Жаңалықтар

WorldSkills Almaty-2025: 200-ден астам студент чемпионатқа қатысып жатыр

WorldSkills Almaty-2025: 200-ден астам студент  чемпионатқа қатысып жатыр
Фото: Алматы қаласы әкімдігі 11.04.2025 23:40 390

Алматыда WorldSkills Almaty-2025 кәсіби шеберлік бойынша X өңірлік чемпионаты өтіп жатыр. Оған қаланың 200-ден астам колледж студенті қатысуда, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Биылғы чемпионат Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылы аясында ұйымдастырылып отыр. Бұл бастама техникалық және кәсіптік білімнің беделін арттыруға, сондай-ақ жастар арасында жұмысшы мамандықтарды танымал етуге бағытталған.

Қала әкімдігі Алматыда WorldSkills қозғалысына белсенді қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті. Бүгін жарысқа қатысушылармен қала әкімі Ерболат Досаев кездесіп, қатысушылармен әңгімелесіп, жұмыстарымен танысты.

Ерболат Досаев қала әкімдігі студент жастар арасында жұмысшы мамандықтардың дамуын қолдайтынын және кейбір мамандық бойынша грант бөлу мүмкіндігін қарастырып жатқанын атап өтті. Қала әкімі техникалық және кәсіптік білімнің беделін арттыруға бағытталған мұндай іс-шаралардың маңыздылығын да ерекше айтты.

Сайыс инженерия және IT-ден бастап қызмет көрсету, дизайн, құрылыс және автокөлікті диагностикаға дейінгі көптеген құзыретті қамтиды. Жас мамандар тәжірибелік дағдысын көрсетіп отыр: сантехникалық жабдықтарды орнатады, кабельдік желілерді тартады, электроника жобалау және жинау, мобильді қосымшалар мен графикалық дизайн жасайды, 3D-принтерде бұйымдар шығарады.

Шығармашылық бағытқа да ерекше көңіл бөлінді: қатысушылар киім үлгілерін әзірлеп, витриналарды безендіріп, аспаздық тағамдар дайындап, күрделі шаштараз техникасын орындайды. Байқауға қатысушылар телекоммуникация және автокөліктерді техникалық қызмет көрсету саласында да кәсіби шеберлігін көрсетуде.

Жарысқа қатысушының бірі Алматы құрылыс-техникалық колледжінің 17 жастағы студенті Дмитрий Климов «Сантехника және жылыту» құзыретінде білімі мен дағдысын көрсетуде. Ол колледжде алған білімін күнделікті өмірде де қолданады.

Бізге тапсырма берілді, мен радиатор орнатып, пешті қостым, раковина, унитаз және кәріз жүйесін орнаттым. Бұлардың бәрін бізге колледжде үйретеді. Сантехника бағытын саналы түрде таңдадым, себебі бұл сұранысқа ие әрі болашағы бар сала деп санаймын. Өз білімімді үйде де қолданамын. Бірде үйде унитаз бұзылып қалды, оны өзім жөндедім. Анам шебер шақыртудың қажеті болмағанына қуанды, - деді Дмитрий Климов.

Тағы бір қатысушы Бота Эрденбаэр оқуын телекоммуникация саласындағы нақты жұмысымен ұштастырып жүр және болашақта провайдерлік компания ашуды армандайды. Ботаға бұл салаға қызығушылық жасөспірім шағында-ақ пайда болған, ол кезде интернеттің қалай жұмыс істейтініне қызыға бастаған.

Салада мамандар тапшы, ал білікті кадрларға сұраныс өте жоғары. Көп адам осы мамандыққа қызығушылық танытса деймін. Мен еңбек нарығындағы бағамды қазірдің өзінде сезініп отырмын – бұл әлі бастамасы ғана. Колледжде оқып жүріп, бос уақытымда жүйе әкімшісі болып жұмыс істеп, ақша табамын. Болашақта IT-компаниямды ашқым келеді, - деді Бота Эрденбаэр.

Байқау жұмыстарын 500-ден астам сарапшы мен жұмыс беруші бағалайды. Жеңімпаздар осы жылдың 14 сәуірінде анықталады. Марапаттау рәсімі сол күні Оқушылар сарайында өтеді.

Сарапшының бірі Таңшолпан Төлендиева техникалық ғылымдар магистрі әрі оқытушы. Ол автомеханика саласындағы санаулы әйел маманның бірі. Алматы әкімдігінің қолдауымен Төлендиева Германияда тағылымдамадан өтіп, EuroSkills чемпионатының сарапшысы атанды.

Студенттер тапсырмаларды толық орындайды. Үш жыл ішінде біз оларға механиканың негіздерімен қатар заманауи технологияны да үйретеміз, осылайша түлектер еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болады. Мысалы, қатысушылар поршень сақиналарын ауыстырып, қозғалтқышты бөлшектеп-жинаумен, беріліс қорабымен жұмыс істеумен айналысады, сондай-ақ, шын автокөлікке диагностика жүргізіп, ақауларды жояды, – деді колледж оқытушысы, EuroSkills халықаралық сарапшысы Таңшолпан Төлендиева.

Чемпионат аясында кәсіби бағдар беру жұмыстары да белсенді жүргізілуде: 15 мыңнан астам мектеп оқушысы іс-шараға қатысып, жұмысшы мамандықтар бойынша оқуға өтініш берді.

Бүгінде Алматыда 88 колледж жұмыс істейді, онда 85 мыңнан астам студент оқиды. 22 мемлекеттік колледжде жұмысшы мамандарды даярлау толығымен қала әкімдігі есебінен қаржыландырылады.

Айта кетейік, WorldSkills Almaty-2025 чемпионатының жүлде қоры шамамен - 10 миллион теңге. 30 негізгі құзырет бойынша жеңімпаздарға ақшалай сыйлық табысталады: I орынға — 150 000 теңге, II орынға — 100 000 теңге, III орынға — 50 000 теңге.

Салтанатты марапаттау рәсімі 14 сәуірде Оқушылар сарайында өтеді. Өңірлік кезең жеңімпаздары WorldSkills Kazakhstan-2025 республикалық чемпионатында Алматының атынан қатысады. Топ жарып, үздік атанғандар 2026 жылы Шанхайда өтетін халықаралық чемпионатта Қазақстанның намысын қорғайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға