Ы.Ы.Ыбраев және М.Е.Янко
Ыбраев Ысқақ Ыбрайұлы 1911 жылы Солтүстік Қазақстан облысы қазіргі Шал ақын ауданындағы Қаратал ауылында дүниеге келген. Ауылдық мектепте оқыды. Оқуға деген құштарлық оны Боголюбова селосындағы жетіжылдық орыс мектебіне алып келді. Осы оқу орнын 1927 жылы бітірген Ысқақ Петропавл қаласына келіп, педагогикалық училищеге түседі. Мұнда үш жыл оқып, қолына дипломын алып, оқу бөлімінің жолдамасымен Преснов ауданындағы Орталық ауылына келіп, шәкірттерге сабақ береді. Он екі жыл қатарынан, яғни майданға кеткенше Орталық, Бірлік және Жарғайың ауылдарында ұстаздық етеді.
1941 жылдың мамырында армия қатарына шақырылып, Горький қаласындағы саяси қызметкерлер даярлайтын жеделдетілген курска жіберілді. Осы жылдың қазан айында оқуды бітірген соң Прибалтика майданына 50полктің рота командирінің саяси істері жөніндегі орынбасары болып тағайындалады. Оның батылдығын және басқа да жақсы қасиеттерін ескеріп басшылар Ы.Ыбраевты Могилев жаяу әскерлер училищесiне оқуға жібереді. Мұны бітіргеннен кейін оған І Белорус майданындағы 5армияның 60Қызыл тулы дивизиясының атқыштар взводын басқару тапсырылды. 1945 жылдың қаңтарында БудыАвгуст плацдармасында ірі қорғаныс пунктін алуда Ыбраев басқарған взвод жанқиярлық пен ерліктің үлгісін көрсетеді.
1945 жылдың 27 ақпанында КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Ыбраев Ысқаққа Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі.
Запасқа шыққаннан кейін Ы.Ыбраев еліне Солтүстік Қазақстанға келеді. 1946 жылдың ақпанынан Солтүстiк Қазақстан облыстық партия комитетінің кадрлар бөлімінің нұсқаушысы болып істей бастайды, бірақ қараша айында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебiне оқуға жіберіледі, мұнда ол 1948 жылға дейін болады. 1948 жылдың қарашасынан 1957 жылға дейін Октябрь аудандық партия комитетiнiң үшінші хатшысы болып істейді. 1957 жылы Новопокровка партия ұйымының хатшысы болып сайланады. 1964 жылы аудандық партия комитеті оны жаңа ұйымдасқан «Тереңсай» кеңшарының партия ұйымын басқаруға жібереді.
1965 жылы 13 шілдеде Кеңес Одағының Батыры Ысқақ Ыбраев ұзаққа созылған науқастан қайтыс болады. Ленин ауылында жерленген.
Ысқақ Ыбраевтың майдандағы да, тың көтерудегі де еңбегі лайықты бағасын алды. Ленин, Қызыл Жұлдыз, «Құрмет Белгісі» ордендерiмен, «Германияны жеңгені үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медальдарымен марапатталған.
Янко Михаил Егорович 1922 жылы 18 тамызда Солтүстік Қазақстан облысы Володар (қазіргі Айыртау) ауданындағы Всеволодовка селосында туған. 1940 жылы Володар АӘК арқылы Әскеритеңіз флотына алынған. 1944 жылы әскеритеңіз авиация училищесін бітіріп, Тынық мұхит флотының авиациясына жіберілген.
1945 жылы Кеңесжапон соғысы кезінде кіші лейтенант М.Е.Янко үш рет жауынгерлік тапсырмамен аспанға көтерілді. Сөйтіп жаудың зенит батареяларын, көліктерін құртты. 1945 жылдың 14 тамызында Расин портына (Нанч жин) шабуыл жасағанда самолетке оқ тиді. Ұшқыш Янко жана бастаған самолетті жау транспортына бағыттап, оны жарды. Бірақ өзі де самолет экипажымен бірге қаза тапты.
КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1945 жылғы 14 қыркүйектегі Жарлығымен Михаил Егорович Янкоға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Владивосток қаласы мен Володар селосында батырдың есімімен көшелер аталған. Қиыр Шығыста Теңізбалық шаруашылығының бір судносына Янконың есімі берілген.