Жаңалықтар

Қырғызстан халқы Ассамблеясы Тараз жерінде

Қырғызстан халқы Ассамблеясы Тараз жерінде
23.10.2014 04:44 3676

Желтоқсан айының 18-і күні Жамбыл облысында Қырғызстан халқы Ассамблеясының бастамасымен «Достықта шекара жоқ» атты фестиваль өтті. Аталмыш шара 2011 жылы қабылданған Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы Келісім және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысының №5 нұсқауымен бекітілген 2013-2014 жылдарға арналған Даму Концепциясын жүзеге асыруға арналған іс-шаралар жоспары аясында жүзеге асырылып отыр. 
Қырғызстан халқы Ассамблеясының бастамасымен бауырлас екі ел арасындағы екіжақты қарым-қатынасты нығайту, Қазақстанның мәдениетаралық үнқатысу саласындағы жетістіктерімен, этносаралық толеранттылықтың қазақстандық үлгісімен кеңінен танысу мақсатында ұйымдастырылған іс-шара алдымен Тараз мемлекеттік педагогикалық институтынан бастау алды. Жамбыл облысы мен Қырғызстанның этномәдени бірлестіктері жастар орталығының көшбасшыларымен кездесу ұйымдастырылды. Сондай-ақ, қазақ ұлттық ойындарынан спартакиада өтті. Жоспарланған іс-шара мәдениет үйінде жалғасын тауып, Жамбыл облысы мен Қырғызстан елінің этномәдени бірлестіктерінің жетекшілері кездесті. 
Іс-шара М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-да жалғасып, екі елдің ғалымдары өзара кездесу өткізді. Барлығы 15 адамнан құралған топ құрамында этноаралық қатынастар маманы Багышбек Раимбеков, білім беру бөлімінің басшысы Аида Ишеналиева, философия ғылымдарының докторы Магира Амердинова, БМУ профессоры Ишенбай Абдразақов, әлеуметтік ғылымдар докторы, «Манас» атындағы Қырғыз техникалық университеті «Әлеуметтану» факультетінің деканы Кусеин Исаев, И.Арабаев атындағы Қырғыз университетінің ректоры Толобек Абдырахманов, Қырғыз Республикасының Қазақ қоғамдық бірлестіктер Ассоциациясы төрағасының міндетін атқарушы Ерғали Абдикаимов және оның орынбасары Тлеухор Бошумова, Қазақ Ассоциясының мүшесі Болдугүл Абдыкалыкова және басқа да Қырғызстан Республикасындағы қазақ Ассоциациясының мүшелері қатысты. 
Алдымен ТарМУ ректоры Махметғали Сарыбеков қонақтарды университет тарихымен қысқаша таныстырып өтті. 
Қырғыз елінен келген ғалымдар көкейлерінде жүрген сұрақтарды қойып, тиесілі жауаптарын да алды. Қырғыз елшілерін қызықтырған басты мәселе «Әулие-Ата» қазақ мәдени орталығының жұмысы болды. Университет ректоры Махметғали Сарыбеков сол орталықтың және Жамбыл облысындағы Қазақстан халқының Ассамблеясы жанынан құрылған сараптама тобының төрағасы болып табылады. Сол себепті Махметғали Сарыбеков қонақтардың сұрағының басым бөлігіне өзі жауап берді. Аталмыш сараптамалық топтың құрылғанына биыл 15 жыл толып отыр екен. Махметғали Сарыбеков бастапқыда бұл сараптамалық топтың құрылуына қарсы болғаны туралы айтты. Кейінірек сараптамалық топтың ұлтаралық татулықты одан әрі нығайтуға үлесі зор екеніне көзі жетіп, бүгінде орталықтың ұйтқы болуымен түрлі іс-шаралар атқарылып жатқандығына тоқталып өтті. 
Жамбыл облысында 80-ге тарта ұлт өкілдері тұрады және «Достық» үйінде осы ұлт өкілдерінің арасындағы байланысты, татулықты нығайту мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Көрші қырғыз өкілдерін қызықтырған мәселелердің бірі – М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-да білім алып жатқан өзге елдің студенттері жайында болды. Университетте Тәжікстан, Өзбекстан елдерінен келіп, дайындық курсын оқитын студенттер біршама екен. Алайда, дайындық курсынан өткен студенттердің 80 пайызы басқа өңірлердің жоғары оқу орындарына түсіп жататынын да жасырмады. 
Сонымен қатар, қырғыз бауырластарымыз университет оқытушыларының ғылыми дәрежеге ие болуының негізгі жолы және осы орайда қандай ғылыми жұмыстар атқарылатындығы жайына қызығушылық танытты. Ғылыми дәрежеге ие болу – бұл тынымсыз еңбекті, ізденісті талап ететін үрдіс. Ғалымның ғылыми мақалалары импакт факторы жоғары журналдарда жарық көру қажет және ол жұмыстың Отандық ғылымға қосар үлесі де жоғары болуы міндетті. Маңызды мәселелер өрбіген жиын соңында көрші елден келген қонақтар тарихтың тұтқасына айналған Тараз қаласының көрнекті жерлерін аралап, танысты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға