Жаңалықтар

Әйел денсаулығы – қоғам саулығының кепілі

Дәрігер акушер-гинеколог Ұлдана Байдуллақызының жүкті әйелдерге кеңесі
Әйел денсаулығы – қоғам саулығының кепілі
29.05.2020 18:59 18041

«Сіз ана боласыз» деген сөзді дәрігерден естігеннен бастап әрбір әйел өзіне және дүниеге әкелетін нәрестенің денсаулығына толық жауапты болады. Сол себептен де жүктілік анықталған сәттен бастап, болашақ аналардың салауатты өмір салтын ұстанғаны жөн. Оның ішіне еңбек, демалу және тамақтану кіреді. Осы бір бақытты сезінуден басқа, жүкті әйелдердің арнайы маманға қоятын көптеген сұрақтар туындайтыны да рас. Біз осы орайда жүктілікті жоспарлау, жүктілік кезінде ағзада болатын өзгерістер, жүктілік асқынулары, жүктілік кезіндегі әйелдерге берілетін кеңестер мен жиі кездесетін аурулардың алдын-алу және тағы да басқа маңызды жиі қойылатын сұрақтар төңірегінде дәрігер, акушер-гинеколог Байдулла Ұлдана Байдуллақызымен әңгімелескен болатынбыз.

Doctor-and-patient-berem.jpg

Ең әдемі әйел – жүкті әйел. Өмірге сәби әкелетін жанның жүзінде тыныштық, қорқыныш, жұмбақтық, еркелік қатар ұялап өзгеше түрге енеді. Жалпы жүктілік (латынша: graviditas) әйел ағзасының ерекше құбылысы. Жүкті әйелдер жүкті болмай тұрған кезде, жүктілік барысының дұрыс өтуіне өздерін дайындап, дені сау ұрпақты дүниеге алып келуі керек. Ол үшін адам өміріне араша түсетін дәрігер қажет. Дәрігерлік мамандық үлкен жауапкершілікті талап етеді. Осы бір құрметті саланың иесі, жоғары білімді дәрігер, акушер-гинеколог – Ұлдана Байдуллақызы. «Астана Медицина Университетінде» жалпы медицина мамандығы бойынша білім алған. Ол –  кейінірек акушерия және гинекология мамандығы бойынша екі жыл интернатураны, одан кейін үш жыл резидентурада жалпы 10 жыл білім алған маман. 2015 жылдан бастап Нұр-Сұлтан қаласындағы орталықтардың бірінің босану және босанудан кейінгі бөлімінде адам жанының арашасы болып, қаншама ана мен сәбидің аман-есен өмірге келуіне ықпал етіп келе жатқан ақ халатты абзал жан. Маман бізге бүгінгі қыз-келіншектер мен жас аналарды жиі мазалайтын сұрақтарға толығымен жауап беруге тырысты.

Жүктілікті жоспарлау

Жүктілік жоспарлау – бұл дені сау ұрпақ туылу үшін диагностикалық, профилактикалық, емдік кешен жүргізу болып табылады.

­ – Бүгінде заманауи жүктілікті жоспарлау үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім – жас жұбайлардың репродуктивті денсаулығын периконцепционды бағалау болып табылады. Ол дегеніміз медико-генетикалық кеңес, баланың туа пайда болған аномалиялардың болмауын бағалайды. Және де клиникалық тексерілу міндетті түрде диагностикалық урогенитальды және TORCH-инфекция, әйелдің соматикалық статусын бағалау денсаулықты корекция жасау, инфекция ошағын санация жасау. Ал екінші бөлім – жүкті болмай тұрып кем дегенде 3 ай жүргізіледі. Дәрумен-минералды кешенінің қоспасында фолий қышқылы, йод, антиоксиданттар болады. Бұл заттар балада туа пайда болатын ақаулардың болу қаупін біршама төмендетеді.Үшінші бөлім – жүктілікті ерте диагностикалау, жүктілік кезінде болатын асқынулардың, қауіп факторларының ерте диагностикасы және профилактика шаралары жүргізіледі, – деді акушер-гинеколог.

10-nedel.jpg

Өмірге бала әкелмес бұрын болашақ әке мен анаға үлкен дайындықтан өтуге тура келеді. Өйткені сәби сүю отбасы беріктігінің кепілі ғана емес, ол өмір сүруге, бақытты бала атануға құқылы кішкентай адамның келгендігінің белгісі.

– Дүниеге дені сау нәресте келуі үшін ата-анасының денсаулығы мен бала көтерудегі жас ерекшеліктер маңызды. Мәселен 40 жаста босанған әйелмен 25 жаста босанған әйелдің арасында үлкен айырмашылық болады. Себебі 35-40 жасқа келгенде денсаулықтың өзі сыр бере бастайды. Ол кезеңде жүктіліктің ауыр дәрежеде өту қаупі бар. Сол үшін 25 жасқа дейін 1 жүктілік болған дұрыс. Және баланы емізу бұл – сүт безі обырының алдын алады. Жас ерекшеліктері бойынша жүктілік жеңіл өту үшін дәрігерлер 19 және 35 жас аралығында жүкті болуды ұсынады, – дейді дәрігер.

Осы уақытқа дейін акушер-гинекологқа «ұл баланы дүниеге әкелгім келеді» деп хабарласып, кеңес сұрайтын қыз-келіншектер көп екен. Және бұл жағдай бүгінде еліміздегі өзекті мәселенің бірі болып саналады. Кей әйелдер ұл баланы армандаса, екіншілері көптен күткен қызды босану үшін арнайы мамандардың көмегіне жүгінеді.

Autism-Tuberous-Sclerosis-min-2048x1152.jpeg

­– Кейбір әйелдер «Мен ұл балаға жоспарладым. Бірақ менде қыз бала, сондықтан қызды дүниеге әкелгім келмейді» дейтін де қыз-келіншектер болған. Бұл – қателік. Сол себептен де отбасын жоспарлау деген бағдарламаны қыз балаларға мектептен бастап түсіндіру керек деп ойлаймын. Негізінен жоспарлы түрде ұлды да, қызды да дүниеге әкелуге болады. Егер сізде 4 қыз болатын болса, ұлды жоспарлауға болады. Немесе керісінше қызды да жоспарлы түрде дүниеге әкелуге болады. Бұл – өте қиын тәсіл. Ол әйел адамға және ер адамға байланысты болып келеді. Осы мәселеге қатысты қағидаларды да орындау оңай емес. Гинеколог маман ретінде осы тақырыпта стадиялар мен монографияларды ашып оқыдым. Дәлелді зерттеу жүргізген ғалымдардың тәжірибесі де бар. Көп кісілер нәтижесінде 98 пайыз көптен күткен ұл-қыздарын дүниеге әкеліп жатады. Менің жеке пікірім ұл немесе қыз деп бөлуге болмайды. Ең бастысы – дені сау ұрпақты дүниеге алып келу, – дейді Ұлдана Байдуллақызы.

Жүктілік кезінде ағзада болатын өзгерістер

Жүктілік  – бұл физиологиялық процесс. Қалыпты жағдайда әйелдің соңы етеккірі (менустрация) келгеннен бастап санағанда орта есеппен 38-40 апта аралығында жүруі тиіс. Жүктілік кезінде екі жақты функция болған үшін ағзада өзгерістер болады. Бірінші гормондық жүйе өзгереді. Созылмалы гонадотропин немесе жүктілік гормоны 6-8 күні бүкіл организмге жаңа озгерісті жеткізеді. Етеккірді (менустрация) реттеп отыратын жыныс гормондар саны төмендеп, простагландин гормоны құрамы өзгеріп саны артады. Гипофиз, бүйрекүсті безі, аналық безі қызметі жатыр мен сүт безінің өсуін атқарады.

2ad9c211-4a93-4bc0-a345-8bb98c394b69.jpg

– Жүйке жүйесі қызметі төмендегендіктен әйелдерде токсикоз шақырады. Жүрек қантамыр жүйесінің өзгеруі,жүрек бұлшықеті көлемінің ұлғаюы, жүкті әйелдің қан айналымында қосымша үшінші плацентарлы шеңберінің пайда болады. Ол арқылы ұрық ана құрсағындағы қанмен қамтамасыз етіледі. Дене салмағы мен айналымдағы қан көлемі орта есеппен 4000 мл-ден 5200 мл-ге дейін артады. Және де метаболизм жоғарылайды. Осыған байланысты жүрек шығару көлемі артады. Яғни ол дегеніміз жиырылу кезінде жүрек шығаратын қан мөлшері. Дені сау әйелде жүрек қосымша жүктемелерге тез бейімделеді. Бірақ кейбір жағдайларда асқынулар болуы мүмкін, – дейді маман.

Артық жүктеме ас қорыту жүйесіне түсуіне қатысты дәрігер ең бірінші асқазан сөлінің секрециясы ингибирленетінін айтып кетті. Соның салдарынан ас қорыту процесі баяулайды. Ал екінші ас қорыту жүйесіне қанмен қамтамасыз ету жоғарыламайды. Себебі балаға қан қажет. Сондықтан ішек қозғалғыштығы әлсірейді. Осыған байланысты жүкті әйелдер жиі іш қатуға шағымданады. Ас қорыту жүйесінде өзгерістер: жүрек айну, құсу (көбінесе таңғы уақыттарда), кекіру, дәм сезу бұзылысы байқалады.

 (Суретте: Дәрігер акушер-гинеколог Ұлдана Байдуллақызы )

– Өкпе және тыныс алу жүйесінің басқа мүшелері де күшейтілген жүктемеге бейімделеді. Оттегі көп қажет, бірақ сонымен бірге өсіп келе жатқан асқазан кеуде қуысын қолдайды және диафрагманы басады. Зәр шығару жүйесінде прогестерон гормоны әсерінен қуық тонусы төмендеуі салдарынан зәрдің тұрып қалуынан (застой) инфекциялық ауруларға әкеліп соқтырады. Жүктілік кезіндегі ең көп өзгеріске ұшырайтын ол – жыныс жүйесі. Яғни жатыр өлшемі ұлғаяды. Бұрын қалыпты жағдайда 3-8 см болса, жүктіліктің соңына дейін 35 см-ге ұлғаяды. Ал көлемі қалыпты жағдайда 50-100грамм болса, жүктілік кезінде 1000 грамм болады. Зат алмасужүйесінде де өзгерістер болады. Ол жүкті әйелдің денесінде қоректік заттар мен су жиналады. Бірақ, әдетте салмақ өсуі әйелдің бастапқы салмағының 12-15%-нан аспауы керек. Сонымен қатар, дәрумендерге, әсіресе организм өздігінен синтездей алмайтын заттарға қажеттілік бар, – дейді Ұлдана Байдуллақызы.

Жүктілік кезінде әйелдің дене мүшелерінің әрқайсысы босанғанға дейін өзгереді.

– Жүктіліктің дұрыс өтуі үшін маңызды жайтты ескеруіміз керек. Жүктілік кезінде тек ғана әйел ағзасында өзгеріс болмайды. Сонымен қатар жүктілік дұрыс өтуі үшін ұрықтың дұрыс дамуын бақылауымыз қажет. Оны, әрине, біз УДЗ арқылы анықтаймыз, яғни – бас өлшемі және іш өлшемі, бипариетальді өлшем, маңдай-шүйде өлшемі, жамбас өлшемі, сан ұзындығы, ұрық жұмыртқасының диаметрі. Ұрықтың салмағы әр апта сайын өзгеріп отырады. Және әр аптаның өз статистикалық қалыпты жағдайы болады. Ұрық 7-8 аптада 1-3граммнан бастап, 15 аптада 80 граммға жетеді. Ал 20-22 аптада 500 грамм, 30-32 аптада 2000 граммға жетуі тиіс. Қалыпты жағдайда ұрық 3100-3600 грамм болып туылуы қажет. Егер дәрігер-гинеколог эмбриогенез бұзылысына күдік тудырса, екі аптадан соң қосымша диагностикалық зерттеу жүргізіп, содан кейін нақты диагноз қойып, жүктілікті сақтаудағы дұрыс шешімді, яғни, жүктілікті жалғастыру немесе тоқтату жайлы шешім шығарады. Ұрықтың дамуы дұрыс бақыланбаса, гипоксия (тыныс жетіспеуі) қоректік заттар жетіспеуі салдарынан ұрық дамуын тоқтатады, – дейді маман.

s1200 (1).jpg

Әр уақытта да жүктілік сәтті өтпейді. Сондықтан да оның өз асқынулары бар. Ең жиі кездесетін асқынулар: токсикоз, гестоз, жатырдан тыс жүктілік, уақытынан бұрын босану, түсік тастау, ана мен бала арасындағы резус сәйкессіздік, преэклампсия және эклампсия болып табылады.

Ең қауіпті жүктілік асқынуы – преэклампсия. Ол жүктіліктің 20-шы аптасынан кейін дамитын АҚ 140/90 мм.рт.ст жоғарылауы. Сонымен бірге зәр анализіндегі нәруыздың жоғарылауы (протеинурия) және ісінумен көрінетін жағдай. Бұл барлық жүкті әйелде болатын жағдай деп түсінбеуіміз қажет. Себебі оған алып келетін факторлар бар. Оларға: бірінші жүктілік пен екінші жүктіліктің арасындағы 10 жылдан жоғары айырмашылық 35 жастан асқан әйелдердегі жүктілік, өмір тарихындағы өзгерістер, көп ұрықты жүктілік, зат алмасу бұзылыстары (семіздік, қант диабеті), ЭКҰ (ЭКО) нәтижесінде болған жүктілік жатады. Осы орайда біз преэклампсия (АҚ 140/90 мм.рт.ст жоғарылауы, ісіну, протеинурия) мен эклампсияны (гестоздың ең жоғары сатысы, көп ағзалық жетіспеушілік салдарынан, АҚ жоғарылауының ең жоғары деңгейіндегі, эпилепсияға ешқандай қатысы жоқ құрысу, тырысу ұстамаларымен көрінетін жүктілік асқынуы) шатастырып алмауымыз қажет. Мүмкін болатын асқынуларды уақытында байқау үшін және асқынулардың алдын алу үшін жүкті әйел үнемі бақылауда болуы қажет, – дейді дәрігер акушер-гинеколог.

Жүктілік және гормон

Жүктіліктің дамуында маңызды рөл атқаратын гормондар бар. Жүктілік кезінде ұрық жолдас (плацента) оныншы аптада белсенді түрде гормондарды бөледі. Соның бірі – хорионды гонотропин (ХГЧ) – жұмыртқа жасушасының дамуы кезінде 6-8 аптада хорион тіндерінен түзілетін гормон. Құрылымы бойынша гипофизден бөлінетін тиреотропты гормонға ұқсас болып келеді. Сондықтан да қалқанша безін реттейді. Бұл гормон жүктіліктің дұрыс өтуі үшін ең маңызды гормон болып табылады. Оның әсері арқылы қалқанша бездерінің жұмысы күшейтіледі. 

Module1Section4Article1-1536x1024.jpg

Жүктілік кезінде зат алмасу өзгеріске ұшырайды. Және де ағзаның барлық жасушалары жаңарады. Хорионды соматомаммотропин – сүт безінің ұлғайуын реттейді. Осы гормонның дұрыс жүруі нәтижесінде жүктілік кезінде сүт безі өз көлемінен ұлғаяды. Прогестерон жүктілік кезінде жатырды жүктілікке дайындайтын гормон. Ол овуляция кезінде сары денеден түзіледі. Орталық жүйке жүйесімен басқарылып, сүт безінің дамуын реттейді. Бұл – гормон әйел ағзасындағы жүктілікті тудыратын гормон. Сонымен қатар ағзадағы тұз бен судың жиналуын қамтамасыз етеді. Осы гормон арқылы жүкті әйелдердің психикасында өзгерістер болады. Яғни көңіл-күйінің өзгеруі, тітіркенгіштік және де бас аурулары дамиды. Эстроген ұрықтың бүйрекүсті безінен бөлінеді. Жүктілік кезінде жатырды ұлғайтып, ағзадағы керексіз сұйықтықтарды жоюына көмектеседі. Қантамырларын босаңсытып, жүктілік кезіндегі артериалдық қан қысымын қалыпты ұстап тұруға көмектеседі. Аденокортикотропты гормон жүктілік кезіндегі терідегі өзгерістерді яғни дақтардың пайда болуына әсер етеді. Және су мен тұздың алмасуын бақылайды. Жүктілікте шаштың түсуі және стриялардың пайда болуына әсерін тигізеді. Әйел денесінде түктердің пайда болуына әсері мол. Жүктілік кезінде ағзада осы гормондарды қалыпты ұстап тұру үшін салауатты өмір салтын сақтау керек.

Жүктілік кезіндегі дұрыс тамақтану

Бұл уақытта дұрыс тамақтану ана мен бала үшін өте маңызды. Себебі ұрықтың дамуына және тамақтану процесіне әсері бар.Жатыр мен плацента тіндері дамып, қанмен қамтамасыз ету жоғарылайды. Қалыпты салмақ алу әйелдер мен балалардың денсаулығына ықпал етеді және асқыну қаупін азайтады.

– Денсаулық сақтау министрлігі жүктілік кезінде толыққанды және әр түрлі тағамдармен тамақтануға кеңес береді. Жүктілерге арналған дұрыс тамақтану пирамидасы құрылған. Сол бойынша тамақтанғаны дұрыс, – дейді дәрігер акушер гинеколог.

Screenshot_20200529_230150.jpg

Ең бастысы болашақ ана баласының алдындағы міндетін дұрыс сезінуі керек. Салауатты өмір салтын ұстанып, жақсы ойлар ойлау қажет. Аяғы ауыр әйелдің бәрінде өз-өзінен жылағысы келіп, көңіл-күйінің күрт бұзылатын сәті немесе аяқ астынан қуанатын кездері де жиі орын алады. Кейбір әйелдердің жүрегі айнып, құсқысы келіп, басы ауырып жатады. Әйел адам мұның бәрі уақытша екенін түсінуі керек. Жүкті әйелдерге тоя тамақ жеген де зиян. Бұл кездері жемістер мен көкөністер, дәнді дақылдар өте пайдалы. Құрамында кальций кездесетін сүт тағамдарын молынан қолдануды әдетке айналдырған дұрыс. Және де мамандар жүктілік мерзімінде құрманы көбірек жеген пайдалы деп кеңес береді. Себебі құрма жемісінің құнарлылығы түрлі ауру-сырқауға ем болатындығын білгеніміз абзал.

s1200 (2).jpg

– Құрсақ көтерген жас қыздар мен жасы келген әйелдердің ағазасында әр түрлі өзгерістер болып жатады. Ол қоршаған ортасы мен ағзасында болып жатқан өзгерістерге де байланысты. Жалпы жүкті әйел алдын-ала дайындалуы керек. Тексеріліп, арнайы мамандардың кеңесін алуы міндетті болып саналады, – деп кеңес берді дәрігер гинеколог.

Жүктілікке байланысты медициналық зерттеулер

Казақстан Республикасының денсаулық сақтау министирлігі 2013 жылғы № 18 хаттамасына сәйкес жүктілік кезіндегі міндетті медициналық зерттеулер енгізілген.

6cb4861d-ae4e-4f32-84c5-a0fdc3aa43d4.jpg

– Медициналық зерттеулерді жүргізу триместрге байланысты. Бірінші триместрде: жалпы қан анализі және зәр анализі, дене салмағының индексі қалыпты-25,0кг/м2, қандағы қант мөлшерін анықтау, қан тобы және резус сәйкестік, зәрді бактериологиялық зерттеу - УДЗ скрининг, инфекцияға және онкоцитологияға жағынды (мазок), АИТВ, RW, биохимиялық генетикалық маркер, гепатит маркеры – HbsAg тапсырып, тексеруден өтуі керек. Екінші триместрде: УДЗ скриниг, жалпы зәр анализі алынады. Үшінші триместрде: RW, АИВ белокты анықтау үшін зәр анализы, жалпы қан анализі, УДЗ скриниг, КТГ және де қажет болған жағдайда доплерометрия және БПП-ден өту керек, – деді дәрігер акушер-гинеколог.

Жүктілік кезінде дәрігердің айтуынша, ең жиі кездесетін аурулар қаназдық (анемия), зәр шығару жүйесінің аурулары (пиелонефрит, цистит), гипертониялық және жыныс жолдары арқылы берілетін инфекциялық аурулар кездеседі екен. Дәрігер жүктілік кезінде болатын аурулар мен асқынулардың алдын алу үшін уакытылы тексеру жүргізу, тұрғылықты мекен-жайы бойынша есепке тұру, ауру белгілері анықталған жағдайда сол аурудың маманымен емделуге кеңес береді.

 Жүкті әйелдерге берілетін кеңестер

Дәрігер Ұлдана Байдулла жүктілік анықталғанда дер кезінде есепке тіркелуге, дәруменді кешен қолдануға дұрыс тамақтануға, дәрі-дәрмектерді дәрігер рұқсатынсыз қабылдамауға, зиянды әрекеттер соның ішінде шылым шегу, алкоголь өнімдерін пайдаланудан аулақ болуға, уақытылы күніне 8-9 сағат ұйықтауға және таза ауада серуендеп, психоэмоциональді жүктемеден аулақ болуға шақырады. Сонымен бірге жүктілікті жоспарлау кем дегенде 3 ай алдын жоспарлаған дұрыс деп есептейді. Және де ең бастысы жүктілік кезінде дәрігер-гинекологтың кеңестерін мұқият орындау қажет дейді.

376-skolko-nedel-v-pervom-trimestre-beremennosti-i-kogda-on-zakanchivaetsya-2.jpg

– Қазіргі таңда бала жынысын анықтау ультра дыбысты зерттеу арқылы жүргізіледі. Және жүктіліктің 8-ші аптасынан бастап 3Д ультра дыбыстық зерттеуде бала жынысын анықтап, білуге болады, – дейді маман.

Дәрігер акушер-гинекологтың жұмысында күнделікті түрлі оқиғалар орын алып тұрады. Ұлдана Байдуллақызы бірде босанатын келіншек бесінші сәбиін дүниеге әкеліп, жан сақтау бөліміне түскенін айтты. Сәбиді дүниеге әкелгеннен кейін әйелдің жағдайы қалыпты болған. Бірақ қатты күйзеліске түскен келіншек айқайға басады. Оған себеп, ұл бала дүниеге келеді деп жоспарлаған әйел бесінші қызын босанған екен. Арнайы мамандар күйзеліске түскен әйелдің жағдайын бақылауға алып, дені сау ұрпақты дүниеге әкелгенін түсіндіріп, сабырға шақырыпты. Тағы бірде толғағы келіп, босануы жақын қалған әйел кереуеттің астына кіріп, кеткен кездер де болыпты. Кейін есін жиған келіншек өзінің сол жағдайға қалай түскенін білмейтінін айтыпты. Осы және өзге де жағдайларда дәрігерлер үшін ананың денсаулығы мен баланың аман-сау өмірге келуі әрқашанда маңызды. Кей кездері Ұлдана Байдулллақызына түнгі уақыттарда да қоңырау шалып, кеңес сұрайтын әйелдер де кездеседі екен.

Босанғанға дейінгі және босанғаннан кейінгі патронаж

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министирлігі бекіткен 2007 жылғы 22 қараша № 691 хаттама бойынша босануға дейінгі патронаж жүкті әйелді тіркеуге алғаннан кейін дереу және де жүктіліктің 32 аптасында жүргізіледі.

pregnant-women-2262211_960_720.jpg

– Үйде жүкті әйелге барған кезде медицина қызметкері туылмаған баланың отбасымен танысады және жүктіліктің барысы мен туылмаған балаға күтім жасау сапасына әсер етуі мүмкін қауіптерді, оның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу үшін сенімді қарым-қатынас жасайды. Босанған соң патронаж әйел үйге шығарылғаннан кейін алғашқы 3 тәулік ішінде, кейінгі патронаждар көрсетілімдер бойынша жасалады, – дейді Ұлнада Байдуллақызы.

Кесарь тілігі жасалынған жүкті әйелдерді жүргізу және босандыру

Өмір тарихында (анамнез) кесарь тілігі бар әйелдер жүктілікті жүргізу барысында қауіп-қатер болуы мүмкін. Мұндай жағдайда әйелдерді жүргізу мен босандыру тиісті хаттамаға сәйкес жүргізіледі. Оларға жоспарлы түрде 40 аптада ауруханаға жатқызылады. Шұғыл түрде жасалған кесарь тілігі жүктілік кезінде әйел мен сәбидің өмірі мен денсаулығына байланысты босанатын уақыты басталғанда аяқ астынан қауіп туындаған кезде жасалады.

( Суретте: Акушер-гинеколог Ұлдана Байдуллақызы )

– Протокол бойынша егер жүктілік интервал арасы 2 жыл болса, тыртық орны ауырмаса, бала салмағы ауыр болмаса, ультра дыбыстық зерттеу бойынша тыртык нәтижесі жақсы болса әйелдерге өздігінен босануға болады. Жатырдағы тыртықтармен табиғи босану арқылы босану кезіндегі әйелдің және ұрықтың жағдайын үнемі бақылауға және тәулік бойына шұғыл КС жүргізуге қабілетті ауруханаларда жүргізілуі мүмкін. Ал отаның басталуына дейін және кесарево бөліміне дейінгі уақыт 15 минуттан аспауы керек. Босану 2 және 3 деңгейлі перинаталды орталықта болуы тиіс, – дейді дәрігер гинеколог Ұлдана Байдуллақызы.

Алдыңғы жүктілікте кесар тілігі отасы болған жүкті әйелдерге алдыңғы корпоральды кесарь немесе жатырдың якорь бөлімінде тыртық, жатырдың алдын-ала жыртылуы, ұрықтың көлденең немесе көлбеу жатуы физиологиялық босануға қарсы көрсетілімдер қатарына жатады. Сонымен бірге жатырдың тыртық аймағында плацентаның орналасу көрсеткіштері болса өздігінен босану жүргізілмейді.

 Босанғаннан кейінгі күйзеліс

Сәби – шаңырақтың шаттығы. Дүниеге дені сау нәрестені әкелу үшін ананың денсаулығы мықты болуы керек. Бірақ кейбір әйелдер дүниеге сәби әкелгеннен кейін күйзеліске ұшырап жатады.

bigstock-pregnancy-love-people-and-ex-157811924.jpg

– Әр саланың өз қиындығымен бірге қызық оқиғалары да қатар жүреді. Бір қызығы кейбір әйелдер босанбай жатып, екінші баланы дүниеге әкелмеймін деп күйзеліске түсіп жатады. Кейін босанып болған соң, сол қиындықты ұмытып кетеді. Бұл медицина саласында ең жиі кездесетін жағдайлардың бірі болып саналады. Ең бастысы болашақ ана жүктілік мерзіміндегі қажетті кеңестерді білсе деймін,­– дейді акушер-гинеколог Ұлдана Байдуллақызы.

Босанудан кейінгі күйзеліс барлық әйелде болады деген сөз емес. Бірақ психологтар бұл жағдайдың алдын-алу қажеттігін айтады. Күйзелістің пайда болуы босанған әйелдердің табиғи тұлғасына қарағанда жеке жүйкесіне байланысты болады. Ол тұқым қуалаушылыққа, ағзадағы әйел гармонының төмен түсіп кетуі әсер етеді. Сонымен бірге кейбір әйелдер босанғанға дейінгі және кейінгі дене тұлғасының өзгеріске ұшырауына да күйзеледі.Мамандардың тұжырымдауынша, жас анаға жақындары қолдау көрсетіп, көңілінің тыныш болуына бүтін бір әулет атсалысса, әйел бұл қиындықты айналып өтеді.

Жалпы ана мен бала денсаулығын қорғау мәселесі әрбір адамға қатысты. Қоғамда ана мен сәбидің өмірі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ал оларға қолдау көрсету әрқашанда мемлекеттің назарында. Сондықтан да ұлықты да, алыпты да дүниеге әкелітін әйел денсаулығы қоғам саулығының кепілі екенін ұмытпайық.

 

 


Бөлісу:
(Cуреттер: Кейіпкердің жеке мұрағатынан және pixabay.com сайтынан алынды) Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға