Үйсіндердің сенімдері
Гередодша айтқанда да, сарматтар (демек оларға туыс үйсіндер де) əсіресе күнге табыныпты. Оған (əлемдегі ең ұлы, ең нұрлы, ең тез тəңірге) қолындағы ең серік, ең тез қолқанаты жылқыны құрбандыққа шалысыпты. “Іледегі Үйсін обаларынан ертедегі үйсіндердің мəйіт басын күншығысқа қаратып жерлегенін, қабірдің сыртын күн пішінді күмбездеп үйгенін, кейінің оның сыртынан тағы бір қабат шеңберлеп тас жатқызғанын, сонымен бірге оба төбесіне үйілген тасты да дөңгелектеп қойғанын көрдік. Ол кезде үйсіндер, қаңлылар күн құдай- бір жайгер, ал нажағай - оның атқан жебесі деп есептеді”. Үйсіндер мен қаңлылардың киіз үйді дөңгелек етуі, ең жақын ауылдастардың алқа-қотан(күрен жасап) қонуы, талай тайпалардың (мысалы Үйсін ішіндегі Қаңлы, Албан, Дулат, Суан, Абдан, Ботбай, Сəмбет, Сиқым, т.б.) ентаңбаларында күн белгісі - О пішіннің болуы міне осыдан. Үйсін елбасының күнби атануы да соған байланысты.
Маздеизм (Mazdeisme) ежелгі үйсіндерде күшті болды. Ол кейін келе тіпті іргелес Ирандағы Сасанилар əулетінің мемлекет діні дəрежесіне шейін көтерілді. Бұл діннің сарқыны қазақтар ішінде əлі де бар. Қазақтағы отты лаулату мағынасындағы маздату, Ахура мазда деген сөз бəлкім сол маздеизмнен қалған болар. Тіпті бұл діннің түрік халықтарынан шығуы да мүмкін. Əйтеуір, кейін келе Түрік, Слав, Парсы, т. б. ұлттарға дəстүр болған Оттəңір (ирандықтарша Атəш ата - От ата, ,аландарша Ад У Ни - ОтҚұдай) үйсіндерде Алас Ата боп өмір сүрді. Бұл арадағы Аланның Адуни дегеніндегі Ад - от, У - күн немесе құдай (Умай анадағы У-ды еске алыңыз), Ни - ие, кие дегендік шығар. Ол б.з. VI ғасырында Қытайдың солтүстігіне барғанда “отқақұлдық” деп аталды. VII ғасырда, Чаң-анмен Лояң қалаларында оның ғибадатханалары да болды. Бірақ əрі шет ел діні деп қаралғандықтан, əрі Қытай дəстүрімен сиыса алмағандықтан бұл елде дами алғаны жоқ. “Үйсіндер, қаңлылар отты күннің жер бетіндегі киесі деп қарады. Отты кіршіксіздіктің символы, жарық нұрдың қайнары, арамдықты аластаудың, пəле-қазадан арылудың қуаты есептеді”. Қазақтағы қазірге шейін үзілмеген аластау салттары - əне соның жалғасы.
“Үйсіндер, қаңлылар, күнге табынумен бірге, айға да сиынды. Ай жаңаланғанда, əйелдер айға қарап тізерлеп отырып, ерлер тұрған беті алақандарын жайып (“жаңа ай жарылқа, ескі ай есірке!” деп. - С. Ж. ) айға сиынды. Бұл ғадет қазақтар арасынан қазірге дейін кезігеді”.
Үйсіндер жерді ана ретінде тəу тұтыпты. Мысалы, қажеті болғанда қылыштарын қара жерге шаншып, үстіне ақ не қан сеуіп, қара жермен қарудан соғыс жеңісін де тілеседі екен.