XIV. Әліпби ауыстыру жазу реформасына айналу керек
15.2. Кез-келген жазуды кез-келген тілге жамап-жасқап пайдалана беруге болады. Алайда, мақсат «әйтеуір жазу» болмау керек. Жазу ең алдымен тілдің ішкі заңдылығымен тонның ішкі бауындай қабысып жатуы керек. Сонан соң жазу тілдің дыбыс жүйесіне нұқсан келтірмейтін, керісінше, оның әдеби үлгісінің қорғанышы болу керек. Осы екі мақсатты орындау үшін жазудың емле-ережесі көшірінді емес, төл болу керек. Таңбада тұрған ешнәрсе жоқ.
15.3. Жетілген әліпби - қолдағдыны жеңіл қалыптастырудың, көзтанымды оңай жаттықтырудың, ең бастысы, ана тілінің айтылым үлгісін ұрпақтан ұрпаққа бұзбай жеткізудің кепілі. Латын әліпбиінің қолданба бағыттағы саласының аса қажет екеніне еш күман жоқ. Бірақ компьютерді қазақ тіліне икемдеудің оңай да жалған-жасанды жолы көп, ал ауыр да ақиқат жолы біреу-ақ. Оңай болатын себебі – одан-бұдан өгей дыбыс жинап, таңба талғамай қиып-құрап, жамау-жасқау әліпбиді әркім-ақ түзе береді. Қиыны - бір ғасыр бойы баса-көктеп, қордаланып қалған көп дыбыстың ішінен төл дыбысты танып-біліп, жиып-теріп, өлшеп-пішіп, қазақ тіліне лайықты төл әліпби жасау. Соның нәтижесінде қазақ тілінің төл дыбыстарына сай төл әріптер қалыптасады. Қазіргі тіліміздегі басы артық ондаған жаңсақ емле-ережелер өзінен өзі жойылып, басы артық кірме әріптердің тіл бұзар машақатынан құтыламыз.
15.4. Әрине, мұндай ұсыныс орыс сөздерінің айтылымын қазақ тілінің әдеби нормасы деп қарастырып отырған қазақ ағайындарымызға ұнай қоймайды. Жарайды, орыс сөзінің айтылым үлгісіне тиіспей-ақ қояық, бірақ орыс тілі дыбыстарының таңбалау реті басқа болады. Орыс тілі дыбыстарының айтылу үлгісін латын әліпбиі негізінде арнайы емле-ереже реттеп отырады. Ондай тәжірибе европа тілдерінде бар. Европа тәжірибесіне сүйенетін болсақ, онда орыс тілі дыбыстарының таңбасы қазақ әліпбиінің құрамына кірмейді. Осы тұрғыдан түзілген әліпбиді, менің ойымша, дұрыс деп тану керек.
16. Әзірге қазақ жазуын (әліпби, таңба, емле-ереже үшеуінің басын біріктіріп) құрастырудың екі жолы бар. Бірі - европа үлгісі, бүгінгі кирил жазуымыз - сол европа үлгісіндегі жазу, екіншісі - А.Байтұрсынұлының үлгісі.
16.1. Егер европа үлгісіне сүйенетін болсақ, онда қазақ тілінің әліпби құрамы 28 таңбаға барып тіреледі, өйткені қазақ тілінің үндесім дауыстыларын кирил үлгісімен жеке-жеке таңбамен белгілеу қажет болады. Ол үшін кейбір дауысты таңбалардың үстіне қосалқы белгі қондыруға (немесе қосақ таңбалар пайдалануға) тура келеді (1.1 кесте). Қазақ әліпбиінің бұл үлгісін ұлттық жоба деп отырмын. Өйткені қазақ дыбыстарының әрқайсысына тән өз таңбасы бар. Сондықтан компьютер түйметақтасына біршама сиымтал емес, арнайы бағдарлама керек болады. Оның үлгілері неміс, француз, испан т.б. тілдерінің жазуында бар. Европа тілдерінде қасалқы белгілер немесе екіден-үштен қосарлап белгілеу кеңінен пайдаланыла береді, себебі олардың сөзінде бір дыбыстың сөз құрамында екі рет кездесуі - өте сирек құбылыс. Ал біздің тіліміз - жалғамалы (агглютинатив) және үндесім (сингармонизм) тіл. Мысалы, бір дауысты бір сөздің құрамында бірнеше рет кездесе беретін болғандықтан, олай ете алмаймыз. Өйткені бір сөздің ішінде қосалқы (диакритик) таңбалы немесе қосақ таңбалы дауысты-дауыссыз бірнеше рет қайталанып жатса, жазу дағдысын былай қойғанда, көзтанымға ауыр болады.
Әлімхан ЖҮНІСБЕК, «Қазақ жазуы:
төл дыбыс – төл әліпби», 2013 ж