Ясауи кесенесінің жанында құрылыс тоқтар емес: Мәдениет министрі дабыл қақты

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ЮНЕСКО стандарттарына сәйкес мәдени және құжаттық мұраны сақтау мен дамытуға кедергі келтіретін бірқатар өзекті мәселелерді атады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Министрдің айтуынша, қазіргі кезде ЮНЕСКО Конвенциялары мен ұсынымдары бойынша міндеттемелер толық орындалмай отыр. Алматы облысындағы Талғар мен Қарамерген, Жетісу облысындағы Қойлық, Жамбыл облысындағы Ақтөбе, Құлан, Қостөбе және Өрнек секілді қалашықтарының, Ақыртас сарайы кешенінің инфрақұрылымдарын дамыту – өте өзекті мәселе.
ЮНЕСКО тізіміне енген бірқатар ескерткіштер көп жағдайда «қараусыз қалған», не болмаса «маңызсыз» нысандар ретінде қабылдануда. Халықаралық маңызы бар ескерткіштердің барлығы облыстардың аумағында орналасқандықтан, олардың дамуын қамтамасыз ету әкімдіктер үшін мүдделі мақсат болуы тиіс деп санаймыз. Ал, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі секілді Бүкіләлемдік мұра нысанының буферлік аймағында жергілікті билік тарапынан келісілмеген құрылыстар салу тоқтар емес. Мәселен, қазіргі кезде ескерткіштің буферлік аймағында тағы бір құрылыс объектісінің (визит-орталық) іргетасы қаланғаны белгілі болды, - дейді Аида Балаева.
Сондай-ақ, Құлан, Қойлық қалашықтарының буферлік аймағында құрылыс объектілері көбейіп, айналасындағы қоқыстың тазармауы да өзекті мәселеге айналған. Сонымен қатар, республикалық маңызы бар Тектұрмас, Жошы хан кесенелері бүгінгі жағдайы да жіті назар аударуды қажет етеді.
Екіншіден, мәдени мұраны басқару саласында мамандарды даярлайтын білім беру бағдарламалары мен курстары жоқтың қасы, сондай-ақ жергілікті қауымдастықтардың атсалысу деңгейі өте төмен. Осы орайда, Қазақстандағы жоғары оқу орындарында мәдени мұраны басқару саласы бойынша мамандар даярлайтын білім беру бағдарламаларын жандандыру қажет деп ойлаймыз. Онымен қоса, ЮНЕСКО гранты аясында біліктілікті арттыру курстарынан бар болғаны Ұлттық комитеттің 10 ғана мүшесі өткен, - дейді министр.
