Жаңалықтар

Үйсінде мұрагерлік түзімі жүргізілді

Үйсінде мұрагерлік түзімі жүргізілді
21.08.2014 09:54 4170

Хəн тарихи деректері бізге бүгінгі мұрагерлік түзімге тым ұқсамайтын түзімдік мазмұндарды да хабарлайды. Ал, ол деректерге толық нанатын бүгінгі тарихшылар ол кездегі Үйсіннің неке түзімін рулық қоғамның əдет-дағдыларының тым арыдағысын аңғартатын жақ арқылы талдайды. Ол деректер Лю Жиею күнбишенің алғашында Саншора (Күнсүй) күнбимен, ол күнби өлгеннен кейін таққа отырған оның немере інісі Оңғай күнбимен, Оңғай күнби өлгеннен кейін Саншора күнбидің Ғұн қатынынан туған ұлы “Нəби күнбимен отасқаны” жайлы айтады. Алайда, “Елжауды Лю Шижюнмен отасты”, сосын “Саншорамен отасты” деген сықылды, Лю Жиеюді “Нəби күнбимен отасты” деудің қисыны жоққа тəн. Бəлкім бұл Лю Жиеюдың“күнбише” деген атағын сақтағанына бола пайда болған хəндік жаңсақтық шығар. Өйткені əрі бұл Лю Жиеюдың əбден қартайып кемпір болған шағы, əрі оның Нəбимен жұлдызы қатты қарсы болып, аяғы оны қастықпен өлтіруге дейін оқталған тұсы. Кей ғалымдар үйсіндердің бұл əдеттері ғұндардың “əке өлсе, баласы өгей шешесін, ағайындылардың бірі өлсе, қалғаны оның əйелін əйелдікке алатын” əменгерлік салтымен бүкілдей бір деп қарайды. “Іс жүзінде бұл алғашқы қауымдық кезеңдегі рулардың өз ішінде қыз алыспау дəстүрінің сарқыны. Таптық қоғамға қадам тастағанда ханның тағы да міндетті түрде ханның қандастығы бойынша көшіп отырады. Ханның əйелі де тақтың кейінгі иесіне ауысады. Сөйтіп, Хəн əулетінің қандастығындағы былық-шылықтың себебінен туатын хан билігіне деген кедергілердің алды алынады. Ежелгі дəстүрдің қабыршағы бұл тұста жаңа тарихи мазмұн алады” деп талдайды. Бұл арадағы “ежелгі дəстүр” дегені жұбайлық ұғым бола қоймаған кездің түзімі ( Group marriage system) дегендік болса керек. Бұлай талдау ілгерілей зерттеуді талап етеді. Əйтеуір ішінара істі (мысалы, адам-айуан деп айырып жатпайтын, шектен асқан ұрғашышыл болған, тіпті өз қарындасын да қойнына алған Лю Шижюннің əкесі Лю Жян сықылдыны) жалпылық іске айналдырмаған дұрыс.

Сонымен, Үйсіндегі мұрагерліктің басты жақтарын атасақ, ол мыналарды қамтыды:

А. Мүлік мұрагерлігі. Бұл қазіргі қазақтікіне ұқсас. Əке өз ұлдарын есейгенде (отаулы болғанда) енші бөліп шығарады; Өз мүлкі кенже ұлына қалады.

Ə. Мəртебе мұрагерлігі. Отбасының қоғамдағы орнына, əкенің мансабына, т.б. дағды бойынша есейген үлкен ұл мұрагерлік қылады. Ол əлі есеймеген болса, ол есейгенше көкесінің бірі ізбасар бола тұрады да, есейген соң өткізіп береді. Ол есейген соң, мұрагерлік ете алмайтын күйде болса, оның бір əке-шешеден туған ағайыны мұрагерлік етуі мүмкін. Бұл да қазақта бертінге шейін жалғасқан салт.

Б. Əменгерлік.

Үйсінде ағайындылардың бірі өлсе, оның жесірін артында қалған ағайындарының лайықты бірі алу болды. Бұл да бертінгі кезге шейін қазақ халқында жалғасын тапты.

Сұлтан Жанболат, "Ежелгі ұлыс тарихы"

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға