Жаңалықтар

XVI - XIXғ.ғ. Қазақстан мен Орта Азияны зерттеген шетелдік ғалымдар (II Бөлім)

Василий Васильевич (15.3.1816, Ресей, Санкт-Петербург — 19.12. 1881, Санкт-Петербург маңындағы Павловск қ.) — орыс шығыстанушысы, Ресей ұА-ның корр. мүшесі
28.08.2014 07:28 33535

ГРИГОРЬЕВ Василий Васильевич (15.3.1816, Ресей, Санкт-Петербург — 19.12. 1881, Санкт-Петербург маңындағы Павловск қ.) — орыс шығыстанушысы, Ресей ұА-ның корр. мүшесі (1853), Орталық Азиядағы түркі тілдес халықтар тарихын, мәдениетін зерттеуші. Санкт-Петербург ун-ті философия ф-тінің шығыс бөлімін бітіргеннен кейін (1834) Ресей Сыртқы істер мин. Азия департаментінің шығыс тілдері бөлімінде жұмыс істеді. 1838 — 44 ж. Одессадағы Ришель лицейінде шығыс тілдерінің проф. болды. Г. “Алтын Орда хандарының орыс дін иелеріне берген жарлықтарының шындығы туралы” тақырыпта жазған диссертациясы үшін магистр дәрежесін алды (7.10. 1842). Кейін Ресей ІІМ-не қызметке тағайындалып, Орынборға жіберілді (1851). 1853 ж. В.А. Перовский бастаған отрядтың Ақмешіт бекінісіне жасаған басқыншылық жорығына қатысты. 1854 — 62 ж. Орынбор шекара комиссиясын басқарды. Г-тың басшылығымен Орынборда Орталық Азия тарихынан құнды мағлұматтар беретін үлкен кітапхана ашылды. 1863 ж. қаңтарда қызметтен кетіп, Санкт-Петербургке оралды. Г. шығыс тілдерінің докт. (1863, қараша) ғыл. дәрежесін алып, сол жылы Санкт-Петербург ун-ті шығыс тарихы кафедрасының проф. (9.12. 1863) болып сайланды. 1867 жылдан өмірінің соңына дейін Орыс археол. қоғамының Шығыс бөліміне жетекшілік етті. Г. — Орта Азия мен Қазақстан тарихына қатысты “Еврейлердің Ресейдегі діни секталары” (1846), “Хиуа хандығын сипаттау және оған Сарайшық қорғанынан шығатын жолдар” (1861), “Қырғыз тілінің дыбыстарын орыс әріптерімен беру” (1862) сияқты бірқатар еңбектердің авторы. Г-тің қазақ халқының тарихы, мәдениеті, этнографиясы, экономикасы туралы бірнеше мақалалары жарық көрді, олардың бір бөлігі “Россия және Азия” деген атпен 1870 ж. жеке жинақ болып шықты. Г. кейбір мақалаларын Меңдәлі Пірәлиев (Мендалий Пиралиев) деген атпен жазған.

строили

ГРОДЕКОВ Николай Иванович (1843 — 12.12.1913, Ресей, Санкт-Петербург) — Қазақстан мен Орта Азия халықтарының тарихы мен этнографиясын зерттеуші. Александров кадет корпусында оқыған, кейін Константинов әскери уч-щесін, Николаев академиясын бітірген. 1873 жылға дейін Кавказда әскери қызметте болды. 1873 ж. Хиуа жорығына қатысты, 1879 ж. ген. К.П. Кауфман басқарған экспед. корпус штабының құрамында болып, Ауғанстанның солт. мен Иранның шығыс аудандарына барлаушылық мақсатта сапар шекті. Г. 1880 ж. Ақалтеке өңіріндегі түрікмен тайпаларын жаулап алуға қатысты. 1883 — 1908 ж. Орт. Азияда әскери әкімш. қызмет атқарды. Сырдария обл-ның әскери губернаторы (1883 — 93), Түркістан ген.-губернаторы, Түркістан әскери округінің қолбасшысы (1903 — 08), 1902 ж. Ресей Мемл. Кеңесіне мүше болды. Г-тың “Сырдария облысының қырғыздары мен қара қырғыздары” (1889) аталатын еңбегінде әдеттік құқық мәселелеріне байланысты материалдармен қатар, этногр. мәліметтер, тарихи аңыздар, батырлық дастандар жинақталған. Түркістанда болған сапарлары кезінде қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрыптарын зерттеп, маңызды деректер жинады. Г-тың Орт. Азия халықтарының байырғы әскери өнері, этнографиясы мен мұсылмандық құқық туралы еңбектерінің бірқатары француз, неміс тілдеріне аударылған.

ГРУММ-ГРЖИМАЙЛО Григорий Ефимович (5.2. 1860, Ресей, Санкт-Петербург — 3.3.1936, сонда) — орыс ғалымы, Орталық Азияны зерттеуші. 1884—87 ж. Памирге, Алтайға, Тянь-Шаньға және Қашқарияға бірнеше рет саяхат жасады. 1889 — 90 ж. Ресей Геогр. қоғамының Орта Азиялық экспедициясын басқарды. Экспедиция бүкіл Шығ. Тянь-Шань және Наньшань тауларын, Оңт. Жоңғарияның құмды шөлдерін зерттеді, Бэйшань тауы мен Турфан қазаншұңқырын ашты. Оның “Батыс Қытай саяхатының сипаттамасы” деген 3 томдық еңбегінде өлкеге геогр., этногеогр. және тарихи сипаттама берілген. Осы еңбегі үшін Г.-Г-ға Ресей Геогр. қоғамы Н.М. Пржевальский атынд. сыйл., Францияда Париж ұА-ның П.А. Чихачев атынд. сыйл. берді. 1903 — 14 ж. Бат. Моңғолияға, Ұраңқай өлкесіне (Тува) және Қиыр Шығысқа бірнеше экспедиция жасады. Оның “Амур облысының сипаттамасы”, “Батыс Моңғолия және Ұраңқай өлкесі” (3 томдық) және басқа геогр., тарихи және этногр. еңбектерін осы өлкелерді зерттеуші ғалымдар қазіргі кезге дейін кеңінен пайдаланады. Г.-Г. Ш.Уәлихановтың ғыл. еңбектеріне айрықша көңіл бөліп, оның өмірі мен қызметі туралы мақалалар жазды. Шығ. Тянь-Шаньның Богдо-Ола таулары мен Памирдегі мұздықтар, Сихотэ-Алиндегі асу Г.-Г. есімімен аталады.

ДЕМЕЗОН Петр Иванович (1807, Франция, Шамбери — 1873, Париж) — Қазақстан мен Орталық Азияны зерттеуші орыс шығыстанушысы. Әкесі Сардиния корольдігінен (қазіргі Италия) шыққан, кейіннен орыс азаматтығын қабылдаған медицина докторы. Д. Қазан ун-тінде оқып жүріп, Санкт-Петербургте шығыстанушы Г.М. Влангалиден шығыс тілдері бойынша дәріс алады. 1829 — 1931 ж. Қазан ун-тінде жұмыс істеді, 1831 — 35 ж. Неплюев әскери уч-щесінде шығыс тілдерінің мұғалімі, кейін Орынбор шекара комиссиясында аудармашы болған. 1833 — 34 ж. Орынбор әскери губернаторы В.А. Перовскийдің тапсырмасы бойынша мырза Жафар деген бүркеншік есім иеленіп, татар молласы ретінде Бұхарада зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бұл сапарында Бат. Қазақстанның географиясы мен этнографиясына қатысты құнды мағлұматтар жинады. 1836 — 56 ж. Санкт-Петербургте тұрды. 1846 ж. Орыс археол. қоғамын құруға ат салысты. 1857 жылдан өмірінің соңына дейін Парижде тұрды. Онда ол Әбілғазының “Шежіре-и Түрки” аталатын түркі тіліндегі шығармасын француз тіліне аударып, баспаға әзірледі.

ДОБРОСМЫСЛОВ Александр Иванович (1854 — 1915) — қазақ халқының тарихы мен этнографиясын зерттеуші. Орыс геогр. қоғамы Орынбор бөлімшесінің және ұыл. архив комиссиясының мүшесі. 1888 — 1901 ж. Торғай обл-нда мал дәрігері болып қызмет істеген. Қазақ ауылдарын аралап, қазақ халқының сан қырлы шаруашылық өмірімен, әдет-ғұрпымен танысқан. “Торғай облысындағы мал шаруашылығы” (Орынбор, 1895), “Торғай облысындағы халықтың қоныстануы туралы” (1893), “Торғай облысы қырғыздарының 18 — 19 ғасырлардағы сот құрылысы” (Қазан, 1904), т.б. қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне қатысты бірқатар еңбектер жазған. Кейін Орынборда тұрып, жергілікті губ. архив қорын зерттеді. Нақты құжаттар негізінде 18 ғ-дың 1-жартысындағы Орынбор өлкесі тарихына қатысты құнды құжаттар жинағы (“Ресей тарихы туралы материалдар”, 1, 2-т., 1900) және 18 — 19 ғ-лардағы Бат. Қазақстан тарихы жөнінде “Торғай облысы” (1 — 3 т., 1900 — 02) аталатын 3 томдық ғылыми еңбегі жарық көрді. Д. өмірінің соңғы жылдары Түркістан өңірін, соның ішінде Оңт. Қазақстан қалаларын зерттеп, сол өлкенің тарихына “Ташкенттің бұрынғы және қазіргі тарихы” (1912), “Сырдария облысының қалалары (Қазалы, Перовск, Түркістан, Әулиеата, Шымкент)” (1912) атты еңбектерін арнады.

И. Ерофеева

Шығ.: Описание Амурской области, СПб., 1894; Историческое прошлое Бэй-Шаня в связи с историей Средней Азии, СПб., 1898.

Әдеб.: Баяндин Н., Атақты географтар, А., 1958.

Ж. Шалғынбаева,

Ә. Бірмағамбетов

Әдеб.: Кононов А.Н., Библиографический словарь отечественных тюркологов. Дооктябрьский период, М., 1989; Записки о Бухарском ханстве (Отчет П.И. Демезона и И.В. Виткевича). Серия “Центральная Азия в источниках и материалах ХІХ — начала ХХ веков”, М., 1983.

И. Ерофеева

И. Ерофеева

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға