XIII. Әліпби ауыстыру жазу реформасына айналу керек
14.3. Ал біз болсақ, сол латынға бұрын өткен республикалардың тәжірибесін байқап алуымыз керек болды. Ондай жоспар А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен Астанадағы Түркі академиясында орындалды, орындалып та жатыр. Олар жіберген қатені біз қайталамауымыз керек. Ол үшін, бірінші кезекте қазақ тілінің төл дыбыс құрамын қоспасыз, таза күйінде анықтап алуымыз керек (қазақ тілінің төл дыбыс құрамы бізде әлдеқашан анықталып қойылған, жоғарыдағы Институт қоржынында дайын тұр).
14.4. Мәселе - «айтулы қырық екімен» байланып қалған көпшілік санасын оятып, «өзіміздікі деген – мынау, өзгенікі деген – анау» деп, түсіндіріп алу. Біздің ойымызды дұрыс түсінген жөн. Өйткені басқаларды былай қойғанда, қазақ тілі пәнінің мектеп мұғалімдері мен жоғары оқу орындары оқытушыларының өздері төл дыбыстардың басын ажыратып ала алмай жүр. Кірме әріптерді «дыбыс» деп жазып беріп отырған оқулықтар мен «дыбыс» деп оқытып отырған мұғалім/оқытушылар әлі баршылық. Әрине, бұл олардың кінәсі емес. Мектептен бастап, жоғарғы оқу орнын бітіргенше бір ғасырға жуық «қазақ тілінде 42 дыбыс (әріп) бар» деп тоқпақтай берсе, кімде болса сеніп қалады. Сеніп қалған соң бұрыстың өзі дұрыс көрініп, дұрыстың өзі бұрыс көрініп жатады. Біз бәріміз қазір осы күйді бастан кешіп отырмыз. Өз ағайындарымыздың өзінен қазақтың бар дыбысын жоқ деп, жоқ дыбысын бар дейтін уәжді әлі көп еститін боламыз. Құлақ үйренген орыс тілінің дыбыстарынан, көз үйренген орыс тілінің әріптерінен арылтып алу оңай болмайды. Тағы да қайталайық, «айтулы 42-ден» айрылсақ далада қалатындай сезінеміз.
14.5. Сонымен, бірінші кезекте, мамандар анықтап берген қазақ тілінің төл дыбыс құрамын танып-біліп, оны бәріміз түгел мойындауымыз керек. Соған лайық айтылым/жазылым емле-ережені меңгеріп алуымыз керек.
15. Ең жақсы жазу деп ереже-ескертпелері мейлінше аз жазуды айтады. Ондай жазу үлгісі тілдің төл дыбыстары мен төл таңбалар үйлесімін тапқанда ғана құрастырылады. Ендеше, әліпби құрамы дұрыс анықталып, оның таңбалары қазақы реттелсе, емле-ережені жөнге салудың төте жолы ашылады. Сауат ашуды тек сауатты жазу деп түсінбеген жөн, сауат ашу сауатты қазақы дыбыстаудың да амалы болып табылады. Ал сауатты қазақы дыбыстаудың дағдысы қазақы сауатты жазудың арқасында ғана қалыптасады.
15.1. Қазіргі кирил мен оның емле-ережесі тек тіл бұзар құрал болып отыр, сондықтан оны басшылыққа алған жобалардың дұрысы болмайды. Сонан соң «айтулы 42 әріпті» қамтыған жобаның жолы болмауға тиіс.
Әлімхан ЖҮНІСБЕК, «Қазақ жазуы:
төл дыбыс – төл әліпби», 2013 ж