Үйсіндер заманына сай өзге күйде өмір сүре берді
Мұны мына деректер мықтап дəлелдеп отыр:
А. Тілімізге тиектердің біреуі - «Соңғы ханнама. Оңтүстік Ғұн баянында», б. з. 91 жылы, Ғұн қағанаты екіге жарылып, Хəн əулетіне бағынбаған жағы батысқа қарай ауғаны туралы айта келе, “Қатты қорқып демі ішіне түскен Теріскей Ғұн тəңірқұты Үйсін еліне қарай зытты. Дешті құмның теріскейі иен қалды”, “Ешбір пана таппаған тəңірқұт киізге оранып үйсінге қашып барады”делінген екен. Демек, Соңғы Хəн əулетінен жеңілген тəңірқұт қашып барып Үйсінді паналапты. Бұдан кемінде мынаны байқауға болар:
Бірі, былайғы сатыда, екі Үйсін де Хəн елінен қорықпайтын күйге жеткен. Өйтпесе олар тəңірқұтқа пана бола алмас-ты. Енді бірі, бұл кездегі Үйсіннің Хəн жақпен байланысы сиреген, қайта ғұндармен тату қатынасы қайта күшейген.
Ал мұның арты тіпті алыстауға тартқан. Сөйтсе де орта жазықпен дипломатиялық байланыс мүлде үзіліп те кетпеген. Бұл көзқарасты ғалымдар “аз дегенде ғасырға дейін үйсіндердің ішкі өңірлердегі патшалықтармен (Қытаймен. - С. Ж.) саяси байланысы үзілмеген” деп құптай түседі. «Соңғы хəннама. Батыс Өңір баяны»: Б.з. 127 жылғы оқиғаны айта келіп, бұған “Үйсіндер Памир тауының батысынан ары шалғайға кеткен” дегенді қосады. Кеткен деген жоғалды емес, əрине.
Ə. Тілімізге тиектің тағы бірі - “Үйсін елі. Ордасы Чекүк қаласында. Орны Күсəннің солтүстік-батысына тура келеді. Дəйдан он мың сегіз жүз ли шалғай. Бұл ел Нөненнің шапқыншылығына көп ұшырады да, батысқа -Памирдың терең қойнауларына қоныс аударды. (Тəй Уди заманы) тəйянның 3-(б. з. 437-) жылы бұл елге елші ретінде Дұң Уан, т. б. жіберілді. Сонан бастап сарайға елшілерін үнемі жіберіп, бағалы тартулар ұсынып тұрды” дейді жылнамалар. Оның үстіне, “Дұң Уан, Гау Миңдер қисапсыз көп торғын-торқамен тағы жіберілді. Бұлар Пышамшанда тоғыз елдің елшілерін қабылдап, көңілдерін аулау мақсатында оларға сыйлықты мол-молдан тарту етті. Сол кезде Дұң Уандарға патшадан, баруға жолдың ыңғайы келсе, өзге елдерге де бара келіңдер деген жарлық түсті. Дұң Уандар тоғыз ел арқылы солтүстіктегі Үйсін мемлекетіне барды. Үйсін ханы Уей əулетінің таралғысын ілтипатпен қабылдап, айрықша қуанды. Ол Дұң Уан бастаған елшілерге: “Естуімше Ферғана, Шаш деген елдер Уей əулетінің шапағатын естеріне жиналады екен. Əрмене ретінде кепшір тапсырайын десе де, соған жол таба алмай отырған көрінеді. Енді осы араға келіп қалған екенсіздер, олардың Орта Жазықтық қағанатты көксеген армандарының іске асуына сілтелеріңізді тигізіп, сол екі елге де бара кетіңіздер” деді. Дұң Уан Гау Миңды Шашқа жұмсады да, өзі Ферғанаға баратын болды. Үйсін ханы оларға жолкезер тілмаш қосты” делінген сөз де бар. Бəлкім бұл арада əсірелеу де, мақтану да бар шығар.