Жаңалықтар

Қысқы Олимпиада: кімнен медаль күтеміз?

4-20 ақпан аралығында Бейжіңде қысқы Олимпиада ойындары өтпек
Қысқы Олимпиада: кімнен медаль күтеміз?
24.01.2022 15:34 4127

 

Қазақстан спортшылары қысқы Олимпиада ойындарына тас-түйін дайын. 4-20 ақпан аралығында Бейжің қаласында ақ Олимпиаданың жалауы желбірейді. Еліміздің атынан кем дегенде 31 спортшы бағын сынап, Қазақстан қоржынына медаль салуға тырыспақ. Олар биатлон, конькимен жүгіру, шаңғы жарысы, шаңғы қоссайысы, шаңғымен секіру, фристайл-могул, фристайл-акробатика, тау шаңғысы және шорт-трек секілді спорт түрлерінен жарыс жолына шығады. Барлығы 82 лизенция қолда бар.

 

Қысқы Олимпиадада Қазақстан әнұраны бір-ақ рет шырқалған

 

Қазақстан егемендік алған уақыттан бері жеті бірдей Ақ Олимпиаданың қатысушысы болып, бір ғана алтын медаль еншілеген. Ал КСРО құрамында жүріп біздің топырақта дүниеге келген Иван Гаранин (1976 жылы Инсбурк Олимпиадасында) екі бірдей қола жүлдеге қол жеткізген. 1988 жылы Калгари Олимпиадасында Владимир Саханов екінші тұғырдан көрінсе, Владимир Смирновтың бір өзі екі күміс пен бір қола медальға қол жеткізді.

 

Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде алғаш рет 1994 жылы Лиллехамердегі XVII Қысқы Олимпиадаға қатысып, табысты өнер көрсетті. Владимир Смирновтың жалғыз өзі бір алтын мен екі күміс медаль еншілеп, ел мерейін асырды. Соның арқасында Қазақстан жалпы командалық есепте 12 сатыдан көрінген еді.

 

Владимир Смирнов 1964 жылы Щучинск қаласында дүниеге келген. Спорттық мансабында төрт рет әлем біріншілігінде, бір рет Олимпиада ойындарында, екі рет Азия ойындарында чемпион атанған. Одан бөлек жоғарыда аталған ірі жарыстардан күміс пен қола медальдар мойнына ілінген. Биатлон тарихында ХХ ғасырдың 80-90 жылдарындағы үздік спортшылардың бірі болып есептеледі.

 

1998 жылы күншығыс елінің Нагано қаласында өткен Олимпиада ойындарында Владимир Смирнов спорттық мансабын аяқтар алдында соңғы рет бақ сынап, қола жүлдеге қол жеткізді. Сол секілді конькимен жүгіруші Людмила Прокашева да үшінші орыннан көрінген еді. 2002 жылы Солт-Лейк-Сити мен 2006 жылы Турин қаласында өткен ойындар біз үшін сәтсіз болды. Отандастарымыз бұл жылғы бәсекелерде қанша тырысқанымен ел қоржынына медаль түсіре алмады. Тек 2010 жылы Ванкувер қаласында алауы жағылған төртжылдық ойындарда биатлоншы Елена Хрусталеваның мерейі үстем болып, күміс медаль жеңіп алды. Ал 2014 жылы Сочидегі ойындарда мәнерлеп сырғанау шебері Денис Тен үшінші орыннан көрінді. Денистің қоласы бұл Олимпиададағы Қазақстанның жалғыз медалі болды.

 

2018 жылы Пхенчхан Олимпиадасында да қазақ спортшылары бір қола медальға қол жеткізе алды. Бұл жолы фристайлдан Юлия Галышеваның бағы жанды.

 

Кімдер жүлдеге қол жеткізуі мүмкін?

 

Бейжіңде өтетін Олимпиада ойындарын болжаушы спорттық-аналитикалық компаниялардың мәліметіне сүйенсек, Қазақстан бір күміс не бір қола медаль еншілеуі керек. АҚШ елінің сарапшы мамандары фристайл-могул спортынан отандастарымызға бір қола медлаь бұйырады десе, Gracenote Nielsen Company агенттігі еліміздің атынан сынға түсетін спортшылардың бірі күміске қол жеткізеді деп отыр. Ал үздік үштікке Норвегия, Ресей, Германия елдері ілігеді дейді мамандар.

 

Еліміздің басты үміті фристайл-могул, фристайл-акробатика, шорт-трек пен конькимен жүгіруде болып отыр. Себебі, соңғы чемпионаттарда қазақ спортшылары жүлделі орындардан көрініп жүр.

 

Медаль күтетін спорт түрінің бірі – шорт-трек. Қазақстан намысын Бейжіңде Абзал Әжғалиев, Денис Никиша, Әділ Галиахметов, Ольга Тихонова мен Яна Хан қорғайды.

 

- Біз үлкен жұмыс атқардық. Үмітіз он лицензия болған, алайда қазір тоғызына қол жеткіздік. Бұл да жаман көрсеткіш емес. Екі лицензияны Ольга Тихонова жеңіп алды. Қосымша қыздар мен ұлдар араласып қатысатын эстафетада құрамамыз 12 орыннан көрініп, тағы бір лицензияға қол жектіздік. Ол Яна Ханға бұйырды. Яна соңғы Әлем кубогында жақсы өнер көрсетіп, Қазақстан рекордын жаңартқан болатын. Ал ерлер сайысында Абзал, Әділ мен Денис те 500 метрлікте бақтарын сынайды. Бұл қашықтық Дениске өте оңтайлы болып отыр. Себебі, Никиша соңғы Әлем кубогында рейтингте жоғары сатыдан көрінді. Ал Абзал команданың көшбасшысы. Әділ Галиахметовтың артықшылығы 500, 1000, 1500, 3000 метрліктің барлығы да оң жамбасына келеді. Жалпы спортшы бір не екі қашықтықта тәуір өнер көрсететінін білесіздер. Әділ секілді шорт-трекші бұрын-соңды бізде болмаған. Қазір дайындықты күшейтіп жатырмыз. Бастысы, ойындар кезінде спортшыларымыздың ешқандай коронавируссыз, аман-есен өнер көрсетуі, - дейді баспасөз беттеріне берген сұхбатында Қазақстанның шорт-тректен бас бапкері Мәдіғали Қарсыбеков.

 

Бейжің Олимпиадасына 2018 жылы Пхечханде қола медаль еншілеген Юлия Галышева да баратынын айта кетейік. Сонымен қатар фристайл-акробатика спорт түрінен Жанбота Алдабергеновадан көп үміт күтеміз. Ерлер құрамасындағы могулшылар Павел Калмаков пен Дмитрий Рейхарда та Қазақстан құрамасына жүлде салуға әлеуеті жететін спортшылар.

 

Қазақстан фоpмасы көпшіліктің көңілінен шықты

 

Ұлттық Олимпиада комитеті Бейжiң ойындаpына аpналған Қазақстанның ұлттық құpамасының фоpмасын ұсынды. Айта кететiн жайт, Қазақстан өз таpихында алғаш pет экипиpовкадағы ел атауы қазақ тiлiнде «Qazaqstan» деп жазылған. Споpттық киiмдеpдi отандық ZIBROO компаниясы шығаpды. Ал шеpуге аpналған коллекцияны pесейлiк дизайнеp Дмитpий Шишкин дайындапты. Қазақстан командасының олимпиадалық экипиpовкасын әзipлеуге он екi айдан аса уақыт жұмсалған. Киiмдi дайындау жұмыстаpына споpтшылаpдың өздеpi де белсене атсалысыпты. Олаp фоpманың дизайны, сапасы мен функционалына байланысты ұсыныстаpын ашық жеткiзген көpiнедi. Споpттық киiмдеpдiң таныстыpылымына жазғы споpт түpлеpiнiң өкiлдеpi, яғни Токиода өткен Олимпиада ойындаpының жүлдегеpлеpi Қамшыбек Қоңқабаев, Сәкен Бибосынов пен Софья Берульцова да қатысты. Олар өз кезегінде қысқы Олимпиадада бақтарын сынайтын спортшыларға ақ жол тіледі.

 

Айта кету керек, 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге Алматы қаласы да үміткер болған. Тек соңғы сәтте Бейжіңнің бағы жанып, дүбірлі доданы өткізу мәртебесін жеңіп алды.

 

Бейжіңде өтетін ойындарда жалпы 15 спорт түрі бойынша 109 медаль кешені сынға түседі. Бұл төрт жылда келетін байрақты бәсекеге шамамен үш мың спортшы бақтарын сынайды деп күтілуде.

 

Қазақстан спортшыларына сәттілік тілейміз!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға