Жаңалықтар

ҮЙСІН МЕМЛЕКЕТІНІҢ ҚОРҒАНЫСЫ

ҮЙСІН МЕМЛЕКЕТІНІҢ ҚОРҒАНЫСЫ
23.08.2014 10:14 5308

Үйсін мемлекетінің тəуелсіздік ала бастағаннан-ақ қорғанысқа баса мəн бергені байқалады. Əйтпесе ол Ұлы Даланы жалпағынан билеп тұрған тегеуірінді тəңірқұты, 300 мыңнан астам сайжарақ қолы, төңірегін қоршаған талай хандықтары бар Ғұн қағанатынан сытылып шыға алмас еді.

“Үйсіндердің əскери түзімі - іс жүзінде бүкіл халық жаппай жасақ болу. Мұның мəнісі - əр үйдегі ер азамат түгел жасақ деген сөз. “Олардың салты -жайшылықта мал баға жүріп, аң аулап тіршілік ету, қысылтаяң кезеңде соғысқа аттанып, жауға” қарсы жорық-шабуылға, жортуылға шығу. Бұл – олардың тумақасиеті” деген ғұндар түзіміне ұқсайды”. Со заманды елестетсек мұның əбден қисыны бар.

Үйсіннің Жаң Чян келген кездегі (б. з. б. 119 жылдағы) халқының саны 630 мың, түтін саны 120 мың, сайжарақ қарулы күші 188 мың 800 деген айтылды. Одан бір ғасырға жуық өтіп, Оңғай заманына (б. з. б. І ғасырдың алғы жарымына) келгенде бұл сан тіпті де артты дедік. Бұл қорғаныс күшінің сан жағы. Ұлы Даланы бір өзі сұраған тəңірқұттың аттандыра алатын əскерінің жалпы саны ұзағанда 300 мыңға ғана баратынын еске алсақ, Үйсіннің шынында да батыс өңірдің ең күшті мемлекеті екеніне кəміл сенеміз.

Б. з. б. 71 жылы төніп келген ғұн қолына қарсы 200 мың (оның 150 мыңы Хəн жақтікі) қарулы күш дайындалғаны мəлім. Ғұндардың бұл реткі шабуылын Оңғай бастаған 50 мың Үйсін армиясының, Хəннің 150 мың қолының араласуынсыз-ақ, тас-талқан етуі Үйсін қарулы күшінің бұл өңірдегі сапасында көрсете алса керек.

«Хəннама. Чын Таңның ғұмырнамасында», Чын Таң Хəн əулетінің Чыңди патшасына (б. з. б. 32-7 жж. билік құрған): “Жат жұрттықтардың бес əскері Хəнның бір əскеріне пара-пар келеді. Неге десеңіз, олардың қылыштары өткір емес, жебелері доғал. Қазір олар Хəнның əдемі соғыс қаруларын жасауын үйреніпті дегенді естіп жатырмыз. Сонда да, олардың үш əскеріне Хəнның бір əскері татиды” деп мəлімет жасаған екен. Мұнда Хəн əскер санының көптігіне дау жоқ. Ал Чын Таңның айтқан қару сапасына келгенде, өз елін көтере айтумен иесіне жағатсу бар деген күнде де, бұл сөз Хəн жақтың қару-жарақ өнері жағынан осал емесін жəне атты əскер санының артқандығын дəлелдеп те тұр. Дегенмен бұл арадағы “жатжұрттықтар” дегенге Үйсін сықылды жаттардың кіру - кірмеуін ойланып көрген жөн. Өйткені мына себептер бар:

1. Хəн əулеті ұлықтарының бəрі бірдей Сыма Чян сияқты аса шыншыл деуге келмейді. Олардың ішінде жандайшаптар да, өтірікшілер де жоқ емес. Чын Таң да солардың өзгені төмендетіп, өз жағын асқақтата сөйлеумен жағымситындарына жатады. Өйткені оның, б. з. б. 36 жылы, патша атынан жалған жарлық шығарып, Такламакан аймағындағы қала-полистер мен үйсін армиясын аттанысқа келтіруі де өтірікшілігі жағындағы біраз сырдың бетін ашады. Демек ол əрқандай жаманаттан, тіпті басы алынудан да қорықпайтын, қарабасының қамын ойлайтын зəндем.

2. Адамзат тарихындағы қола дəуірінен соңғы, аса маңызды (жан-жақтылы зор өзгерістерді əкелген, заттық мəдениетке негіз болған) темір дəуірінің Ұлы Далалықтардағы тарихы да зерделеуді, ескеруді қажет етеді. Бұл кез –шикізаттан алғашқы тəсілмен (мысалы Үйсін ұлысына тым алыс емес Кіші Азиядағы Хетт тайпаларының үрлеу əдісімен) темір ала бастағанына 1300 жылдай болған шақ. 

Ерте темір дəуірінде суармалы егіншілікке негізделген көнешығыстық өркениет елдерінде (Месопотамия, Алдыңғы Азия, Кіші Азия, Солтүстік Африка, т. б. ) мемлекеттік жүйе мен саяси институттардың нығаю үдерістері жедел қарқынмен дамыды. Далалық тұрғындар қоғамы бұрынғыға қарағанда ерекше қарқынмен дамыды, металл өндірісі, сауда айырбасы гүлденді. Ерте темір дəуірінің соңын алатын уақытты, яғни скиф-сақ дəуірінен кейін келетін кезеңді ғылымда ғұн-сармат дəуірі деп атау қалыптасқан (б. з. б. III-б. з. V ғасырлары). Бұл кезде тарих сахнасына жойқын өзгерістер шықты” . “Дүниеде ең ерте, мөлшермен б. з. б. 1400 жылдары, темір шығарған хет  хандығы. Қытайдағы өңірдің дені б. з. б. V ғасырда темір қаруларды қолдана бастады”  дейді. Сонда Ұлы Далалықтардың, əсіресе үйсіндердің темір өндіруді қашан игергенін, өзгеден үйренсе қашан, қай жақтан (хеттерден бе, жоқ əлде Қытайдан ба?), қалай үйренгенін тəптішті зерделеу керек. Зерделемей тұрып, “өзгеден үйренген”, тіпті “өзге елден жай игерген” дей салу Ұлы Дала мəдениетіне жеңіл қарайтын көне ойдың жемісі болып қалар.

3. “Сөз теңізі”: “Түрік - ертедегі ұлттар аты. Кең мағынада Түрік, Теле сықылды тайпалар, тар мағынада Түрік қағанаты. Б. з. VI ғасырында Алтайдың оңтүстігінде көшпенді еді. Көсемінің тегі (фамилиясы) Ашына  болатын. Алтайдың пошымы дулығаға (соғыста басқа киетін жабдық -доумоу- С. Ж. ) ұқсайтындықтан түрік (тужө) атанып кетті. Басында нөнендердің (жу- жан, роуран) теміршісі еді” дейді. Бұдан түрік тайпаларының (соның ішінде үйсіндердің) темірді өзгелерден тым жай игермегені байқалып тұр.

 

Сұлтан Жанболат, "Ежелгі ұлыс тарихы"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға