Жаңалықтар

Қыстың қамы. Көмір бар, алатын адам жоқ - әкім

Дегенмен ол жерде өңір тұрғындары қатты отын сатып алуға асықпайтынын айтады.
Қыстың қамы. Көмір бар, алатын адам жоқ - әкім
Фото: ашық дереккөзден 11.09.2022 06:33 1903

Аймақ басшысы көмір бағасы туралы нақты мәліметтерді жариялауды тапсырды, деп хабарлайды EL.KZ Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Әбілқайыр Сқақов қатты отынды «Элит КЗ» ЖШС тұйығына қалай жеткізетінін және сататынын тексерді. Разрезде сатылымға он мың тоннадан астам көмір дайындады. Бағасы 8 мыңнан 20 мың төңірегінде. Дегенмен ол жерде өңір тұрғындары қатты отын сатып алуға асықпайтынын айтады.

Облыс әкімінің болжамынша, мұндай жағдай көмірдің құны бойынша объективті ақпараттың жоқтығынан, яғни бағаның өсуі және тауар тапшылығы туралы қауесеттердің таралуы салдарынан орын алып отыр. Сондықтан Әбілқайыр Сқақов бір тонна көмірдің құны мен оның тасымалдауы қанша тұратыны туралы ақпарат жариялауды тапсырды.

«Қыс шанаңды жаз сайла» деп бекер айтылмаған. Сондықтан күн суытқан кезде кептеліс басталады. Дүрлігуге жол бермеу керек. Ол үшін алдын ала дайындық қажет. Жергілікті биліктің барлық органдары қажетті ақпаратты беруге дайын, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ аймақ басшысы жер бұзылып, батпақ басталғанға дейін көмір сатып алғысы келетіндер арасында кептеліс болмауы үшін разрездермен сөйлесуді ұсынды. Әкімнің пікірінше, көмірмен қамту және жеткізу өзара үйлесімді жүруі тиіс. Сондай-ақ разрезден соңғы нүктеге дейінгі логистика облыстың кез келген тұрғыны үшін түсінікті болуы тиіс. Облыста барлығы 12 оператор және тоғыз тұйық жұмыс істейді.

Облыс әкімі қалалар мен аудандардың әкімдеріне үш күн ішінде ауылдық жерлерге көмір жеткізуді, шығаруды және реттеуді тапсырды.

Қала бойынша мәселелер туындамауы тиіс, себебі, бұл жерде бәрі жақын әрі қолжетімді. Аудан әкімдері қатты отынды сақтауға арналған платформалардың қай жерде ашылатынын ойластыруы керек, - деп есептейді өңір басшысы.

Сондай-ақ, Әбілқайыр Сқақов жеке меншік секторлардың, әсіресе шалғай аудандар мен ауылдардың тұрғындарын қазірдің өзінде қатты отын жинауға шақырды.

Естеріңізге сала кетейік, Павлодар облысында жылыту маусымына дайындық аяқталуда. Облыс орталығында әлеуметтік нысандарға 15 қыркүйекте, ал көп қабатты үйлерге 26 қыркүйекте жылу беріле бастайды. Өңірде көмір қоры жеткілікті: энергия көздері мен қоймаларда 1,5 миллион тонна қатты отын бар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға