Ұйғыр музыкалық аспаптары
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биылғы Қазақстан халқына жолдауында «Қазақ жеріне тағдырдың жазуымен алуан түрлі ұлт өкілдері қоныс аударды. Біз оларға құшағымызды ашып, қазақи қонақжайлылықпен қарсы алдық. Олар біздің елімізде өсіп-өніп, бауырларымызға айналды. Қазір біз көпұлтты сипаты бар, біртұтас елміз. Жаһандану дәуірі – көпұлтты мемлекеттер дәуірі. Бұл – әлемдік үрдіс. Еліміздің дамуына барша ұлт пен ұлыс өкілдері бірге үлес қосты», – деп атап өткен болатын. Еліміздегі сондай халықтың бірі ұйғыр халқы. Бүгінде қазақ жерінде күн кешіп жатқан ұйғыр халқы қазақтармен етене сіңісіп қоймай, өз дәстүрлері мен мәдениетін оның ішінде ұлттық музыкасын дәріптеп ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпақ көшіне жеткізіп келе жатыр. Қазақстанның ұйғыр музыка мәдениеті өзінің даралығы мен әуендерінің иірімділігімен ерекшеленді. Қандай да бір мерекелік іс шараны ұйғырдың ұлттық музыкалық аспаптарынсыз елестету мүмкін емес. Бүгінде Қазақстан ұйғырларының арасында өз мәдениетін, оның ішінде ұлттық музыка өнерін дәріптеп, насихаттап жүрген елімізге еңбегі сіңген өнер қайраткерлері де баршылық. Олар ұйғырлардың өзіне тән дәстүрлі музыка өнерін насихаттап ғана қоймай, орындаушылық шеберлігін бұзбай, өз нақыншында бүгінгі күнге жеткізіп отыр. Ұйғыр әндерінің ең басты ерекшелігі өздеріне тән халықтық, ұлттық мінез-құлқын аша алуында деп айтсақ болады. Себебі бұл өнер түрі халықтың тұрмыс-тіршілігімен, ішкі рухани жан-дүниесімен тығыз байланысты. Халықтың дәстүрлі өнерінде ерекще атап өтер қасиетінің бірі көңіліндегі айтар ойын сөзбен, әуенмен жеткізе алмаған тұстарын ұлттық би өнерімен үйлестіріп жеткізе білген. Ғалымдар еліміздегі ұйғыр халқының әндерін екі топқа бөліп қарастырған. Бірі аспапсыз жеке немесе хормен бірнеше дауыста орындалатын әндер тобы болса, екіншісі – халықтық аспаптың я болмаса бірнеше аспапты оркестрдің сүйемелдеуімен орындалатын әндер тобы. Ұйғырлардың халық әуендері равап, гиджак, дутар, тамбир сынды аспаптардың сүйемелдеуімен орындалды. Ал елімізде көп қолданылатын ол «тамбир» аспабы. Сондай-ақ ғалымдар ұйғыр халқының музыкалық аспабын былайша 4 топқа байланысты жіктеп жүр.
1.Идиофондар. Бұл қатарға – сапай, джупташ, чакча, кошук, чаучак
2. Мембрафондар – дан, награ, думбак, тевилваз
3.Хорофондар – дутар, тамбир, равап, калун, кашкар равап, долан равап, бас равап, гыржак, сатар, хуштар, бас хуштар, чанг
4. Аэрофондар – най, кошнай, сурнай, карнай аспаптары жатады.
Осылардың ішінде ең кең тарағаны дутар аспабы айтуға болады.
Кеудесі алмұрт тәрізді болып келген 13-20 пернеден тұратын ұзын мойынды аспап. Жібектен не ішектен тұратын 2 ішектен тұрады.Әдетте құлақ күйі квартамен, кейде квинтамен бұрау арқылы келтіріледі. Дутардың негізінде прима, альт, бас және контра бас дутарлар жасалып, халық аспаптар оркестрінің құрамына енгізілген.
Тамбир – кеуде бөлігі 2 бөліктен тұратын, алмұрт тәріздес ұзын мойнына ладтар байланған аспап. Негізінде тұт ағашынан жасалады.
Гирджак – кеудесі жарты шар тәріздес болып келген, жіңішке мойынды аспап түрі. Алғашында екі ішек, кейіннен 4 ішекті түрі пайдаланылып жүр.
Сатар – көп тарамаған. Себебі аспапты ойнау уақытында музыканттан асқан шеберлікті талап етеді. Аспап 9-13 ке дейін ішек сымдарынан тұрады.
Чанг – формасы жағынан трапецияға ұқсас, жайпақ қорап, ішектері сымнан тартылған аспап. Аспап – тұт ағашынан жасалады.
Аталмыш аспаптардың барлығы жеке өнер көрсетуде, сүйемелдеуде, сондай-ақ ансамбльдік орындауларда да қолданысқа ие.
Ұйғыр мәдениетінде кездесетін көне аспаптардың бірі – калун. Мамандардың айтуынша калунды әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр Әл-Фараби ойлап тапқан деседі. Аспаптың жалпы сипатына келер болсақ – ішектерінің орнына сым тартылған, ені - 45 см, биіктігі 15 см болып келетін тұт ағашынан жасалынатын аспап. Бұл аспапты көбінде Орталық Азия және Шынжаң ұйғырлары қолданады. Сол секілді ұйғыр ұлттық аспаптарының ішінде көп бөлігін хордафондар құрайды. Бұл аспаптар жұртты өздерінің түрлі пішіндерімен, дыбыс шығару жолында өзіндік ерекшеліктерімен таң қалдырады.
Сөз соңында айтарымыз түбі бір түркі халықтарының ешкімге ұқсамайтын тек өзіне ғана тән ерекшеліктері бар. Ол ерекшеліктерді біз сол ұлттардың әдебиеті мен мәдениетінен, дәстүрі мен тағамдарынан байқаймыз. Осындай құндылықтары өз қалпын бұзбай келешек ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тауып, тарих бетінде мәңгі сақталатынына сеніміз мол.
Гүлмира Ерубаева
Суреттер Vos-bazar.ru сайтынан, мәліметтер «Керуен» 2012 жыл Алматы кітабынан алынды.