiберуге жарамсыз деп шешкесiн, ел алдындағы әскери борышын еңбек батальонында тылда өтеуiне тура келдi. Мұның бәрi тәнi әлжуаз болса да, рухы өр Хираокаға тiкендей қадалған. Оның өмiрiн ғұмыр бойы аласұрумен, өзiн-өзi тәрбиелеумен, әртүрлi сынақтарға салумен өткiзуiнiң бiр себебi осындай.

Он алты жасында Мисима өзiнiң алғашқы қомақты дүниесiн, романтикалық «Гүлденген орман» хикаятын дүниеге келтiрдi. Бұл повесте Сұлулық, Шабыт және Өлiм өзара парапар, деңгейлес ұғымдар ретiнде суреттелдi. Соғыстың да бозбаланың жандүниесiне әсерi аз болған жоқ. Кейiнiрек Мисима былай деп жазды: «Бозбаладан жiгiттiкке өтер шаққа тән нарциссизм (өзiн-өзi ұлық санау) өзiне қай нәрсенi болсын сiңiрiп алуға бейiм. Тiптi бүкiл әлемнiң күйреуiн де. Жиырма жасымда менi өзiмдi кiмнiң орнына қойып қиялдамады дейсiз. Өмiрi қыршынан қиылар кемеңгерiңiз де мен болдым. Дәстүрлi жапон мәдениетiнiң ең соңғы өкiлi де мен едiм. Декаденттер ғасырының им­пера­торы, декаденттердiң декадентi де мен едiм. Тiптi Сұлулық эскадрильясының ұшқыш-камикадзесi де мен болдым!»

Иә, мұндай ғажайып мол қиялмен үлкен әдебиетке келмеу, ғажайып туындылар жазбай қалу мүмкiн емес. Солай болды да.

Әлжуаз бала өзiн батыр бейнесiнде көргiсi келетiн. Мұндай қиялында әртүрлi қанды қырғындарға кiрiп, олардан жеңiмпаз болып шығуды ғана ойлайтын баланың психикасы бұзылмай қалмайтындығы анық. 1948 жылы Мисиманың былай деп жазғаны бар: «Менiң әлдекiмдi өлтiргiм, адамның алқызыл қанын көргiм келедi де тұрады. Әлдекiм әйелдерден жолы болмағандықтан махаббат туралы жазады, ал мен болсам өзiме кесiлетiн ажал үкiмiн бiр сәтке болса да алыстата түсу үшiн ғана романдар жазумен әлекпiн».

Өзiнiң қырық бес жылдық ғұмырында ол қырық роман, он сегiз пьеса, ондаған әңгiмелер мен эсселер жинағын жазды. Он бес романы бойынша көзi тiрiсiнде кинофильмдер түсiрiлсе, пьесалары жапон, америка және еуропаның сахналарында қойылып жатты. Оның есiмi үш рет Нобель сыйлығына лайықты делiнген қаламгерлердiң қатарында аталды. Мисиманың қайғылы қазасынан кейiн бұл сыйлықты жапон жазушыларынан ең алғашқы боп Ясунари Кавабатаның алғаны белгiлi. Мисимадай ажалды емес, ғұмыр бойы өмiрдi жырлап өткен Кавабата да сыйлықты иемденгесiн көп ұзамай әйгiлi жерлесi секiлдi өзiне-өзi қол салып, газға уланып өлдi. Кавабатаның бұл қадамын жазушының соңғы күндерiне куәгер кейбiреулер «Кавабата өз дарынының Мисимадан төмен екенiн бiлетiн, бұған дейiн Нобель сыйлығына тек Мисима лайық деп келген ол өз ары мен ұятының құрбаны болды» деп түсiндiредi. Кiм бiледi, бұлай болуы да әбден мүмкiн. Дегенмен ұяттан өлген адамның моласын көрмегенiмiз және рас.

Ал соншалықты таланттылығына қарамай Мисимаға Нобель сыйлығының берiлмеуiне себептер жеткiлiктi едi. Ол өзiн ең алғаш әлемге әйгiлеген «Бетсiрiнiң ағынан жарылуы» романында гомосексуализмге бейiм жасөспiрiм туралы жазған болатын. Тiптi Мисиманың өзiнiң де гомосексуализмнен кетары емес екенi туралы әңгiмелер жиi айтылатын. (Мисима гомосексуал емес, бисексуал болған тәрiздi. Өйткенi, жар құшып екi бала сүйген. Ал гомосексуалдыққа икемделуiне самурай дәстүрiне берiктiгi себепшi болғандай. Өйткенi, самурайлық ортада махабаттың осындай түрi дәрiптелетiн). Мұндай адамға Нобель сыйлығын беру адамзаттың ұстазы ретiнде iбiлiстi марапаттаумен бiрдей емес пе!

Қай-қай шығармасында болсын, оқырманды есiнен тандыруға құмар Мисиманың тағдыры расында да өте қызық тағдырлардың бiрi. Аз ғана ғұмырында ол тек жазушы, драматург емес, ұшақтың штурвалына отырып ұшқыш та болды, әлемдi бiрнеше рет аралаған саяхатшы атағын да иемдендi, актер, кинорежиссер, спортшы ретiнде де танылды. Кешегi әлжуаз бала кэндо («қылыш жолы» – жапонның ұлттық қылыштасу өнерi), каратэ, ауыр атлетикадан жоғары табыстарға қол жеткiздi. Өмiр сүру тәсiлi ретiнде жапонның ортағасырларда әскери әлеуметтiк тобы болған самурайлардың жолын ұстанды. Гомосексуализмге ендi әскери ғұрып-дәстүрдi дәрiптеу келiп қосылса, мұндай жазушының қаншалықты кемеңгер болғанымен Нобель сыйлығының төбесiн көре алмайтындығы белгiлi. Қысқасы, Нобель сыйлығын уысына түсiп тұрған жерден керi ысырған Мисиманың өзi, оның күрделi тағдыры едi. Егер спортпен шұғылдануға ол 1952 жылы, Грекияға сапары кезiнде осындағы антикалық мүсiндердi көрiп тамашалғаннан кейiн ден қойса, жазушы жандүниесiндегi самурайлықтың рухы тереңде жатқан болатын. Ол екiншi дүниежүзiлiк соғысты жеңiлген державалар қатарында аяқтаған Жапонияны қайтадан гүлдендiрудiң бiрден бiр жолы бабалар дәстүрiне, самурайлардың жауынгерлiк кодексiне қайта оралу деп пайымдады. Дамудың ендiгi Жапония ұстанған америкалық нұсқасына бүкiл жан-тәнiмен қарсы болды.

Жазушының самурайлыққа берiлгенi соншалық, өзiмен ниеттес жандардың отрядын құрып, оларды 1970 жылдың 25 қазанында көтерiлiске бастап шықты. Ең сенiмдi төрт жолдасымен астанадағы Итигая әскери базасының штабына басып кiрген ол тұтқынға түскен генералдан өзiне жауынгерлер алдында сөз сөйлеуге рұқсат беруiн сұрады. Бұларды жуасытып, қамауға алмақ болған әскерилердiң шабуылы каратэ және кэндомен нағыз шеберлiк деңгейiне дейiн айналысқан жазушының батыл қимылынан кейiн сәтсiз аяқталды. Суретi культуризм журналының мұқабасына басылған бiр кездегi әлжуаз бозбала өзiнiң бұл кездерi қаһарлы жауынгерге айналғанын дәлелдей алды. Әйтсе де, генерал жазушының жауынгерлер алдында сөз сөйлеуiне рұқсат бергенiмен, бұл талпыныс сәтсiздiкке ұшырады. Алаңға жиналған жауынгерлер жазушыдан өз генералдарын босатуды, ал өзiнiң табанын жалтыратуын сұраған. Осы бiр тұста ең соңғы үмiтiнiң үзiлгенiн аңғарған жазушы бұдан кейiн өзiнiң ең ақырғы шешiмiн қабылдап, самурай дәстүрiмен өз қарнын ақтаруға, яғни, харакири жасауға бел байлайды. Ақыры солай болды да. Алдымен өзiне-өзi харакири жасаған, сосын әрiптестерiнiң бiрi қансырап жатқан жерiнде басын қылышпен кескен ұлы жазушы осылайша дүниеден өттi.

Ол өзiнiң «Патриотизм» әңгiмесiнiң желiсiмен түсiрiлген кинофильмде келiншегiмен бiрге өзiне-өзi харакири жасайтын отыз жасар жапон офицерiнiң ролiн сомдаған болатын. Өзiнiң тағдыры да түпкi нәтижесiнде сол шығармасындағыдай болып шықты.

Әмiрхан Балқыбек, «Қасқыр құдай болған кез»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға