Жаңалықтар

Ғылыми қамтымды экономика құру мәселесі

Ғылыми қамтымды экономика құру мәселесі
30.06.2014 04:29 5414

Елбасымыз Н.Назарбаев 2009 жылы ғылымды басқарудың жаңа моделін айқындап, оны дамытудың стратегиясын көрсетіп берген болатын. Сол кезден бері еліміздің ғылыми-иновациялық саласында көптеген реформалар жасалды. Мәселен, 2011 жылы жаңа «Ғылым туралы» заң қабылданды. Заң негізгі 5 басым бағыттан тұрады. Мұндағы бағыттар бойынша ғылыми қамтымды экономиканы құру мәселесін жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлінуде. Бұған бөлінетін қаржы жыл сайын еселеніп артуда. Айта кетейік, Қазақстанда ғылымды дамытуға бөлінетін қаржы дамыған елдердің көрсеткішімен бірдей. Бұл Қазақстанның ғылымға баса назар аударып жатқандығын көрсетеді.

            Елімізде ғылыми дамудың механизмі белгіленген. Олар: әлемдік ғылыми-техникалық ақпаратқа қол жеткізу, Қазақстанға шетелдік аса танымал ғалымдарды шақыру, ғылыми ұтқырлықты дамыту, жоғары рейтингті журналда ғылыми мақаласы жарияланған ғалымдарды ынталандыру, жастарды инновацияға бейімдеу. Жалпы, Елбасымыз Н.Назарбаев 2050 жылға дейінгі стратегиялық бағдарымызды анықтаған тарихи Жолдауында: «Біздің ендігі міндетіміз – егемендік жылдары қол жеткізгеннің барлығын сақтай отырып, ХХІ ғасырда ғылыми қамтымды экономика құруды жалғастыру» – деген еді. Осы тұрғыдан келгенде, мемлекетімізде ғылымды дамыту үшін атқарылып жатқан шаралардың  бәрі де ел абыройы мен ғылыми-экономикалық беделін көтеру, жастарды жаңа биіктерге жұмылдыру. Бұл дегеніміз, алдағы уақытта Қазақстанның экономикасы ғылыммен тікелей байланысты екендігін айқындайды.

            Біз әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру үшін не істеуіміз керек? Бүгінде дамыған елдердің тәжірибесінде ғылыми қамтымды экономика құрудың маңызы қандай? Әрине, бұл мәселелердің барлығы да бізді ойландырады. «Еліміздің бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіруі ғылыми қамтымды экономиканы қалыптастыруға негізделуі тиіс. Бұл ұстаным экономиканың шикізаттық түрінен инновациялық үлгісіне көшуді қамтамасыз етуге зор мүмкіншілік туғызатындығы сөзсіз.  Мұны ғылыми қамтымды экономиканы қалыптастыру арқылы тұрақты экономикалық дамуға қол жеткізген елдердің тәжірибесі де анық көрсетіп отыр», – деген болатын Қ.Тоқаев ҚР Парламенті Сенаты «Өңір» депутаттық тобының «Білім, ғылым және кәсіпкерліктің серіктестігі – ұлттық инновациялық жүйенің және ғылымға негізделген экономиканың стратегиялық даму жолы» тақырыбына  арналған отырысында. Яғни, ғылыми қамтымды экономика құру дегеніміз – елді төтесінен дамыту дегенді білдіреді.

Ел экономикасын дамытудың бағыттары көп. Соның ішінде маңызды бағыттардың бірі – ұлттық экономиканың шикізаттық қалыбынан инновацияға қарай бет бұруын қамтамасыз ету, қауқарлы ғылыми қамтымды технологияларды енгізу. Бұл мәселеде Елбасымыз бен Үкіметіміз, Білім және ғылым министрлігі университеттік ғылым мен білімге үлкен сенім артып отыр. Мемлекет басшысы Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур және т.б. әлем елдерінің даму тәжірибесін алға тартып, ғылым мен инновацияны екінші орынға ысырып қойған ел ешбір салада бірінші бола алмайтынын атап көрсеткен еді. Ғылыми және инновациялық қызмет үшін кадрлар даярлайтын зерттеу университеттері деген ұғым енгізілді. Олар инновациялық экономика өсуінің белсенді нүктелеріне айналуы тиіс. Зерттеу университеттері арнайы бағытталған бағдарламалар негізінде жұмыс жасауы керек әрі жоғары дәрежелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асырып, оның практикада қолданылуына жол ашуға міндетті болып отыр. Президентіміз Н.Назарбаев «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы халыққа жолдауында ғылыми қамтымды экономика құру мәселесі туралы: «Ғылыми қамтымды экономика құру – ең алдымен Қазақстан ғылымының әлеуетін арттыру. Бұл бағыт бойынша венчурлік қаржыландыру, зияткерлік меншікті қорғау, зерттеулер мен инновацияларды қолдау, сондай-ақ ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру жөніндегі заңнаманы жетілдірген жөн. Үкіметке биылғы жылдың 1 қыркүйегіне дейін тиісті заң жобалары топтамасын әзірлеп, Парламенттің қарауына енгізуді тапсырамын. Ғылымды қаржыландыру көлемін біртіндеп арттырып, оны дамыған елдердің көрсеткіштеріне жеткізу жөнінде нақты жоспар қажет» – дейді. Расында, шикізаттықтан арыла алмай жатқан Қазақстан үшін ғылыми қамтымды экономика құру мәселесі өте өзекке ие.

Бәсекеге қабілетті мемлекеттердің барлығы дерлік ұзақ мерзімді ғылыми даму жоспарларына стратегиялық маңыз беруде. Бүгінде Жапония мен Оңтүстік Корея секілді мемлекеттер роботтық техника мен мехатроника, машина жасау саласына ден қоюда. Түркия мен Қытай, Италия елдері жеңіл өнеркәсіп саласын дамытуды мықтап қолға алған. Көршіміз Ресей мен Солтүстік Корея елдері қорғаныс саласына көп көңіл бөлуде. Қару-жарақтары мен авиациясын, жойқын қару түрлерін инновациялық жолдармен дамытуда. Бұл тұрғыдан біз де қарап қалмауымыз керек.

Кез келген мемлекетте даму жолына бастайтын бірден-бір құрал – ғалымдар, ғылыми зерттеу институттары, жетілдіру және зерттеу жұмыстары. Жоғарыда аталған инновациялық даму жолына түскен мемлекеттердің ғалымдарынан, тәуелсіз Қазақстан ғалымдарының ғылыми деңгейлері ешбір кем түспейді. Біздерде жетіспейтіні – ғалымдардың жасаған ғылыми дүниелеріне мемлекет немесе өндіріс тарапынан сұраныстардың аздығы. Елбасы Жолдауында айтылғандай, жекелеген немесе ұжым болып зерттеу жұмыстарымен айналысатын ғалымдарды венчурлік тұрғыдан қаржыландырып, зияткерлік меншіктерін қорғап, зерттеу жұмыстары мен инновациялық жаңалықтарын қолдаса, сондай-ақ ғылыми әзірлемелерді коммерциялау жөніндегі заңнаманы жетілдірсе нұр үстіне нұр болар еді. Еліміздің дамуы жолында ғылымға негізделген инновациялық зерттеулерді қолданысқа енгізіп, мемлекет тарапынан отандық рационализаторларды қолдап, көптеген стартап жобалардың байқауын министрліктер тарапынан ұйымдастырса отандық ғылымның бойына қан жүгірері сөзсіз.

            Инновациялық даму дегеніміз – әлемдік деңгейде өнім шығару және жаңа нарық пен бәсекеге қарай тоқтаусыз ұмтылу деген сөз. Ал бұл ұмтылыс бар жұмысты ғылыми-техникалық және технологиялық қамтамасыз ету арқылы ғана жүзеге аспақ. Елбасымыз 2050 жылға дейінгі Стратегияда: «Табысқа жету үшін ғалымдардың талай буынының тәжірибесіне, тарихи қалыптасқан ғылыми мектептердің арнаулы ақпарат және білімдерінің көп терабайт көлеміне негізделген дербес ғылыми база қажет болады» деп елеулі мақсаттарды белгіледі. Білім және ғылым саласындағы инновациялық қызмет мемлекеттік және өңірлік ғылыми және ғылыми-техникалық саясаттың басымдықтарымен орайласуы қажет. Іргелі және қолданбалы зерттеулердің күшімен жоғары технологияларды дамытуға қол жеткізе отырып, соның нәтижесі негізінде өнімдерді сыртқы және ішкі нарыққа шығару, инвестиция тартуға қолайлы жағдай туғызу – бүгінгі инновацияның алғышарты.

            Президентіміздің биылғы жолдауынан кейін, ғылыми қамтымды экономика құру үшін елімізде көптеген шаралар атқарылып жатыр. Мәселен, биыл Үкіметке 2016-2019 жылдарға арналған Үдемелі индустрияландырудың екінші бесжылдығы жобасын әзірлеу жөнінде тапсырмалар жүктелді. Сонымен қатар, әлемнің дамыған 30 елі қатарынан көріну үшін мобильді, мультимедиялық, нано және ғарыштық технологиялар, робот техникасы, гендік инженерия салаларын өркендету мақсаты қойылды. Дегенімізге жету мақсатында ғылыми қамтымды экономика құру қажет екені белгілі. Бұл бағытта мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлініп, нақты жоспарлар әзірленбек. Әлеует те, әрекет те бар. «Біз инновациялық технологиялар паркіне қатысты маңызды заң жобасын қарап шықтық. Бұл Президент Жолдауында басымдық берілген тапсырмалардың бірі. Жалпы, ғылыми қамтымды экономиканы қалыптастыруды Елбасы басты басымдықтардың бірі ретінде атап отыр. Сондықтан да, инновация барлық жаңа өнеркәсіптік өндірістің негізі болуы үшін ғылымның, өндіріс пен бизнестің күшін біріктіруге тиіспіз. Заң жобасы осы мақсатты көздеп отыр және құжат жаңа технологияларды мемлекеттік қолдаудың тетігі болып табылады», – дейді парламенттегі палата спикері Н. Нығматулин inform.kz сайтына берген сұхбатында. Еске сала кетейік, Мәжіліс депутаттары «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластеріне қатысты екі заң жобасын бірінші оқылымда-ақ мақұлдаған болатын. Заң жобалары еліміздегі инновациялық технологиялар паркін дамыту үшін аса қажет. Депуттаттарымыздың ғылыми экономиканы дамытуға байланысты заң жобаларын шешіп беруі – алдағы уақытта экономикамызға ғылымның тікелей араласа алатынын көрсетеді.

            Ғылыми қамтымды экономикаға өту – мемлекетіміздің басты бағыты. Мұнда еңбек өнімділігінің жоғары деңгейіне мән беріліп, экономикалық өсімді қамтамасыз етуде ғылыми зерттеулер мен озық технологиялық секторлардың жұмысына басымдық берілетіні белгілі. Нақты айтқанда, инновациялық экономиканың негізгі белгілеріне сапалы білім мен ғылым, бәсекелестікпен кең өріс алған кәсіпкерлік, инновацияға деген ұдайы сұраныс, еңбек өнімділігі мен тұрмыстың жоғары деңгейі және әлемдік ауқымдағы бәсекеге қабілетті экономика жатады. Қазіргі  таңда ұлттық инновациялық жүйені дамыту бойынша мемлекеттің, бизнестің, білім және ғылыми жүйесінің өзара байланысы арқылы жаңа мүмкіндіктер ұсынылуда. Бүгінде Қазақстанның бірқатар жаһандық-экономикалық сын-қатерлердің алдында тұрғаны белгілі. Сондықтан мемлекетіміздің даму келешегі, оның бәсекеге қабілетті дамыған елдердің қатарына кіруі және жаһандық инновациялық жүйеде лайықты орын иеленуі еліміздің сыни кезеңдерді табысты еңсеруіне тікелей байланысты болатыны даусыз. Бұл ретте, Қазақстан үшін әлемдегі ең озық технологиялық өзгерістер ортасында болып, инновациялық тұрғыдан белсенді елдердің қатарына кіруі үшін қолда бар ғылыми-технологиялық және кадрлық әлеуетті тиімді пайдаланудың маңызы зор болмақ .

 

                                                                                                                 Дінмұхамед Аязбеков

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға