Жаңалықтар

Қытай қазақтарының Гиннестің рекордтар кітабына енгізген алты жаңалығы!

Қытай қазақтарының Гиннестің рекордтар кітабына енгізген жаңалықтары туралы айта отырайық.
07.04.2015 08:35 5779

Қытай қазақтарының Гиннестің рекордтар кітабына енгізген жаңалықтары туралы айта отырайық. 

1111 метр қазы

Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесі Тарбағатай аймағының Дөрбілжің қазақ ауданында «Қазақ ұлтының дәстүрлі тағамдары» жәрмеңкесінде Гиннестің рекордына қазақтың қазысы ұсынылды. Бұл қазыны жасаған - Емілдің іскер азаматы Жарқын Бармақұлы. Қазының жалпы ұзындығы - 1111 метр. Ал салмағы - 4572 кг. Суреттегідей диаметрі 6.5 метр алып табаққа қойылған кезде айналма қабаты 71 қатар, ал биіктігі 4 метрге жеткен. Жалпы қазыны жасап шығуға 44 жылқының еті кеткен көрінеді.

Бір қызық дерек, осы қазының тек он метрі бәссаудада сатылыпты. Қызу бәсеке барысында 10 метрлік қазыға бір кәсіпкер ұйғыр азаматы 12700 долларға дейін ұсынса, «Жібек жолы» компаниясының директоры Майра есімді қазақ қызы 14200 долларға дейін, ал тағы бір қытай азаматы 16000 доллар шығаратынын айтқан. Ең соңында «Сая» өнер мектебінің директоры, жас ағартушы Бағдана Әділқанқызы 20000 долларға жуық бағамен сатып алған. Небары, 10 метр қазының осындай бағаға сатылуының өзі бір рекордқа татитыны рас.

Етегі 50 қатпарлы көйлек

Шыңжаң қазақ мәдениеті ғылыми қоғамы ұлттық киім-кешек, қолөнер, кестешілік тобының басшысы Зиятхан Айдарханқызының мұрындық болуымен еуразиялық киім көрмесіне апарған ұзындығы - 3,37 метр, етегінің кеңдігі-12,30 м, елу қатпарлы үлкен қазақ көйлегі Гиннесс рекордтар кітабына енгізілді.

Ең кішкентай домбыра

Қытайда тұратын қазақ жігіті Болатбек Кәрімханұлы жасаған шынашақтай домбыра Гиннестің рекордтар кітабына енді.

Қытай қазақтарының Гиннестің рекордтар кітабына енгізген алты жаңалығы!

Домбыраның ұзындығы - 4 сантиметр 5 миллиметр, ені - 1 сантиметр 4 миллиметр. Оны жасаған 29 жастағы Болатбек Кәрімханұлы Қытайдың Алтай аймағына қарасты Буыршын ауданы Егізтөбе ауылында дүниеге келген. Мамандығы - электрик.

Ең үлкен таба нан

Шанхайдағы қазақ шеберлері пісірген «Ең үлкен таба нан» Гиннестің рекордтар тізіміне енген. Таба нанды пісіруге 8 қап ұн, 97 литр сиыр сүті, 200 жұмыртқа, 6 келі сары май жұмсалған. Бұл таба нанның диаметрі - 2,53 м, қалыңдығы - 14,5 см.

Алтай қазақтарының 56 түрлі шайы

Алтайда (Қытайда) қазақтар 56 түрлі шай даярлап, Гиннесс рекордтар кітабына енгізген.

Алтай қалалық партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің бастығы Серік Әбдіғали шайды үш тоққа бөледі. «Біріншісі - дәстүрлі шай. Оған әдетте ішіп жүретін сүт қосылған шайдың түрлері жатады. Олар - қызыл шай, кемпір шай, бала шай деген секілді болып кете береді. Ал екіншісі - мәнерленген шай. Яғни, тары салынған, ірімшік салынған, май қатқан, сүйек қосылып қайнатылған шайдың түрлері. Үшіншісі - дәрілік шай түрлері. Оған әртүрлі дәрілік өсімдіктер қосылып қайнатылған шайдың түрлері жатады» деп сипаттайды ол.

Әлемдегі ең үлкен сырмақ

Жақында Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы өлкесі Мори ауданындағы қолөнер шеберлері әлемдегі ең үлкен сырмақты басып шықты.

Қытайлық Тяньшань ақпарат порталының жазуынша, ағымдағы жылдың 29 қаңтар күні ҚХР Шыңжаң Ұйғыр автономиялық өлкесіндегі Мори ауданының тігіншілері әлемдегі ең үлкен киіз үй мен сырмақты жасап болып, туристерге көрсеткен.

Диаметрі 32 метр, шеңберінің ұзындығы 101 м, ауданы 803.8 шаршы метр болатын бұл сырмақты жергілікті 33 қазақ тігінші әйел 5 айдай уақыт жұмсап, жасап шыққан. Сырмақтың үлкендігі соншалық, оның үстіне 2000 адам малдас құрып жайғасып отыра алады екен. Сондай-ақ осы елді мекенде әлемдегі ең алып киіз үйдің орналасқанын да айта кеткен жөн.

Бұл киіз үй мен сырмақ, "Ең үлкен қазақ киіз үйі" және "Ең үлкен қазақ сырмағы" екі аталымы бойынша Гиннестің рекордтар кітабына кірген.


Әзірлеген: Ербол Жанат

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға