Жаңалықтар

Қырғыз Республикасының Жоғарғы Кеңес депутаты ҚХА XXVII сессиясына қатысуға келді

Қырғыз Республикасының Жоғарғы Кеңес депутаты ҚХА XXVII сессиясына қатысуға келді
28.04.2019 00:00 2775

Нұр-Сұлтан қаласының Достық үйінде Қырғыз Республикасының Жоғарғы Кеңес депутаты Гүлшат Асылбаевамен кездесу өтті.

Дөңгелек үстел форматында өткен кездесуді Нұр-Сұлтан қаласының Қазақстан халқы ассамблеясының қолдауымен қалалық «Қырғыз этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Оған этномәдени орталығының мүшелері қатысты.

Қырғыз Республикасының Жоғарғы Кеңес депутаты, Қырғыз қазақтары қауымдастығының төрайымы Гүлшат Асылбаева елімізге Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясына арнайы шақыртумен келді.

Кездесуді ашқан Гүлшат Асылбаева өзінің Қазақстанға келген сапарының мақсатын айта отырып, жақын күндері Қырғыз Республикасында Қырғызстан халықтарының Ассамблеясының төрағасын сайлау жиыны өткелі жатқанын мәлімдеді.

«Мені Ассамблея атынан сессияға қатысуға жібергендері үшін разымын. Қырғыз елінің өкілі ретінде өз міндетімді абыроймен атқарамын деп сендіремін», – деді депутат.

Сонымен қатар қазақстандықтарға Қырғыз Республикасында қолдау көрсетуге дайын екенін, қашан да көмек қолын созуға әзір екенін жеткізді.

«Қазақстанға бірінші келген күннен Нұр-Сұлтан қаласының «Қырғыз этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шавкат Исмаилов мені орталықтың тұрмыс-тіршілігімен таныстырып, көп мағлұматпен алмастық. Өзім де орталықтың мүшелерімен кездесу өткізу туралы ойланған болатынмын. Бүгін ол ойым жүзеге асты. Мұндай кездесулер екі елдің арасындағы достық көпірін жалғары сөзсіз», – деп ойын ортаға салды Қырғызстан қазақтары қауымдастығының төрайымы.

Депутаттың айтуынша, Қырғыз Республикасында отыз алты мыңнан астам қазақ ұлты тұрып жатыр. Басым бөлігі Шу облысында, Ыстықкөлде шоғырланған. Сондай-ақ Жалалабат, Ош, Баткен, Талас өңірлерінде де тұрақтаған. Қырғыз халықтарының Ассамблеясы қазақ диаспорасына арнайы кабинет қарастырып, онда барлық жағдай жасалған. Қазіргі таңда қызу жұмыстар жүріп жатыр.

Сонымен қатар алдағы уақытта Қырғыз Республикасында қазақтың ұлы ғалымы, XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстанда туған демократтық, ағартушылық мәдениеттің тұңғыш өкілдерінің бірі, шығыстанушы, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ, ағартушы Шоқан Уәлиханов атында мектеп ашылмақ. Тағы бір атаулы оқиға – Нұрсұлтан Назарбаевтың атында мектеп құрылысы салынады деп күтілуде.  

Кездесуге келген қонақтар депутатқа көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды. Алдағы уақытта мәдени жоспарларымен таныстырып, өзара ынтымақтастықта жұмыс істеуге келісті.   

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға