Жаңалықтар

Қырық мысал

рманнан қасқыр келді елге қашып, Алақтап, не қыларын білмей сасып. Соңынан бір топ аңшы қиқу салып, Ит қосып келе жатыр шапқыласып,
27.08.2014 19:30 42593

Қырық мысал

1.     ҚАСҚЫР МЕН МЫСЫҚ

(Крыловтан)

Орманнан қасқыр келді елге қашып,

Алақтап, не қыларын білмей сасып.

Соңынан бір топ аңшы қиқу салып,

Ит қосып келе жатыр шапқыласып,

Жалынып қасқыр сонда мысыққа айтты.

Шетінде бір ауылдың ұшырасып.

«Мысықжан, бұл жердегі жұрттар қандай?

Жау қуып келе жатыр арттан қалмай.

Ит үрген, қиқу салған адамдардың

Дауысын естимісің тартқан керней?

Айта гөр қайырымды ел бар болса,

Тасалап мені жаудан құтқарғандай».

«Бара ғой», – мысық айтты, Қойанкөзге,

Жігіт кем ер көңілді онан өзге.

Адамды анау-мынау тоқтатарлық

Аузының ебі де бар сөйлер сөзге».

«Оны қой, – қасқыр айтты, – ол жасырмас,

Жеп едім бір ту қойын былтыр күзде».

«Барып көр олай болса,Құрамысқа

Адамкем жасыруға онан ұста.

Шамасыз өзі асқан жақсы жігіт,

Жалғыз-ақ тоны келте, қолы қысқа».

Мысықжан, оны да қой өзгесін айт.

Жеп едім бір лағын өткен қыста».

«Иесі анау үйдің Көпберген бай,

Жақсылық, жамандықты көп көрген бай.

Қонақжай, өзі асқан дəулетті адам,

Жатсаң да ауырламас бірнеше ай».

«Баруға, – қасқыр айтты, – жүрексінем:

Оның да қозыларын жеп ем талай».

«Білмеймін сілтерімді енді қайда?

Барып көр Қисықбасқа анау сайда.

Болғанмен басы қисық, өнері көп,

Əр түрлі табылады онан айла».

«Мысықжан, оны да айтып əуре болма,

Жеп едім бір бұзауын өткен айда».

«Мен қайран, – мысық айтты, – істеріңе!

Залалдан басқа нəрсе істедің бе?

Байдың көбі, жарлының жалғызы да,

Тиіпті тыңдап тұрсам, тістеріңе,

Залалгер жұртқа тегіс болып əбден,

Енді не іздеп келдің, іштеріне?

Жынды жоқ, сені аман құтылдырып,

Алғандай бəле тілеп үстеріне.

«Не ексең, соны аларсың» деген сөз бар,

Ор, енді егініңді, піскенінде».

 

2.     КІСІ МЕН АРЫСТАН

(Крыловтан)

Бір аңшы ұстаушы еді, аңды қырып,

Ішіне қалың ағаш торын құрып.

Бір күні арыстанға кез келіпті,

Сырттан құрған торын бағып тұрып.

Арыстан ақырды оған аузын ашып,

Қанекей, қимылдап көр қарсыласып.

Шекірейіп, жан біткенге патшамын деп,

Мақтанып жүруші едің, судай тасып.

Қайратың мақтанатын қандай екен,

Кел бері байқасалық күш сынасып.

«Адамым, рас бізге патша болсаң,

Жүріп көр айағыңды қадам басып!»

«Арыстан, сенен артық емес күшім,

Сөзімді ілтипатпен тыңдап түсін.

Ететін мені артық қайуаннан,

Күш емес, өнеріммен еткен ісім.

Ол рас сендей онша батыр емен,

Мақтаншақ өтірікке жақын емен.

Қаншама күш жетпейтін қиын істі,

Орнына келтіремін ақылыммен.

Бұл саған айтып тұрған нағыз шыным,

Шындығын көрсетейін кəзір мұның.

Егерде сөзім жалған болып шықса,

Жейсің ғой сонан соң да, жарықтығым.

Сен қара, қылдай өрмек анау тұрған,

Мен едім азаптанып соны құрған.

Кішкене желге де өзі селкілдейді,

Көресің темір емес, иə тас қорған,

Жүрсем де қайратыңа сырттан қанып,

Көзіммен көргенім жоқ əлі анық,

Əуелі мен өтейін ар жағына,

Өтерсің мықты болсаң бұзып, жарып».

«Тұрсың ғой күш сынарға қылдай тормен,

Ол түгіл айқасқанмын онан зормен.

Сен барып ар жағында дайар боп тұр,

Жетермін мен де қазір тура жолмен»

Жөнелді көп сөйлемей адам пақыр,

Қуанып жылдам жүріп бара жатыр.

Астынан тор-торлардың өтіп алып,

Жүрді енді келсең кел, деп біздің батыр.

Арыстан шапты торға атқан оқтай,

Қомсынып бейне алдында нəрсе жоқтай.

Өте алмай торды бұзып шырматылып,

Сол жерде қолға түсті ұрмай-соқпай.

Оралып жатты торға арыстаным,

Ақылдан білді күштің қалысқанын.

Терісін арыстанның сойып алып,

Олжалы қайтты аңшы данышпаным.

Бұл жазған бозбалаға бір өсиет,

Өнерсіз қара күште жоқ қасиет.

Ойламай күшке сеніп еткен істің

Залалы əр уақытта басқа, тиед.

Демеймін күш керексіз адамзатқа,

Өнер, ой онан да артық мал мен баққа.

Өнердің жоқтығынан азып жүрміз,

Нағыз бұл арыстандай болмасақ та.

Бұл күнде күштен ойды бұрын жұмса,

Қара күш бəйге алмайт осы шақта.

Амал ет, заманыңның ыңғайына.

Бəйгесіз құр ұлағып босқа шаппа.

Ақылдан күшіңді артық көріп жүрсең,

Жадыңа бұл кеңесті оқып сақта!

 

3.     ИТТЕР ДОСТЫҒЫ

(Крыловтан)

Бір байдың Төрткөз, Мойнақ төбеттері,

Өздері ит болса да əдепті еді.

Түнде үріп, күндіз үрмей жай жататын,

Болады əдепті иттің əдеттері.

Түс мезгіл еді төбет тойып жатып,

Кемпір наз өкпелерін қойып жатып.

Ac үйдің алдындағы күн шуақта,

Сөйлесті əр нəрсенің басын шатып.

Сөз қылды жақсылықты, жамандықты,

Жомарттық, мырзалық пен сараңдықты,

Достықтың, дұшпандықтың жайын сөйлеп,

Қолға алды татулық пен араздықты.

Тілмарсып сол уақытта айтты Мойнақ:

«Менсіз-ақ қара, Төрткөз, өзің ойлап,

Дүниеде онан артық не нəрсе бар?

Тұрғаннан татулықпен күліп-ойнап.

Дос болсаң, құшақтасып жанға балап,

Сөз айтсаң бір-біріңе шырақ-қарақ.

Алты күн ашаршылық көрсең дағы,

Жемесең бірің жоқта бірің тамақ.

Достың дос жұлдырмаса жауға түгін,

Еш нəрсе айырмаса, ара жігін.

Бірінің қабағына бірі қарап,

Білмесе күннің қалай өткендігін.

Не бар деп дүниеде мұнан артық,

Мен қалып бір қиалға тұрмын бүгін.

Жолдыайақ, ақсақ Құтпан, жаман Сарқұс,

Солар да тап-тату жүр біздер түгіл.

Сөйлейді маңызданып енді Төрткөз:

«Мойнеке, мұның əбден айтарлық сөз.

Тұрмайтын бір күн тату неміз бар деп,

Мен дағы ойлаушы едім осыны əр кез,

Не келіп, тірі жүрсек не кетпейді?

Араз боп екеумізге не жетпейді?

Тамақ тоқ (өркені өссін иеміздің)

Тиіссіз сөгіп соқпай құрметтейді.

Расын рас демей танасыз ба?

Бір сəтке татулық жоқ арамызда.

Тұрмайтын ренішке сəл нəрсеге,

Екеуміз таласамыз барамыз да,

Мұндай іс арасында болған емес,

Көз салсақ бұрынғы өткен бабамызға.

Атаның жолын қумай ұлаққанда,

Тура жол сонан артық табамыз ба?»

Бұл сөзге көңілденіп Мойнақ тасты,

Ол үлкен, онан гөрі Төрткөз жасты.

Төрткөзім, Мойынекем деп бірін-бірі,

Дос болып, серт айтысып, құшақтасты.

Екеуі бірін-бірі сүйді, құшты,

Қызығы басылмаған достық күшті.

Ac үйден лақтырған бір омыртқа

Солардың нақ жанына келіп түсті.

Көрген соң майлы сүйек ит тұрар ма?

Құшағын жазып ала жүгірісті.

Достықты, айтқан сертті былай қойып,

Екеуі бір-біріне салды тісті.

Досты дос мұнан артық қалай сыйлар,

Жүндері бұрқыраған аспанға ұшты.

Су құйып екеуіне жиылған жұрт,

Екеуін зордан ғана айырысты.

* * *

Иттерге таласса да жарасады.

Етпесе, ит əдетін адасады,

Дос болған адамдарды қарап тұрсақ,

Биікпен теңдеп болмас аласаны.

Сүйектей арасына нəрсе түссе,

Иттерден олар артық таласады.

 

А.Байтұрсынұлы / «Ел - шежіре»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға