Жаңалықтар

ҮЙСІНДЕР ТҮРІК ТЕКТІ. Жалғасы

ҮЙСІНДЕР ТҮРІК ТЕКТІ. Жалғасы
21.08.2014 09:16 3970

Үйсіндердің кейінгі кезде де түріктер ішінде болғаны біздің көзқарасымызды мықтай түседі. “Оны шығыстанушы С.Е. Малов Тоныкөк (Тонйұқұқ) ескерткіштеріндегі Үйсін есімінің жазылуымен дəлелдейді. Жетісу үйсіндерінің шығу тегін анықтау жолында А.Н. Бернштам, Қ.А. Ақышев, Г.А. Кушаевтар археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Шығыстағы Орқон-Енисей жазба ескерткіштеріндегі деректер де осындай бұлтартпас қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Бұл деректерге сүйенген Ресей ғалымдары үйсіндердің исседондармен туыс екенін дəлелдейді. Б. з. VI ғасырынан бастап Үйсін этнонимі тарихи əдебиетте кездеспейді (Бұл автор үйсін этнонимінің бертінге шейін кездескен жерлерін көрмеген екен. Оған біз соңғы бөлімде аялдаймыз. - С. Ж. ). Бірақ одан тараған рулар дулат, албан, шігіл (жікіл) Түрік қағанаты кезіндегі мемлекеттерді құруға қатысқан”.

«Жоунама. Түрік баяны»  деген кітапта “Арғы түріктер сақтардан шыққан” деген екен. Ғалым Чи Насың  өзінің «Түріктер мен сақтар» деген еңбегінде, бұл деректегі “Суого деген –Саканың дыбыстық аудармасы (Saka). - дей келе, мынадай пікір білдіреді. - Ашына тайпасының төркінін сақтардан іздеу керек. Түріктер араласпа ұлт. Оның ұйтқы тегі - Ашынаның тайпасы. Түріктер бас көтерген алғашқы кезеңде, олардың хандық ордасы саф болатын. Жылнамалар Мұқан қағанды “Келбеті ерек. Кең бет, қызыл шырайлы. Көзі зеңгір” деген емес пе. Демек Ашынаның тайпасы көк көз, қызыл жүзді секілді кавказ нəсілдік кей белгілерді сақтаған. Ал, ол билеген қалың Телек (Телі) сықылдылардың көбі сары нəсілді болатын. (Тəңіртаудың шығысына таман ертерек келген түріктер - телек, т. б. тайпалар ертерек метистене бастаған шығар. - С. Ж. ). Үйсіндердің ақ нəсілдігінде шек жоқ. Қазба жұмыстарынан шыққан, үйсін деп танылған сүйектер мұны дəлелдеп отыр. «Хəннама. Батыс өңір баянында», “Үйсіндер Батыс Өңір жат жұрттары ішінде бітімі ең ерекшелер. Бүгінгі хулардың (ғұздардың,- С. Ж. ) шегір көз, жирен сақал, мешін іспеттілері -солардың тұқымы” делінген. Үйсіндер мен кейінгі Түрік ығайларының байланы-сы тіпті тығыз. Үйсін мен Ашына - бір аттың екі түрлі аударылуы. Үйсін деген Asii дан шыққан ат. Үйсін сақтардың тайпасымен тектес, бірақ өзге бұтары. Ашына деген Asiani-дың дəл аудармасы. Ежелгі сақ тілінде асияни -асы, қымбатты, асыл дегендік. Бұл Таң əулетінің уəзірі Ди Рынженің  Ашына тайпасы Барқын таудың (Иньшань) асыл тұқымы дегенімен қабысып тұр. Үйсіндердің мəнсап атақтары да кейінгі түріктердікіне өте жақын келеді. Бəрі де ежелгі сақтарға ұқсағанымен, ғадет-ғұрып жағынан түріктер ғұндардан гөрі үйсіндерге таяуырақ. Түріктер қымызға құмар. Қазіргі Орта Азия түріктері əлі де сондай. Қымыз ежелгі сақтардың табысы (тағы бір табысы ат үстінен садақ ату). Бұл ғадет ғұндарда жоқ, тек үйсіндерде ғана бар. Түріктер есігін күнгейге қаратады, күнге тəу етеді, бұлар да сақтардың салты. Үйсіндер күнге өте табынады. Үйсіндердің патшасының лауазымы да күнби. Ежелгі үйсіндердің обаларының сыртқы пошымы да күн сықылды дөңгелек. Үйсіндердің киіз үйі де дөңгелек. Үйсіндер мен түріктердің бөрі тотемі туралы аңыздары да ұқсайды. Осының бəрі түріктердің үйсіндермен, сақтармен тығыз байланыста екендігін түсіндіреді”.

Сұлтан Жанболат, "Ежелгі ұлыс тарихы"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға