Жаңалықтар

Ынтымағы жарасқан үлгілі отбасы

Ынтымағы жарасқан үлгілі отбасы
Фото: жеке мұрағат 24.03.2024 08:12 865

Наурыз мейрамын мерекелеуде Наурызнама онкүндігі аясындағы отбасы құндылықтарын дәріптеуге арналаған «Шаңырақ» күні бекітілгені белгілі. Осы орайда жастарға үлгі болу мақсатында ұжымда жағымды ахуал қалыптастыруға елеулі үлес қосқан, қызметте адал да абыройлы еңбек етіп жүрген, «Адал азамат» құндылықтарын бойына сіңірген өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасының отанасы, Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті Байланыс саласындағы тарифтерді талдау және реттеу басқармасының басшысы Зауре Сабырбекқызы Орысбаевамен сұхбаттастық.

El.kz: Отбасы - адам баласының түп қазығы, алтын ұясы. Осындай алтын ұяны құрып, 33 жылдай ынтымағыңыз жарасып өмір сүріп келе жатырған отбасының отанасы ретінде айтсаңыз үлгілі отбасы қандай болу керек деп ойлайсыз?

Зәуре Орысбаева: Менің түсінігімде үлгілі отбасы, бұл бейбітшілік, өзара түсіністік және бір-біріне құрметпен қарайтын отбасы. Балалардың кез-келген әрекетте ата-анасынан қолдау табуы және ата-аналардың балаларының дамуына қосқан үлесін балаларының бағалай білуі  маңызды. Сонымен қатар, отбасында  ата-бабаларымыздың жылдар мен ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлерін сақтау да өте маңызды. Жұбайым екеуміз басымыздан өмірдегі жақсы сәттерді өткеріп қана қоймай, ауырған кездерде де бір-бірімізге қолдау болдық. Біз балаларымыз үшін  үлгілі отбасының үлгісіміз деп санаймын.

El.kz: Сіздің отбасыңыздағы ұлттық құндылықтардың алар орны қандай?

Зәуре Орысбаева: Мен өз отбасымды заманауи деп санасам да, отбасымызда ұлттық құндылықтардың алар орны ерекше, ата-баба дәстүрлерін ұмытпаймыз. Балаларымыз ата-әжелеріне үлкен құрметпен қарайды, пікірлерін тыңдайды. Отбасымызда шілдехана, тұсау кесу, сырға салу  сияқты ұлттық салт-дәстүрлік шаралар өткізіп тұрамыз. Сондай-ақ, біз келмеске кеткен туыстарымызға  құран бағыштап, еске алып отырамыз. Наурыз мерекесінде өзім міндетті түрде Наурыз-көже дайындап, туыстарыма, достарыма, көршілеріме және әріптестеріме ұсынамын.

El.kz: Отбасының екі тірегі - әлпештеген әке мен аялаған ана. Абзал ана, асыл жар ретінде жұбайыңыздың, балаларыңыздың ең жақсы қасиеттерін атап беріңізші?

Зәуре Орысбаева: Біз отбасын құрғанымызға 33 жыл. Отау құрғаннан бастап осы уақыт аралығында махаббатпен бірге жұбайымнан өзара түсіністік пен құрмет таптым. Жұбайым Ахат өте мейірімді, мұқият, сезімтал, қамқор адам.  Жұмыстан кейін шаршап келген кездері алдымнан  кешкі асымды даярлай қояды. Жұбайым жақсы күйеу ғана емес, сонымен бірге балаларымыз мен немеремізді шын жүректен сүйетін дана әке мен ата. Біздің екі ұлымыз бар. Үлкен ұлымыз Амир адалдық пен әділдікті жақсы көреді, өте ақылды, жақсы оқыды, IT-саласындағы маманы. Келінім Ләйля байсалды, өте жақсы ана. Кіші ұлымыз Алибек ерке, әзілқой, мейірімді, спортпен айналысады, әрине өзін рухани жағынан жан-жақты дамытып отырады. Оның мамандығы эколог. Сондай-ақ  кішкентай Амели атты немере қызымыз бар, ол небәрі 2 жас 4 айда, өте ақылды  және өзіне тән мінезі бар, табанды, қыңырлау (сұхбат беруші әдемі, жылы жымиды).

El.kz: Сіздер сияқты үлгілі отбасы болуы үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

Зәуре Орысбаева: Менің ойымша, отбасының дамуы үшін отбасының әрбір мүшесі өзін тұлға ретінде дамытуда өз бетінше жұмыс істеумен қатар отбасы  мүшелерін құрметтеп, сүйіп қана қоймай тыңдай да білгені өте маңызды. Өйткені, бір адам үнемі дұрыс бола бермейді, отбасының әр мүшесінің мүдделерін ескеріп, шешімдерін құрметтеу қажет. Бірақ сонымен бірге ата-аналардың пікіріне құлақ қою маңызды, өйткені ата-аналар өмірлік тәжірибені ескере отырып, әрқашан белгілі бір жағдайда қалай әрекет етудің жолын көрсетеді.

El.kz: Өзіңіз айтқандай ұл балалар тәрбиелеп отырсыз. Жанұядағы ұл  баланың тәрбиесі қандай болуы керек және қазаққа тән қандай қасиеттерді дұрыс деп санайсыз?

Зәуре Орысбаева: Ұлдарды ер адамша тәрбиелеу керек, оларға моральдық және рухани құндылықтармен қатар патриотизмдік сезімді қалыптастыру маңызды деп түсінемін. Олардың өз іс-әрекеттері үшін жауапкершілік сезімін дамыту, оқулары мен жұмыстарына адалдықтары маңызды. Әрине, кез-келген жағдайда қолдау көрсетіп, көмектесіп, керек жерінде орнымен мақтап, жылы сөзбен демеген де жөн.  

Қазақ ұлтына тән үлкендерді құрметтеу, ата дәстүрлерді сақтау, соның ішінде, қонақжайлылыққа, айналадағы адамдарға және табиғатқа мейірімді болу, әділдік әрі адалдық қасиеттерді айтқым келеді.

El.kz: Сіздің мемлекеттік қызметтегі жұмыс өтіліңіз 16 жылға жуық. Еңбегіңіз еленіп «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапаталдыңыз. Тәжірибелі мемлекеттік қызметкер, өз ісінің маманы ретінде айтсаңыз, мемлекеттік қызметші қандай қасиеттерге ие болуы керек?

Зәуре Орысбаева: Мемлекеттік қызметкер  - мемлекетке еңбек ететіндіктен бірінші қасиет өзің атқарып отырған  жұмысыңа адалдық деп айтар едім.  Жұмысына адал  берілген маман  өз саласында  белгілі бір нәтижелерге қол жеткізеді деп ойлаймын. Мемлекеттік қызметкерге  жауапкершілік қасиет те өте маңызды.

Мемлекеттік қызметкерге керек басты қасиеттердің бірі - патриотизм. Өзіңнің елін, жерін сүйген маман  жасап отырған саласында үнемі ел мүддесін ойлайтын болады. Белгілі бір маңызды мәселелерді қарастырғанда,  ең алдымен елдің, халықтың жағдайы тұрғысынан шешім қабылдайды. Сондықтан бұл ең маңызды және бұл сезім әрбір қазақстандық азаматтың бойында  болуы керек.  Отанын, халқын сүйген азамат қана мемлекеттік қызметке лайық болады. Әрбір қазақстандық осындай қасиеттерге ие болатын болса  еліміздің  одан әрі дамып, өсіп-өркендей беретініне кәміл сенемін. 

El.kz: Құрметті Зауре Сабырбекқызы алтын уақытыңызды бөліп, сұхбаттасқаныңызға көп рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға