Жаңалықтар

ҮЙСІНДЕР ТҮРІК ТЕКТІ

ҮЙСІНДЕР ТҮРІК ТЕКТІ
21.08.2014 09:13 4237

Енді, жоғарыдағы баяндарымыз негізінде, жазып отырған тарихымыздың негізгі тұлғасы үйсіндердің өзінің тегіне келейік.

Бертінге шейін Үйсін. т. б. этностардың нəсілдік тегі жайлы көзқарас əралуан болып келді. Оны Хан Каңшин мен Пан Чифыңның «Үйсіндер мен нүкістердің антропологиялық тегі» деген мақаласындағы мынадан-ақ байқайсыз: “Үйсіннің этникалық аттрибуциясы жөнінде, бұрынғы ғалымдар көп реттерде тіл ғылымы тұрғысынан əр түрлі қуаттамаларды алға қойған. Олар W.M. McGovern (1939) дегеннің сараптауы бойынша негізінен мынадай екі түрліден тұрады: бір түрлі пікірдегілер үйсіндерді түрікке тəуелді деп қарайды, енді бір түрлі пікірдегілер үнді-еуропа нəсіліне  жатады деп есептейді, оның үстіне соңғы көзқарастағылар көп санды ұстап келді. Ал енді Қытай ғалымы Цын Жұңмянның байымдауынша, Үйсін ұлысын Ж. Дегинь татарларға, Нюман финн-угорларға, Кларпулошин үнді-ариларға, Фиестр скифтерге, В.В. Григорьев, Петровский қырғыздарға, Аристов пен Радлов, сондай-ақ Ширатори Куракичи мен Ха- неда Тоурулар түріктерге жатады жəне т.б. дейді. Нүкістің (Жүздің) этнотегі жөнінен де түрліше пікірлерді кезіктіруге болады. Негізінен оны татарларға, тибеттіктерге, түріктерге, ғұндарға тəуелдейді, сонымен бірге бірқыдыру ғалымдар оны үнді-еуропа нəсілдеріне жатқызуды жақтайды. Міне осындай этимология тұрғысынан этникалық аттрибуциясын айқындауда, көп санды ғалымдар үйсіндерді кавказдық нəсіл жүйесіндегі бір этноспен байланыстыра- ды. Нүкістерді кавказ нəсіліндегі этноспен байланыстыратындар да аз емес”.

Алайда, меніңше, бұған қарап Үйсіндердің нəсілдік тегі əлі де беймəлім деуге келмейді.

Бұғанға шейінгі үйсіндердің тегі туралы алуан пікірлер ішінен сөзі қисынды да дəлелді көп санды ғалымдардікін жинақтай түссек, түптеп келгенде мынадай көзқарастарға саяды:

А. Шығыс ирандық текті деу. Өткен ғасырдың 30 жылдарында КСРО-ның А.Н. Бернштам уəкілдік еткен ғалымдары үйсіндер шығыс ирандық сақтардың бір бұтары, сақ пен үйсін мəдениеттері бір мəдениеттің екі сатысы деп қарады. Бұл арадағы “сақ пен үйсін мəдениеттері бір мəдениеттің екі сатысы” деп қарауда тұрған қателік жоқ. Егер бұлар ол кездегі сақтардың көптайпалы, көп тілді (Неміс ғалымы А. Фон-Ликогша айтқанда, “тек Шынжаң өңірінде он жеті түрлі тіл, жиырма төрт түрлі жазу қолданылған” ) екенін ескерсе, содан барып төмендегі көзқарастарға бейімделсе ұтар еді. Бəлкім еуроцентристік сезім оны бұйыртпаған шығар. Бұл көзқарастағыларға біздің “солай деген күнде де, ол үйсіндердің бір жаққа бір жан қалмай қотарыла көшіп кете қоймағанын, сол жұртта қалғандарының кейін келе түрік тілділерге сіңіп, ассимилияцияланғанын, Үйсін ұлысының бұл өңірдің мемлекеттілік тарихынан талай бетті алып жазылуға тиістілігін мойындасаң болғаны” дегеннен артық талап қоюымыздың қажеті шамалы. Олар əрине бұған еріксіз келіседі.

Ə. Ғұн текті деу. Меніңше мұнда тұрған қателік жоқ. Үйсіндердің ғұндармен салттастығы да, б. з. б. II ғасырдың алғы жарымында соның қоластындағы шағын ел болғаны да жылнамаларда ашық айтылған. Ғұн қағанатының батыс жағындағылардың негізінен түрік тілді дегенбіз. Үйсіндер тəуелсіздік алып, Ғұн қағанатынан бөлініп шыққаннан соң да, аратұра шайқасып қалған сəттері болғанымен, екі жақтың құдандалық сыйластығы да, “қарыстан көрі сүйем жақын дейтін” сезімдері де үзіліп көргені жоқ. Бұл да жылнамалардан айқын аңғарылады. Ғұн қағанатындағылардың талайы батысқа, тіпті Еуропаға ауғанда оның бір қыдыруының Үйсінде қалғаны тағы бар. Б. з. б. І ғасырдың орта шеніне келгенде, Үйсін ұлысы екіге ыдырағанда да, кемінде көпсанды үйсіндер ғұншылдығын əйгіледі. Бірақ Ғұн қағанаты да көп тайпадан құралған мемлекет. Оның ішінде ақ, сары нəсілділер де барды. Үнді-еуропа тілжүйесіндегілер мен алтай тіл жүйесінде сөйлеушілер де біргетін. Үйсіндер солардың қайсысына жатады немесе таяу? Бұған жауап ашық болуға тиісті. Демек бұл көзқараста тек нақтылық қана кем. Меніңше ғұндардың шығыс жағындағы бауларында бейтүрік (алтай тіл жүйесіндегі моңғол, тұңғыс, т. б.) тілділер басым болуға тиісті. Ал, батыс тарабындағы (қазіргі Моңғолия даласынан Каспийге қарайғы өңірдегі) баулары негізінен түрік тілді баулар болған. Бұл екі жақта да əлі де үнді-еуропа тілділігін сақтап жүрген аз санды тайпалар тағы да болуға тиісті. Үйсін ғұндардың батыс жағындағылармен тектес, тілдес, түрік тілді этнос.

Б. Түрік текті деу. Бұл, Қазақстандағы көп ғалымдардан сырт, Ресей түрік танушысы В. В. Радлов, Жапон ғалымдары Ширатори Куракичи мен Хане- да Тоуру, Қытайдағы хəн ұлтынан шыққан Су Бейхай бастаған қалың бір топ ғалымдар мен қазақ ұлтынан шыққан Нығымет Мыңжанұлы, Жақып Мырзаханов, Жақып Жүнісұлы, Шадыман Ахметұлы, Ясын Құмарұлы сықылды көп ғалымдардың көзқарасы. Үйсіндердің тегі мен тілі туралы бұл зерттеушілер “дегенмен де үйсіндердің түрік тектестігі туралы пікірді жақтаушылар басым деуге болады”, “Үйсін тілі қолда бар материалдарға қарағанда түрік тіліне жатады”  деп тұжырады. Бұлардың негізге алған тиянақтары көбірек те мығым. Мысалы, үйсіндер мен түріктердің аңыз, тотем (киетек), т. б. жақтардағы ұқсастығы; үйсіндердің түрік тілділігіне дəлелдердің молдығы; түрік елатасының (Ашынаның) үйсіндерден шығуы; үйсіндер жайлаған аумақтың түріктер шаңырақ көтерген тұсқа дөп келуі;

Сұлтан Жанболат, "Ежелгі ұлыс тарихы"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға