Жаңалықтар

XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестиваліне 15-тен аса елдің киногерлері қатысып жатыр

XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестиваліне 15-тен аса елдің киногерлері қатысып жатыр
Фото: pixabay.com 28.11.2024 18:30 85

Алматыда шымылдығын түрген XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестиваліне 15-тен аса елдің киногерлері қатысып жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Кинофестивалінің үшінші күнінде  өткен баспасөз конференциясында режиссерлер сөз алып, көркемтуынды жайында сөз қозғады.

«Жер ана» фильмінің қоюшы-операторы Исмаэль Бланко Испанияның бос қалып, құрдымға кеткен ауылдары туралы айтты. Өмір бойы ауылының шаңын жұтып, дала төсінде емін-еркін жүрген тұрғындардың күнкөрісі қиындап кеткен. Бұл жерлерде өмір үшін күресуге тура келеді. Фильмде шөл дала мен мегаполистің тыныс-тіршілігі, артта қалған күндер мен жайлылыққа толы болашақ суреттеліп, қарама-қайшылықтар бейнеленген.

Бұл ауылдардың тұрғындары кәсіби актерлер емес. Олардың бет-әлпеті мен сөйлеу мәнері тарихтан сыр шертеді. Оны ойдан шығару мүмкін емес, – дейді ол.

Қырғыз режиссері Дастан Жапар Рыскелди шынайы оқиға негізінде түсірілген «Шекарадағы мәміле» фильмін ұсынды. Оның туындысы Орталық Азия және түркі елдері байқауына қатысуда. 

Менің ағам құлдықта болды. Бұл 2000 жылдары болған жағдай, бірақ осыған ұқсас оқиғалар әлі де қайталанып келеді. Біз өздерін қорғай алмайтын адамдар үшін осы туралы үн қатуымыз керек, – дейді режиссер.

Осы фильм арқылы Дастан Жапар Рыскелди бүкіл Орталық Азия елдерінде өзектілігін жоғалтпаған құлдық мәселесіне қатысты жанайқайын жеткізбек.

Татар режиссері Салават Юзеевтің «Ғашықтар тауы» фильмі адам жанының асыл қасиеті махаббат пен әсемдігін жоғалтпайтын табиғаттың киелі екенін бейнелейді. Фильм кейіпкері махаббат сертімен байланысы бар тауды барынша қорғауға тырысады. 

Бұл тау тек табиғаттың көркем сыйы емес. Бұл кейіпкердің адалдығы мен рухани күшінің символы, – деді Салават.

Кинофестивальде ерекше әсер қалдырған фильмдердің бірі – Аруан Анартайдың «Жоқтау» картинасы. Аталмыш туынды Орталық Азия және түркі елдері байқауында бақ сынасуда. Отандық режиссердің фильмін тамашалау үшін көрермендер кезекке тұрып, залдың ішінде ине шаншар орын табылмады. 

Сценарий жазу барысында мен әлі де қайғыдан қан жұтып отырдым. Жоқтау игі адамдардың дүниеден өткеніне өкініп, оларды еске түсіру үшін айтылатын сөз ғана емес. Бұл біздің мәдениетіміз, мәңгі мекенге кеткендермен сырласудың жолы, – деді режиссер.

«Жоқтау» фильмі жеке қайғы мен дала дәстүрінің ұлылығын үйлестіре отырып, көрермендерді тебірентті.  

Дәстүрлі фестивальдің негізін қалаушы және ұйымдастырушы – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі. Кинофестивальді тікелей ұйымдастыру Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясына жүктелген.

Айта кетейік, іс-шараға KAZ Minerals кен өндіру компаниясы, Sarens Kazakhstan, Eurasian Resources Group (ERG), Salem Entertainment, Kinopark Theatres кинотеатрлар желісі, Astana Motors, «Қазақтелеком» АҚ және A-Event KZ демеушілік етті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға