Жаңалықтар

ҮЙСІН ҰЛЫСЫНЫҢ Б. З. Б. II-I ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ҚЫСҚАША ТАРИХЫ

ҮЙСІН ҰЛЫСЫНЫҢ Б. З. Б. II-I ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ҚЫСҚАША ТАРИХЫ
21.08.2014 09:33 3133

Жер жаннаты Жетісуға келгеннен соң, парасатты да тегеурінді Елжау күнбидің жетекшілігіндегі Үйсін ұлысы біртіндеп тіптен күшейе бастайды. Халқы табиғи өсім үстіне Жетісудағы көшпей қалған өзге сақ тайпаларының (нүкістердің, т.б.) қалдығы, өзге елден ауып келушілер мен соғыс тұтқындары есебінен тіпті көбейе түседі. Жұртының əл-ауқаты да бұрынғыдан көтеріледі. Өзге жағынан да дами бастайды. Бұл үдеріс əсіресе толық тəуелсіздікке қолжеткізіп, бейбіт өмір сүрген тұстарда тіпті шапшаңдайды.

Елжау күнби алғашында Ғұн қағанатына қарата əрі жауласпау, əрі құл болмау саясатын біртіндеп қолдануға бекіген сықылды. Төлейтін алым-салықты жалғасты төлейді, бірақ сиыр құймышақтатып, оны барған сайын азайтады. Тəңірқұт тұрған Ғұн астанасы Ұлубалыққа (Лұңчың, Айдағарқала) əр жылғы белгіленген мезгілдерде барып тəу етуді жалғастырғанымен, сылтауын тауып барған сайын сиретеді. Өзі бармай өзгені жіберуін көбейтеді. Қысқасы Ғұн мен Хəн ара соғыстан өзін алыстатудың, одан өз еліне түсетін жүкті жеңілдетудің, екі елмен де жауласпай, өз жолымен, жөнімен жүрген дербес ел болудың амалын қарастырады.

Бұл барыс туралы Уаң Биңхуа сықылды ғалымдардың, үйсіндердің “Мөде қайтыс болғаннан кейін ғана, олармен арадағы қарым-қатынасы алшақтады. Өмірдегі саяси, шаруашылық мүдде қақтығыстары салдарынан үйсіндердің“күнбиі өз елін алысқа көшірді, тəуелсіз ел боламыз деп ғұндарға қолтапсырудан бас тартты” дегені ілгерілей талқылауды талап етеді. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, мұнда сəл жаңсақтық бар. Мөде б. з. б. 174 жылықайтыс болған. Ол жылы Елжау ұзаса 2-3 жаста ғана. Оның ержетуі Леузаң тəңірқұт заманындағы (б.з.б. 174-161 жж. ) іс. Демек “Мөде қайтыс болғаннанкейін ғана” дегенді, ең кемінде, “Леузаң қайтыс болғаннан кейін ғана” дегенге өзгерткен жөн болмақ.

Оның үстіне “Олармен арадағы қарым-қатынасы алшақтады” деген де қысқа уақыттың процесі бола алмайды. Елжауға бұл арманын біртіндеп атқаруқисынды келеді. Ол əрине ұзаққа созылған болу керек. Хəн əулетінің жылнамаларына сүйенген Уаң Биңхуалардың тағы бір жерде, үйсіндер “Тек кейінірек -шаруашылығы өркендеп, күш-қуаты күн санап зорайғаннан соң, жарлықты қабылдамай, “ғұндарға қол тапсырудан бас тартады” Ғұндардың құлдануы мен үстемдігінен құтылудың жолын қарастырады. Əсіресе, үйсіндер батысқа - Іле өңіріне ауып барғаннан кейін айрықша жаратылыстық, географиялық шарт-жағдайда шаруашылығы қауырт өркендейді, халқы көбейеді, мемлекеті де күшейеді. Олар ғұндардың құл иеленуші тобының шаруашылық жақтағы ауыр талан-таражысына, өз бастарының саяси жақтағы келемеждену жағдайына наразылығы бұрынғыдан əрі күшейеді. Бұл жайт қайшылықты ушықтыра түседі” дегенінің белгілі дəрежеде жаны бар.

Сұлтан Жанболат, "Ежелгі ұлыс тарихы"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға