Жаңалықтар

ҮЙСІН ҰЛЫСЫНЫҢ ЖЕТІСУҒА КЕЛУ АЛДЫНДАҒЫ МЕКЕНІ

ҮЙСІН ҰЛЫСЫНЫҢ ЖЕТІСУҒА КЕЛУ АЛДЫНДАҒЫ МЕКЕНІ
21.08.2014 09:17 2894

Сөйтіп, үйсіндерді Эфиопиядан келген қара нəсілді арыдағы адамзаттың, ілгерілей айтқанда олардың ұзақ тарих барысында ақ нəсілге өзгеріп, Ұлы Далада тұрып қалған, сақтар дейтін тобының ұрпағы дедік. Оның ішіндегі нақты ата- бабалары шошақ бөрікті сақтарды қамтыған, түрік тілді сақ бұтарлары екен. Бұл бұтар өсе, көбейе келе əлде неше ұлыс, хандық болыпты. Олардың ең күшейген кезі Ғұн қағанатына біріккен тұс екен. Үйсіндер талайға шейін соған бағынып тұрыпты. Географиялық жағдайға қарай талдау мен тұспал жасағанда, олардың арғы ата- бабаларының Аму мен Сыр жақ арқылы, Каспий жаққа да, Ілені өрлей, Тəңіртауды аралай шығысқа таман да барғаны туралы деректерге сенуге болады.

Үйсін ұлысының (мемлекетінің) Сыма Чянның қаламына ілінген кездегі (б. з. б. І ғасырдың басындағы) территориясы туралы талас тым күрделі емес. Ғалымдар бұл кездегі Үйсін елінің Іле дариясын кіндік еткен Жетісу өңірінде болғанына бір ауызды. Мұндағы пікір алалығы тек оның Ілені кіндік еткен осы аумақтағы төрт тарабының қай тұстарға шейін барғаны мен қай кезде барғаны жəне астанасының аты мен орны туралы ғана. Оны алда тағы зерттей жатармыз.

Қолымызда Үйсін ұлысының құрамындағы тайпалардың тым арғы заманғы Ұлы Даладағы нақты жұрттары, Жетісуға келіп орнығудан бұрын тұрған қоныстары жайлы нақты да бірауызды мағлұмат жоқ. Тек соның алдында ғана сəл шығыста тұрғаны жайлы мағлумат «Тарихи жазбалар» мен «Хəннамада» айтылған. Ал, Ілеге келудің алдында Тəңіртаудың шығыстағы қай тұсында (Боғда маңайында немесе сонау Дунхуаң жақта) тұрғаны жəне Ілеге қашан келгені туралы талас бар.

Біз көрген жылнамалар үйсіндердің Іле жаққа келуден бұрынғы жұрты шығыста, нақтырақ айтқанда Хəн əулеті мен Ғұн қағанатының батысында еді деседі. Бірақ бұл жылнамалар бізге, б. з. б. 177 жылдың маңында жау қолынан опат болған Үйсіннің Нəнді күнбиінен арғы Үйсін ел иелерін айтып бере алмайтыны сықылды, арғы заманғы нақ мекенін де, ол (шығыста деген) жұртына қашан қалай барғанын да түсіндірген емес. Уаң Биңхуа мен Уаң Миңжы айтқандай: “Үйсіндер жөніндегі тарихи материалдар «Тарихи жазбалар» мен «Хəннамаға» жинақталған. Бірақ қорытып айтқанда, ондағы материалдар тым аз. Өте-мөте үйсіндердің Хыши дəлізін (мөлшермен қазіргі Гансу өлкесін. - С. Ж. ) мекендеген кездері мен батысқа қоныс аударғаннан кейінгі қоғамдық шаруашылығы, т. б. жөніндегі материалдар тіпті мардымсыз”. Бұл екеуі дəл осы пікірін өзге тұста, “Үйсіндер жөніндегі деректер «Тарихи жазбалар», «Хəннама» жəне т. б. ертедегі тарихи кітаптарда едəуір шоғырлы кезігеді, бірақ тым үстірт, əсіресе олардың Хыши дəлізін мекендеген кездегі қимылдары, басқа да тірлік аясы, ұлынүкістермен (Ұлыжүз), ғұндармен арадағы қарым-қатынасы, батысқа ауу жағдайлары жайындағы нақты деректер өте мардымсыз” деп тағы үстемелей қайталаған. Меніңше бұларды айқындай түсу былайғы зерттеушілердің сыбағасы.

Сұлтан Жанболат, "Ежелгі ұлыс тарихы"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға