Жаңалықтар

ҮЙСІН ҰЛЫСЫНЫҢ МӨДЕ ТƏҢІРҚҰТҚА БАҒЫНУЫ

ҮЙСІН ҰЛЫСЫНЫҢ МӨДЕ ТƏҢІРҚҰТҚА БАҒЫНУЫ
21.08.2014 09:22 4627

Тарихи деректер, үйсіндердің Жетісуға келуден бұрын жолыққан бір трагедиясы туралы, “Күшті көршілерінің шабуылынан Үйсін елінің билеушісі өлтіріліп, хандық үзіліп, билік ойрандалған. Жері басқалар қолына өтіп, халық тозып, тоналған” деп жазады. Осы арада, жоғарыда айтылған бір деректің екінші аудармасын да бере кетейін. Онда: “Келесі жылы (Хəн Уынди заманы чянюанның 4 жылы, б. з. б. 176 жылы), тəңірқұт ( Моду, Мөде, Мете, кей əдебиеттерде Бақтұғ. Б. з. б. 209 - 174 жылдары билеген - С. Ж. ) Хəнпатшасына мынадай хат жіберді: ““Оң білге ханды жазалау тұрғысынан батыстағы нүкістердің үстіне аттандырдым. Тəңірім медет бергендіктен, сардарларымыз бен жасағымыз сығай, алмауыттарымыз арқалы болды да нүкістерді күйреттік. Қарсыласқанның басын шауып, қалғанының тізесін бүктірдік. Кроран, Үйсін, Хагат ұлыстары жəне олармен іргелес 26 ел Ғұнға бағынды. Садақ асынған көшпелілердің баршасы бір үйдің адамындай болды” ”. Бұл арада бейбіт бағынды деген сөз жоқ. Əрине ол мүмкін де емес. Бəрі де“Тəңір медетімен”, “жасақ сығайлығымен”, “алмауыт арқалығымен”, демек қару күшімен, сұрапыл соғыс не тактикалық айлалармен, (соңғы аудармаша айтқанда) “күйретілген” немесе (алғы аудармаша болғанда) “қырғындап, бағындырған”. Ендеше Үйсін елі де Ғұн тəңір құтына бейбіт бағына салмаған. Керісінше ауыр қырғын арқылы еріксіз тізе бүккен. Ал мұны жүргізіп отырған – Ұлы Далалықтардың басын құрап іргелі ел ету үшін атқа мінген əйгілі көсем Мөде тəңірқұт. Мұны жоғарыда айтылған елші Жаң Чянның патшаға берген есебі жайлы мына сөз дəлелдей түседі: “Жаң Чян бұл тұста бек мəртебесінен айырылған еді. Ол: “Пақырыңыз Ғұнда жүрген кезінде Үйсін ханының күнби деп аталатындығын естіген. Күнбидің əкесі ғұндардың батыс жағындағы шағын елді билеген екен. Ғұндар шапқыншылық жасап, күнбидің əкесін өлтіріпті”.

Уаң Биңхуа мен Уаң Миңжылар айтқандай, “...Б.з. б. 177 жылдары ғұндардың, батысқа қауырт жорық жасап, үйсіндерді бағындыруы «Тарихи жазбалар» мен «Хəннама. Ғұн баянында» жазылған келелі оқиға, оның шын екендігінде күмəн жоқ, зерттеушілердің баршасы оны жаппай мойындап отыр”. Алайда бұл екі тарихи кітапта Нəнді биді қай жақ өлтіргені туралы сөз қарама-қайшы. «Хəннама» Жүз (Нүкіс) жақ өлтірді десе, «Тарихи жазбалар» Ғұн жақ өлтірген дейді. Жоғарыда айтылған таласты түйін де міне осы арада.

Меніңше Ұлы қаған Мөде тəңірқұт, “бірінші бөлімде” айтқанымыздай, тек қара күштің аңғал батыры ғана емес. Ол өз заманынан оза туған, стратегия, тактика, доктрина, саясат, амал, айла атаулыға жүйрік көсем. Сондықтан халқы көп (халық саны сонау Баркөл мен Жемісарыдан Қашқар, Хотанға шейінгі хандықтардың халық саны жиындысынан бір есе артық), күші мығым Үйсін ұлысын əшкере соғыспен басып алудың оңай емесін де, ол əдіспен бағынудың баянды болмасын да əбден біледі. Күндердің күнінде, бір көтеріліс шығып, қайтадан бой бермей кетерін межелей алады. Сондықтан алдымен түнделеткен астыртын, тұтқиыл да шапшаң шабуылмен Үйсін ордасын ойран қылған, артынан бұл қастықты басқаға (қас жауы Ұлы жүзге) жаба салып, өзі бассыз да бейшара күйге түскен Үйсінге, оның “аман қалған” (іс жүзінде бəлкім əдейі аман қалдырған) күнбизадасына (былайғы Елжау күнбиге) шапағатшы болып шыға келуі əбден мүмкін. Ол өз əкесін де өзгенің ойына келе қалмайтын басқаша амалмен өлтірген емес пе еді.

Сұлтан Жанболат, "Ежелгі ұлыс тарихы"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға