Жаңалықтар

Ырымдар мен нанымдар. Мәселенің мәні неде?

26.07.2024 13:03 316

«Қазақ – ырымшыл халық» дейміз. Тұрмыс-салтымызға қатысты түрлі ырым-тыйымдар бар. Дегенмен кейде халқымыз «Қазақ ырым етеді, ырым қырын кетеді» деп те айтады. Бұл сөз ақылға қонымсыз ырымдарға қатысты айтылған болуы керек. Демек, ырымның да естісі, есері бар. Бір қызығы ырымшылдықтың туу тарихы мен оның әр халықтағы көрінісі әр түрлі. Әңгіме есер ырымдарға қатысты. Бұл белгілі бір оқиғаға қатысты туындаған заманауи ырымдар да болуы мүмкін.  Осы мақаламызда есер ырымдар, оның шығу тарихы және де кез келген істің мәнін түсінбестен оны бейсаналы көшіріп қайталау туралы сөз етпекпіз.

Карго культ.  «Ырымшыл» меланезиялықтар

«Есер ырым» деп қалдық. Ал есер наным бола ма? Бұл сұраққа Карго-культ ұғымы «болады» деп жауап береді. Әлқисса, әңгімемізді екінші дүниежүзілік соғыстағы мына бір оқиғадан бастасақ дейміз.  1941-ші жыл. Жапония Америка Құрама Штаттарының Перл Харбор кемежайына шабуыл жасап, АҚШ-тың ресми түрде 2-ші дүниежүзілік соғысқа кіруіне себеп болды. АҚШ сарбаздары кемелерімен Тынық мұхитындағы түрлі аралдарға шығып, әскери орталықтар құра бастады. Меланезия аралдарындағы АҚШ әскери орталықтарына аспаннан ұшақтар арқылы сарбаздарға керек-жарақтары тасталып отырды. Себебі біріншіден ұшақтың қонуына ыңғайсыз, екіншіден шығынсыз яғни ұшаққа жол салудың қажеті жоқ. Америкалық әскерлер жүк түсетін аймақты қоршап, жақсы көріну үшін түтіндетіп, байрақтарды бұлғап белгі беріп, радиоаппараттар арқылы ұшаққа хабар беретін еді. Осылайша белгіленген нүктелерге ұшақтар аспаннан әскери қажеттіліктерді парашют арқылы тасталып жүрді. Сол аралдарда өркениеттен мақұрым қалған меланезиялықтар ғұмыр кешіп жатқан болатын. Аталмыш жергілікті халық үшін бұл іс-әрекеттер тым түсініксіз болғандықтан, олар үшін бұл құдды таңғажайып сиқыр, тылсым құбылыс еді.  Олар америкалық сарбаздардың арқасында алғашқы рет ұшақ, кеме, радио, теледидар сынды өркениеттің ғажайып үлгілерімен танысты. Осылайша күн артынан күн өтті, жыл артынан жыл өрді. Жабайы аборигендермен ақ нәсілді сарбаздар соғыс аяқталғанша 3-4 жыл тіршілікті бірге кешті. Ал әр жұма сайын жүк тасымалдау ұшақтары аралға тамақ, әскери құралдар, киім алып келетін еді. Осы уақыт аралығында сарбаздар жергілікті халықпен нанын бөлісіп, тамақ және киім-кешек те сыйға тартады. Ақыры дүние жүзін жалмаған соғыс аяқталып, американдықтар өз кемелеріне отырып отандарына қайтады. Ал жергілікті халық бұрынғы қоңыр тіршілігіне қайта оралады. Америкалықтар құр кетпей, аборигендердің жүрегіне жаңа сенім ұялатып кетеді. Олар ұшақтардың қайта оралып, өздеріне көктен тамақ және киім алып келетіндігіне сенеді. Халық күткенімен жылдар бойы оларға ұшақ немесе тамақ келмейді. Дәл сол уақыттарда халық арасында қызық бір наным басталады. «Көктен құдай «темір құстар» арқылы ақ адамдарға не сұраса да керегін береді» деп сенді. Олардың көзқарастары бойынша, сарбаздар  өздерінің ата-бабаларының рухтарымен ерекше байланыста болған, ал рухтар оларға көктен «сыйлықтар» жеткізіп тұрады.

Осылайша қара халық ағаштар мен сабандардан ұшақ, түрлі ағаш және жапырақтардан американ сарбаздарынан көрген теледидар және радио құрылғылар жасайды. Себебі Америка сарбаздары пайдаланған бұл заттардың құдай жіберген ұшақтарды шақыруға көмектесетіндігіне сенетін еді. Егер ақ адамдар осы әрекетпен ұшақтарды шақырса, жергілікті халық үшін де ұшақтар қайтадан келіп тамақ беретін еді. Осылайша олар бұл түсініксіз іс-әрекеттерді діни рәсімдеріне енгізеді. Әскерлер секілді байрақ жасап бұлғап, түтіндетіп, радиоаппаратқа ұқсас заттарды ағаштан жасап дәлме-дәл қайталап, аспаннан жүк түсуін күте бастайды. Бірнеше жылдан кейін антропологтар аралға жеткенде, онда бұрын-соңды болмаған діни культ пайда болғанын анықтады. Әр жерде бір-бірімен кендір арқанмен жалғанған тіректер болды. Кейбір жергілікті тұрғындар джунглиде алаңқайлар жасап, антенналары бар өрілген мұнаралар тұрғызыпты. Бірі боялған төсеніштерден жасалған жалауларды желбіретсе, басқалары кокос жаңғағының жартысынан жасалған құлаққаптарды киіп, бамбук микрофондарына бірдеңе деп айқайлады. Ал ашық жерлерде сабаннан жасалған ұшақтар болды. Аборигендердің қара денелері АҚШ әріптері мен медальдары бар әскери киімдерге ұқсайтындай етіп боялған. Олар қолдан жасалған мылтықтарды ұстап, сарбаздар секілді әрі-бері сап құрып жүр. Бұған куә болған америкалықтар бұл құбылысты «Карго-культ» деп атайды. Тікелей мағынада «жүкке табыну» деп аударылады.

Даудың басы - Джон Фрум «діні» һәм «ұшақ культі»

Карго-культтің тағы бір мысалы бар. Соның бірі – Джон Фрум нанымы немесе «ұшақ культі». Тынық мұхиттың оңтүстік-батыс бөлігіндегі аралдарда орналақан  Вануату мемлекеті туралы естігеніңіз бар ма? Википедия дерегі бойынша,  жер аумағы 12,2 мың км² құрайтын мемлекеттің халқы негізінен меланезиялықтар. Вануатулықтар жанартаулардың атқылауы нәтижесінде пайда болған аралдарда орналасқан ел. Бұл аралдарды алғаш 17 ғасырдың бас кезінде португалдықтар ашқан деседі. Кейіннен ағылшын теңізшісі Д. Кук зерттеп, оларға Жаңа Гебридтер деген ат береді. 1906 жылдан бастап аралдарды Ұлыбритания мен Франция бірігіп басқарса, 1980 жылдың 30 шілдесінде Британия достастығына кіретін тәуелсіз мемлекет болып жарияланды. Халқының  80%-і ауыл шаруашылығымен  айналысатын мемлекетте соңғы жылдары туризм тез дамып келеді. Жыл сайын 26 мыңнан астам туристер келіп қайтады. Халқының көпшілігі христиандық дінді ұстанады. Міне сол Вануату бір кездері Танна аралы деп аталған. Даудың басы Джон Фрумнан басталды дедік емес пе? Енді негізгі айтпағымызға оралайық. Жалпы бұл қозғалыс 1930 жылдары Жаңа Гебридтерде (Вануатудың тарихи атауы) пайда болған деседі. Қозғалыстың пайда болуы Манехиви есімді жергілікті тұрғынмен байланысты, ол «Джон Фрум» деген бүркеншік атпен жүк культін насихаттай бастады. Джон «пайғамбар» еуропалық қоғамның барлық қағидалары мен ұстанымдарынан бас тартуға шақырады. Ақша, батыстық білім, христиандық дін, кокос плантацияларында жұмыс. Міне осылардың барлығынан бас тартқан жағдайда және жергілікті дәстүрлерді ұстанған жағдайда жуық арада аралда байлық аста-төк болады деп сендірген. Аңыз бойынша, Джон Фрум орманнан жұмбақ түрде пайда болған деседі. Жергілікті халықтың сенімі бойынша Джон Фрум атты ұзын бойлы пальто киген жирен шашты адам оларға келіп, өмірлерін өзгертіп, көп байлық алып келеді.  «Джон Фрум» атауы ағылшын тілінен аударылған «John from (America)» сөзінің бүлінуі деген ұсыныстар айтылды. Яғни,  «Америкалық Джон». Себебі, «Фрум» тегі ағылшын тілінде сөйлейтін елдерде сирек кездеседі, мысалы, мұндай фамилия Ұлыбританияның 1851 немесе 1901 жылғы санақ деректерінде кездеспейді. Алайда Джон Фрумның шынымен өмірде бар-жоғын ешкім білмейді. 1941 жылы Джон Фрумның «ізбасарлары» барлық ақшаларынан құтылып, миссионерлік шіркеулерді, мектептерді, ауылдар мен плантацияларды тастап, Танна аралының ішкі бөлігіне көшіп кетеді. Бірақ бәрінен де аралдың үкіметіне Джон Фрумның екінші рет келгенде өзімен бірге кокос жаңғағы бейнеленген жаңа ақша әкелетіні туралы аңызға сенетін тұрғындар алаңдатты. Себебі, Фрумның айтуы бойынша олар ақ адамның валютасынан құтылуы керек. 1941 жылы бұл халық арасында ақшаны ысырап етудің кең таралуына әкелді.  Барлығы жұмысын тоқтатты.  Бұл арал экономикасына үлкен зиян әкелді. Колония әкімшілігі арандатушыларды қамауға алды, бірақ ешқандай әрекет Джон Фрум культін жоя алмады. Христиандық миссия шіркеулері мен мектептері де қаңырап бос қалды.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қозғалыс әсіресе Вануатуға 300 мыңға жуық америкалық сарбаздар қонғаннан кейін айтарлықтай кеңейе түседі. Арал тұрғындары бейтаныс адамдардың теңдіктеріне, олардың байлығы мен күшіне таң қалысады. Аяз ата, Сэм ағай және Шомылдыру рәсімін жасаушы Иоанн осы уақытта жергілікті тұрғындардың пікірінше, Таннаның байырғы халқының гүлденуіне үлес қосқан мифтік тұлғаларға айналды.  Джон Фрум культінің «ізбасарлары» да аралда символдық әуе жолағын салып, Джон Фрумның ұшағын аралға тарту үшін сол жерге макеттік ұшақтарды орналастырды. Олар сондай-ақ бастарына құлаққап киген «диспетчерлер» кезекшілік атқаратын символдық мұнаралар салды. 1957 жылы қозғалыстың жетекшісі Накомаха қатысушылар АҚШ футболкаларын киген символдық әскери шерулер өткізетін зорлық-зомбылықсыз салттық ұйым – Танна армиясын құрады. Әр ақпан айының 15-і күні аралдықтар қолдан жасаған аэропорттарына жиылып, діни жоралғы жасайды, сенім бойынша Джон Фрум 15-ші ақпанда келіп қонады, бірақ жылы жазылмаған. Ұшақ қонбаса да жыл сайын үмітін үзбей жиналады. 1970 жылдардың аяғында бұл қозғалысты жақтаушылар орталықтандырылған үкімет жергілікті дәстүрлерге қайшы келеді деп есептеп, тәуелсіз Вануату мемлекетін құруға қарсы болды. Қозғалыстың өз партиясы бар. Француз антропологы М.Табани бастапқы бұл мифті Дж.Кук (1774) және В.М.Головнин (1809) кемелері зәкір тастаған порт Грин-Пойнт мүйісімен (Таннаның оңтүстік-батыс бөлігі) байланыстырады. Кейіннен бұқаралық ақпарат құралдарының арқасында бүкіл әлемге белгілі болған қозғалыс «ұшақ культі» деген атқа ие болды.

Ричард Докинздің «Бог как иллюзия» кітабында егжей-тегжейлі баяндалатын осы мәліметтерде мынадай бір қызық оқиға суреттелді: Бірде зерттеуші Дэвид Аттенборо әлгі діндегі бір адамнан:

- Сендердің күткендеріңе көп жыл өтті, жүгі бар ұшақ қонбады, неге әлі сенесіңдер? - деп сұрайды. Сонда әлгі діндегі адам:

- Сендер Иса Мәсіхті екі мың жыл күтіп жүрсіңдер тіріліп келеді деп, біз Джон Фрумды одан да көп күте аламыз, -дейді сенімді түрде.  Культты зерттеуші Дэвид Аттенборо бұл жағдай діннің қалай пайда болып, адамдардың психикасы қалай тез дінге берілетінін айтады. Профессор Геза Вермес Исаның да айналасында кезінде осылай кішігірім культтік миф пайда болып, кейіннен ол культ эволюцияға ұшырап күрделі системалы дінге айналған деп болжауда.

Күнделікті өмірдегі карго-культ

ХХІ ғасырда бұл ұғымның аясы кеңейе түсті. Бизнесте, саясатта, білім-ғылым саласында, тіпті күнделікті тіршілігімізде карго-культ ұғымы етек жайды. Яғни,  күрделі құбылыстарды немесе технологиялардың негізгі мәнін түсінбей, тікелей көшірудің нәтижесін карго-культ деп аталды. Иә, күнделікті өмірде карго культінің  көріністерін көптеп байқауға болады. Оны псевдопсихологиялық концепциялар мен әлеуметтік стереотиптерге сенуден де, секталардан да, астрологтарға, экстрасенстерге, альтернативті медицинаны қолдаушылардан да және басқа да алаяқтарға сенген адамдар арқылы байқауға болады. Бұған тағы басқа біреудің жетістігін соқыр көшіру, нақты әрекеттер мен жетістіктерге емес, сыртқы белгілер бойынша табысқа баға беру, сән-салтанат пен байлыққа назар аудару кіреді. Сондай-ақ, жүк культінің бір белгісі ретінде адамның қандай да бір субмәдениетке еліктеуін де жатқызуға болады. Мысалы субмәдениет өкілдері көбінесе сол мәдениеттің сыртқы белгілерін көшіргенімен бірақ оның идеялық мазмұнына бойламайтындары көптеп кездеседі. Мысалы, ол байкер күртеше мен мохавк киіп, панк болып көрінеді, бірақ анархия, DIY және Straight Edge туралы ештеңе білмейді.

Мысалы бизнесте бұл Coco-cola, Adidas, Dior,  Apple сынды алып компаниялардың көшірмелері арқылы көрініс тапты. Аталған өнімдерді тек бай-манаптар пайдаланғандықтан қараша халық та солар секілді болуға тырысатыны рас. Себебі, ақсүйектердің тұрмыс-тіршілігі, киімдері, ұстанған, пайдаланған дүниелері кедей-кепшік үшін таңсық, әрі көзқызықтырарлық. Осыдан келіп еліктеу басталады. Солар киген брэндтік киімдер, танымал үлгідегі заттар, тіпті өмірлік ұстанымдар. Дүние қуаған пенделер бұлардың барлығын қайталауға бар. Содан болар бүгінгі таңда әлеуметтік желіде барлығы өздерін іскер, табыскер ретінде көрсетуге тырысады. Адамдар басқалардың көз алдында жақсы көрінудің барлық жолдарын ойлап табады. Ал олар киген киімдер мен ұстанатын брэндік әшекейлер мен құрылғыларға қара жаяу адамның шамасы жете бермейді. Сондықтан маркетинг өкілдері мұның да амалын тауып қойған.  «Ата даңқымен қыз өтеді, мата даңқымен бөз өтеді» деген мақалдың мәнін түсінген маркетинг өкілдері танымал брэнд атын жамылып көшірме саудаларын қыздыра бастайды. «Брэнд даңқымен көшірме өтеді». Міне, осылай. Бизнестегі карго маркетингі – танымал компаниялардың әрекеттеріне еліктеу арқылы нәтижеге қол жеткізу. Айфон смартфонының түпнұсқасына қолыңыз жетпеді ме, нешауа, оның көшірмесі бар. Айна қатесіз қайталанған. Иә, карго-культ ғасырлар бойы одан әрі эволюция нәтижесінде қазіргі уақытта жер шарының көп бөлігінде үстемдік ететін тұқым қуалайтын жүйелердің кең жиынтығына айналды. Хайле Селасс, Элвис Пресли және Диана ханшайым мен Майкл Джексон  сияқты қызықты заманауи қайраткерлердің өлімі культтердің тез пайда болуын және олардың кейінгі меметикалық эволюциясын зерттеуге мүмкіндік береді.

Сигналс фирмасының басшысы Джейсон Фрайт бір конференцияда «Көшіру жаратудан оңай ма?» деген сұраққа осылай: «Негізгі нұсқаның артындағы еңбек көзге көрінбейді. Оны көшіргендер сол заттың не себептен солай көрінгендігін және не себептен солай істегендігін түсінбейді», - деп жауап берген еді. Иә, жүк культі қызметтің көптеген бағыттары үшін өте ыңғайлы, өйткені нәтижеге жету үшін сізге қосымша күш салудың қажеті жоқ. Сондай-ақ  әр түрлі терең зерттеулер жүргізу және медиа-жоспар құру қажет емес, сізге тек бәсекелестің қызметінің пішімін көшіріп алып, отырыңыз және кез келген ақшаға кез келген нәрсені сатып алуға дайын көптеген тұтынушыларды күтіңіз, болды.

Діндегі құбылыс

Ұғымның дінге де қатысы жетерлік. Дін саласының мамандарының пікірінше ислам дініндегі Бақара 191, Ниса 89, Тәубе 5 аяттарын контекстен шығарып алсақ «дін радикализмге шақырады» деген қорытынды шығады. Алайда ол аяттар мүшріктермен соғыс кезінде түскен, соғыс біткен соң күшін жояды. Тура сол іспетті, төрт әйел мәселесі де контекст шеңберінде талданады. Біріншіден – жәһилия кезіндегі арабтардың зиналық еркіндігі һәм полигамия салты (4 әйелмен шектелмеген), екіншіден – араб тайпаларының арасындағы қақтығыстардың көптігінен еркектердің көп қырылуы, үшіншіден – хижрет кезіндегі мұсылмандардың санының аз болуы, төртіншіден – мүшріктермен соғыс кезінде еркектердің қырылуы. Міне осы себептер арқылы дәл сол уақыттың контекстінде полигамия парыз болады. Яғни, түпкі мәнін түсінбестен көшіру.

Тағы бір мысал. Бүгінгі таңда «шалбардың етегі тобықтан асса – күнә, ол адам тозақтық» деген дін ұстанғыштар жетерлік. Олар Сахих Әл-Бухариде және басқа да хадис кітаптарында «Изардың (шалбар секілді киімдер) тобықтан төмен түскені тозақта» деп ескерткен сөзін куәлікке тартады. Ал бұл сұрақтың жауабын айқындау үшін мамандар аталмыш мәселеге қатысты пайғамбарымыздың басқа да хадистерін саралауға кеңес береді.  Абдуллаһ ибн Омардан риуаят етілген мына хадисте пайғамбар: «Алла Тағала тәкаппарланып киімін жерге сүйреткен кісіге қиямет күні қарамайды (рақымдылық көрсетпейді)» деген. Мұны естіген Әбу Бәкір: Менің изарымның бір жағы егер қадағалап көңіл бөлмесем төмен түсіп тұрады» деп сауал тастады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Ей, Әбу Бәкір! Сен оны тәкаппарланып істейтіндерден емессің ғой» деп жауап берді. Дін мамандары осылай дейді.  Пайғамбардың Әбу Бәкірге берген жауабынан хадистегі шалбардың ұзындығын тобықтан асыруға қатысты тыйымның жалпы тыйым емес, тәкаппарлыққа қатысты екенін түсінеміз. Себебі, пайғамбардың заманында және сол кездегі араб ғұрпында дененің белден төменгі жағына киілетін шалбар секілді киімдер тобыққа жетпейтіндей қысқа болатын. Ал тобықтан асырып, етегін жерге сүйретіп киетіндер көбіне өздерін өзге адамдардан жоғары санайтын тәкаппар адамдар болатын. Сондықтан пайғамбар тобықтан асырып киюге тыйым салған. Яғни, бұл жердегі негізгі тыйылған нәрсе киімнің ұзындығының мөлшері емес, кісінің ұзын кию арқылы өзгелерден жоғары екендігін көрсетуді қалаған тәкаппарлық ниеті екенін түсінуге болады. Егер бұлай болса қазіргі дін ұстанып қысқа балақты шалбар кигендердікі де – Карго-культ болып табылмай ма? Себебі, сөздің мәнін түсінбей, тек әрекет қана көрініс табады бұл жерде.

Саясатта

Иә, саясатта да аралдықтардың аңғал сенімдерімен де ұқсастықтарды таба аламыз. Мәселен саясаттанушы Екатерина Шульман «кері жүк культі» ұғымын қолданады. Ол бұл терминді саясаткерлер басқа елдердің мемлекеттік институттарын олардың неге олай жұмыс істейтінін түсінбестен көшіруге тырысатын жағдайды сипаттау үшін қолданды. Көбінесе Шульман мұндай көшіруді үстірт еліктеу болып қалады, көшірме жұмыс істемейді немесе түпнұсқадан әлдеқайда нашар жұмыс істейді деп есептейді. Мысалы, үшінші әлем елінде демократия орнады. Бірақ ол тек қағаз жүзінде ғана бар: нақты саяси күрес жоқ, билікті аз басқарушы элита ұстап отыр. Демократиялық емес деген айыптауларға жауап ретінде билеушілер демократия Батыста да жұмыс істемейді, сондықтан олардың елі оның өз нұсқасын жасап жатыр дейді. Саясаттағы жүк культі мемлекеттің саяси жүйелер мен институттарды ел өміріне іс жүзінде енгізбестен ресми түрде көшіру жағдайы деп саналады. Көбінесе елдер неғұрлым табысты мемлекеттердің саяси механизмдерін пайдаланады, бірақ қоғам немесе жүйе оларға дайын болмауы мүмкін екенін елемейді. Жүк культі түрінде бұл механизмдер оң өзгерістерге әкелмеуі мүмкін, бірақ тек сыртқы түрі немесе тіпті зиянды болуы мүмкін.

Осы ретте біз саясаттанушы Ернұр Молдашевке хабарласқан едік. Саясаттанушыға «карго-культтің біздің елімізде көріністері бар ма?» деген сұрақты төтесінен қойдық.

Жалпы «Пішін мазмұнды ерекшелемейді, керісінше мазмұн пішінді ерекшелейді» деген көзғарас бар. Яғни сіздің белгілі бір мақсатыңыз болуы керек. Оның мазмұны, мәні болуы керек. Сол мән арқылы мақсатқа жету жолында пішін яки форма қалыптасады. Егер сіз мазмұнын, мәнін түсінбестен тек сыртқы пішінін көшіретін болсаңыз онда бұл - карго-культ болып табылады. Мысалы өзім саясаттанушы болғандықтан, саясаттағы мысалына келейік. Саясатта қоғамдық келісім деген бар. Қоғамдық келісім дегеніміз мысалы саяси жүйе өзінің бір идеясын, концепциясын, стартегиясын ұсынады делік. Оған бәсекелес топтар болса, яғни билікке таласушы күштер, ол әдетте саяси партиялар болады. Саяси партиялар өздерінің идеологиясын ұсынады. Сайлау барысында сол идеологиямен әлдебір партия жеңіске жетсе, сол партиямен халық арасында қоғамдық келісім орнайды. Яғни, халық пен билік мемлекетті дамытудың белігілі бір концепциясына келіседі. Мысалы мемлекетті басқару пішіні, саяси жүйе, экономикалық даму моделі секілді дүниелерде халық пен билік өзара келісімге келеді. Бұл жалпы дамыған мемлекеттердегі қоғамдық келісім моделі. Ал бұл жағдайда біздің елімізде кішкене басқашалау. Жаңағы біз айтқан экономикалық даму моделі, саяси идеологияны, мемлекетті басқару үрдісін соңғы үш ғасырда еліміз өзі таңдаған жоқ деуге болады. Яғни, халықта таңдау болмады. Тек соңғы рет халық Керей мен Жәнібек кезінде Қазақ хандығын құру кезінде ғана өзінің болашағын таңдады. Кейіннен Ресейдің қол астына генерал-губерния ретінде өтті. Яғни, хандық билік өз халқын Ресейге бодан қылып берді. Ал Ресейлік империялық билік қазақ жеріне әр түрлі саяси-экономикалық реформалар жүргізді. Хандық билікті жойып, генерал-губерниялар орнату деген сықылды. Бұл реформалар жүргізу кезінде ұлы далада мекен ететін халықтың сұранысы, талабы ескерілмеді, - дейді саясаттанушы.

Одан кейін елімізде коммунизм орнады.

Бірақ коммунизмді елімізде орнатуын сұраған адам болды дегенге, Маркс, Энгелстің еңбектерімен танысып, Ленинді қолдап  алашапқын болды дегенге  өз басым сенбеймін. Одан бертін келе еліміз өз тәуелсіздігін алды. Азаттық алардан бұрын елімізде референдум жүрді. Онда елдің көпшілігі СССР мен коммунистік жүйені сақтап қалуға дауыс берді. Оған қарамастан ел егемендік алды. Осылайша бізде парламентаризм мен нарықтық экономика құрылды. Оның жұмысының негізі халық пен биліктің парлментаризм негізінде бірлесе жұмыс атқаруы еді. Астанадан парламенттік ғимарат салып, оған бірнеше адамды жинау, заң қабылдау  оның барлығы – сыртқы пішін.  Ол бізге нарықтық экономиканы, парламентаризмді бермейді. Ал батыстағы парламентаризмде оның шынайы бейнесі бар деп санауға болады. Ондағы сайлау, ондағы партиялар арасындағы тартыс, шынайы бәсеке – плюреализмнің, қоғамдық келісімнің көрінісі. Мысалы, біздегі білім жүйесін алайық. Бұл ретте Болон процесі еске түседі. Болон процесі – бұл  бастауы 1999 жылы Болоньяда Болон декларациясына қол қою арқылы басталған Еуропадағы жоғары білімнің ең терең және ауқымды құрылымдық реформасы, ал реформаларды жүзеге асыру әр екі-үш жыл сайын өткізілетін жоғары білім үшін жауапты министрлер конференциясы коммюникесіне сәйкес жүргізіледі. Болонской декларациясы: дипломға қосымшалар берудің  айқын, анық және салыстырмалы дәрежелер жүйесін қолдану; үш сатылы жоғары білім беру жүйесін енгізу; кредиттер жүйесін ұтқырлықты арттыру құралы ретінде қабылдау; студенттер мен оқытушылардың еркін жүріп-тұруы үшін ұтқырлықты ынталандыру; салыстырмалы критерийлер мен әдіснамаларды әзірлеу мақсатында сапаны қамтамасыз ету саласындағы еуропалық ынтымақтастықты дамыту; жоғары білім берудегі еуропалық өлшемді күшейтуді қарастырады. 2010 жылғы наурыз айында Қазақстан ресми түрде Болон декларациясына қосылып, Жоғары білім берудің еуропалық аймағының 47- мүшесі және еуропалық білім беру кеңістігінің толық құқылы мүшесі ретінде танылған алғашқы Орталық Азия мемлекеті болды. Яғни отандық білім беруді еуропа стандарттарына жақындатуға мүмкіндік береді. Яғни, бұл бағдарламаның мәні әр білім алушыға жеке-жеке назар аудару. Оның оқытушыны өзі таңдау, уақытты өзі таңдауы деген секілді. Мәселен екі студент инженерлік мамандыққа түсті делік. Ақырында екі студенттің алған білімі, бағыты екі түрлі болып шығады. Себебі, екеуінің талғамы мен талабы бөлек. Себебі студенттер өзіне қажетті ғана білімді игереді. Ал біздегі жағдайда көбіне бұл қағаз жүзінде келеді, көбінесе. Бұл жерде маман тапшылығы да рөл ойнайды. Мысалы бір мамандықта бір ғана ары кетсе екі ғана мұғалім сабақ беруі мүмкін. Мұнда да карго-культінің кейбір көріністерін байқаймыз, - дейді саясаттанушы.

Карго культі қауіпті ме?

Бұл сұраққа жауап іздеу үшін тағы да аборигендер тіршілігіне назар аударалық. Аралдықтар ұшақтарды қанша күткенімен, олар келмеді.  Бірақ жергілікті тұрғындар жеткілікті түрде дұға етпей жатырмыз, біздің әрекетіміз әлі де жеткіліксіз деп санады. Басқаларға қарағанда қалай дұрыс жүру керектігін жақсы білетін діни қызметкерлер пайда болды және барлық рәсімдерді орындаудан қашатындарды қатты қорлады. Осы әрекеттермен олар астық тартуға, ям және балық аулауға уақыт таппады. Ғалымдар тайпалар аштықтан өлуі мүмкін деп дабыл да қақты.  Осылайша олар гуманитарлық көмек ала бастады, бұл ақыры жергілікті тұрғындарды өз көзқарастарының дұрыстығына сендірді, өйткені керемет жүк ақыры қайтадан аспаннан түсе бастады! Ал арал тұрғындарының көзқарасы бойынша америкалықтар пайдалы ештеңе істемеді: олар аң ауламады, шошқа ұстамады және жүгері өсірмеді. бірақ оларда бәрі бар. Олар бәрін қайдан алады? Әрине, олар бәрін құдайдан алады. Неліктен құдайлар ақ адамдарға жомарт? Өйткені олар дұрыс дұғалар мен рәсімдерді біледі. Егер сіз оларды қайталасаңыз, «темір құстар» сыйлықтармен қайтадан ұшатын болады.Сондықтан аборигендер жұмысын тоқтатып, аспаннан азық-түлік, киім-кешек, құрал-саймандар мен қару-жарақтарды «дәл солай» алған әскерилердің жұмбақ рәсімдерін көшіре бастағаны таңқаларлық емес. Ал Джон Фрум культінің ізбасарлары оның «пайғамбарлығына» мойынсұнып, ақ адамдардың ақшасынан құтылып, мал сойып, қорықтарын жеп, Танна аралындағы жағдайды апатқа ұшыратты.

Жалған көзқарастардың жетегінде кеткен заманауи адамдар да осындай қателіктерге жол береді. Арал тұрғындары секілді «сабан мен тезектен жасалған ұшақтарын» жасап, түпкі мәнге ұмтылмай тек сыртқы пішінге қызығушылық белең алды.  Бұл негізсіз мақтануға, жалған сәттілікке сенуге, логикалық байланыстарды жоққа шығаруға және әрекет етуден бас тартуға әкелді. Өздігінен болатын «жарқын болашаққа» деген сенімге бас қойды.  

Түйін: 90-шы жылдардағы жаңадан көлік тізгіндеген жандар туралы тамаша әзіл бар.  Ол кезде Мерседес сатып алғандардың бірі кенеттен көлік оталмай қалады деген мәселеге тап болады. Ол сыртқа шығып, етігімен дөңгелекті соғады, содан кейін фараны шүберекпен сүртеді, ал оның көлігі қайтадан іске қосылмайды. Ол досына қоңырау шалып: «Көлік іске қосылмайды» деп көмек сұрайды. Досы: - Дөңгелекті теуіп көрдіңіз бе? - Көрдім. — Фараларды сүртіп көрдіңіз бе? - Көрдім. - Олай болса,  мен сізге көмектесе алмаймын. Яғни, бұл анекдоттан біз жай ғана мимезия мен қайталауды емес, осы әрекеттерді қайталау дұрыс, осылай істеу керек деп есептейтін адамдардың тұтас бір қозғалысын көреміз. Тағы бір мысал, әрбіріміз жұмыс компьютеріміз жұмыс істемей қалғандағы әрекетімізді еске түсіріп көрелікші. Компьютерді бірнеше рет қосып-өшіреміз. Онда болмаса сымдарын шығарып орынына қоямыз. Болды. Осылай етсек, қосылып, жұмыс істеп кетеді деп ойлаймыз. Бұл да бір карго-культтің бір көрінісі. Яғни, компьютердің шынайы неден бұзылғанын білместен, әрекет ете бастаймыз. Ендеше, қандай әрекет жасасақ та, ең бастысы оның мәні мен мазмұнына назар аударған жөн. Әйтпеген күнде қолдан жасаған раидоқабылдағыш арқылы аспаннан ұшақ шақырған аборигендерден айрмамыз не? Солай емес пе?

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға